Құрметті маңғыстаулық өндіріс еңбеккерлері!
Қымбатты «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының ұжымы!
Баршаңызды “Жетібаймұнайгаз” өндірістік басқармасының құрылғанына 50 жыл толған мерейтоймен құттықтаймын.
Бұл айтулы дата еліміз үшін маңызды да мәртебелі мерейтойдың бірі деп білемін. Аталмыш мерекеге орай барша мұнай-газ саласының қызметкерлері мен жалпы жұртшылықты шын жүректен құттықтаймын.
Кең байтақ Қазақстанның батысында, киелі Маңғыстау жерінде Жетібай кен орны ел ырысы мен игілігіне айналғанына биыл жарты ғасыр толып отыр.
Маңғыстау топырағы – қазақ батырлары мен ақындары, билері мен шешендері, өнер мен спорт тарландары шыққан шежірелі өлке. Сонымен қатар, Қазақстанның батыс өңірі елімізде Бекет-ата, Шақпақ-ата, Шопан-ата мешіттері және ашық аспан астындағы тарихи-мәдени ескерткіштерімен де жақсы таныс.
Бұл өңірдің белсенді азаматтары бойындағы ашықтық пен іскерлік арқасында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы артып, өндірісі қарқынды дамуда.
Ел экономикасының қуаты – мұнай өндіру осы өңірдің үлесінде.
Егеменді елімізді дамытуға Маңғыстау аймағы, оның ішінде Жетібай кен басқармасы да өзіндік үлес қосуда.
Түбекке барлаушылардың табаны алғаш рет 1958 жылы тиді. Көп жылғы зерттеулер мен топшылаулар, ғылыми ізденістер мен табандылықтың арқасында Жетібай кен орнын тауып-танып, халықтың игілігіне басты байлығымыз беріле бастады. Осы жолда ерен еңбек сіңірген Д. Үсенов, Р. Сағындықов, Х. Бейсеуов, А. Аяғанов, С. Қаналиев, Л. Еңсегенов, Б. Бәшенов, А. Бөлекбаева, Н. Нұржанов, М. Жолболдин, Ж. Лұқпанов, М. Құсайынов, М. Төлеуғалиев есімді азаматтардың атын атап ерекше өткен абзал. Олардың есімдері кәсіпорынның ғана емес, Қазақстан мұнай тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылды.
Біздің еліміздің күретамыры саналып, экономикамыздың қарыштап дамуына «қара алттынның» қосар үлесі зор. Бабаларымыз қорғап кеткен жер байлығы арқасында қазіргі таңда түрлі өндіріс орындары дамып, тың технологиялар өндіріске енгізілуде. Халықтың жағдайы жақсарып, бақуаттылығы арттуда. Бұл тұрғыда «Жетібай-мұнайгаз» өндірістік басқармасы ұжымының еңбегі орасан екенін атап өткен жөн. Мұнайшылардың жылдың төрт мезгіліндегі қажырлы қызметтерінің нәтижесінде Қазақстанымыз озық мемлекеттердің қатарынан орын сайлауда. Ортақ қазынамызға қаржы құйылып, қарыштап өрлеуге жол ашылуда. Сол себепті маңызды міндетті атқарып отырған мұнайшыларға қазақстандықтардың алғысы зор екені сөзсіз.
Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен қажырлы күш-жігерлеріңіздің арқасында еліміздің өндірісі мен өнеркәсібі жаңа серпінмен даму үстінде.
Айтулы датамен баршаларыңызды құттықтай отыра, алдағы күндері жаңа белестер мен жеңістер тілеймін. Ел игілігі үшін етіп жатқан еңбектеріңіз жана берсін!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі Қ. Бозымбаев
|