Ішкі коммуникация
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының ішкі коммуникациялар Ережесіне сәйкес әр тоқсан сайын компания басшысының қызметкерлерді жеке мәселелер бойынша қабылдауы көзделген. Осыған орай, 20 қазан күні «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Бақыт Алтайұлы Иманбаев қоғам қызметкерлерінің жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдауын өткізді.
2016 жылдың 3-ші тоқсанында басшының қабылдауына 78 қызметкер жазылған. Қабылдауда қызметкерлер тарапынан көтерілген басты мәселелердің бірі - жанұя мүшелерін, соның ішінде зейнекерлік демалысы жақындаған мұнайшылардың балаларын өздерінің орнына компанияға жұмысқа алу болды. Аталмыш мәселе бойынша Б.Иманбаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамының Ұлттық компанияға қарасты кәсіпорындарында шеттен адамдарды жұмысқа алуға мораторий жарияланғанын, мораторий біткенше осыған байланысты Копанияға жұмысқа алу мәселесін шешу мүмкін еместігін, алайда тұрмыс жағдайы ауыр отбасыларына Компанияға қызмет көрсетіп отырған аутсорсингтік компанияларға жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылатынын айтты.
Сондай-ақ кездесуде мұнайшылар жанұялық жағдайына, денсаулығына байланысты компания ішінде жұмыс орнын алмастыру, тұрмыстық жағдайына байланысты материалдық көмек, біліктілігіне сәйкес кәсіби деңгейін бағалау, лауазымын жоғарлату мәселелерін көтерді.
Бас директордың қабылдауына келген әрбір қызметкердің көтерген мәселесінің біразы сол жерде шешілді, ал лезде шешілмейтін, қосымша анықтауды талап ететін өтініштер бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді.
Басшылардың қызметкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдау – ішкі коммуникация құралдарының жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында ашық диалог орнатуға, сол арқылы Компания ұжымындағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға арналған құрал. Осындай игі шаралар, Компания ұжымын берекелі үйлесімде еңбек етіп, жоғары жетістіктерге жетуге, жаңа биіктерді бағындыруға жетелейтіні сөзсіз.
|