Жағымды жаңалық
Осыдан шамалы уақыт бұрын өздеріңізге Компаниямызға қайырымдылық көмек көрсету жөнінде келіп түскен хаттарға байланысты қызметкерлер тарапынан қаражат жинау жұмысын жүйелендіру, мұнайшылар шапағатын мейлінше көп адамға жеткізу үшін мұнайшылар атынан қайырымдылық қор құру жөнінде ұсыныспен шыққан болатынбыз. Нәтижесінде, ұсынысымыз қызу қолдау тауып, қайырымдылық қорын құру-тіркеу жұмыстары басталып та кеткен еді. Енді міне осы қор «Мұнайлы өлке» деген атпен құрылды, жұмысын бастауға дайын.
Қордың жалғыз мақсаты - мұнайшылар тарапынан ерікті түрде жиналған қаражат есебінен өңіріміздегі аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, мүгедек, дертті адамдарға, жалпы мұқтаждың күйін кешкен азаматтарға көмек қолын созу, жәрдем ету, өзіміздің арамызда қиын жағдайға түскен әріптестеріміз болса, сол кісілердің жоғын түгендеп, кетігін толтыру.
Көп түкірсе, көл болады демекші, қорға бір адамнан аударылатын қаражаттың да көлемі аса көп емес, не бары 1000 теңге. Яғни сіз айына 200 000 теңге жалақы алсаңыз соның 1000 теңгесін, жылына 12000 теңгені қайырымдылыққа жұмсап, үздіксіз садақа беріп, жетімнің басынан сипап, міскіннің жүрегін жалғап, науқастың шипасын табуына септігіңізді тигізесіз.
Қор өз жұмысын толықтай ашық әрі таза жүргізуге міндеттенеді. Қорға түскен қаражат Компания қызметкерлерінен құралған Қамқорлық кеңестің бірауызды шешімімен ғана жаратылатын болады. Жұмсалған ақша мен атқарылған жұмыс жөніндегі есеп тоқсан сайын «Мұнайлы өлке» газетінің бетінде жарияланып тұрмақ.
Ендігі қадам – жалақыңыздан ерікті түрде жарна ретіндегідей ақша ұстау туралы арыз толтырып, қор әкімшілігіне тапсыру. Осы арқылы, қашан да қайырымдылыққа немқұрайлы қарамайтын сіз бен біз, мұнайшылар, ежелден жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ата-бабамыздың өнегесін жалғап, тағдырдың талқысын кешкен замандастарымыз бен қандастарымыздың ауыр жүгін кішкене болса да жеңілдетуге мүмкіндік аламыз. Бизнесті жоспарлау және экономикалық анализ, геология және кен орындарын игеру, жұртшылықпен байланыс департаменттері қызметкерлерінің бір ауыздан қолдау көрсетіп, арыз беру жұмыстарын бастап кеткені қуантады! Сіз де осынау мұнайшылар ауызбіршілігі мен жанашырлығын айшықтайтын абыройлы істе жанымыздан табыласыз деп сенеміз?!
Арыз үлгісі мен қосымша ақпарат үшін 212-601 нөміріне хабарласуға болады.
Құрметпен,
«Мұнайлы өлке» қайырымдылық
қорының әкімшілігі |