Партия тынысы
Қыркүйек айының 21-жұлдызы күні «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының өндірістік басқармасына қарасты орталық өндірістік қамту базасы ғимаратында «Нұр Отан» партиясы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ» бастауыш партия ұйымы мүшелерінің кездесуі өтті. Кездесуге бастауыш партия ұйымы төрағасы Ғ.Әбдісадық, бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары, Қ.Иманқұлова қатысты.
Басқосудың негізгі мақсаты - қызметкерлерге партия мен оның қызметі туралы тұщымды ақпарат беріп, олардың азаматтық белсенділігін ояту арқылы партия қызметін жандандыра түсу болатын.
Кездесу барысында сөз алған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ғ.Әбдісадық партия тарихы мен оның бүгінгі күні жүзеге асырып жатырған қызметі мен жобалары жөнінде кеңінен тоқталды. Партияның бүгінде азаматтардың, түрлі әлеуметтік топтардың саяси еркін білдіретін, олардың мүдделерін мемлекеттік биліктің өкілдік және атқару, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қорғайтын және оларды қалыптастыруға қатысатын Қазақстан Республикасы азаматтарының еркін бірлестігіне, еліміздің басқарушы партиясына айналғанын тілге тиек ете келе кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, сөз соңында партия мүшелерін белсенді болуға, «Ырыс алды - ынтымақ» деп, ауызбіршілікке, партия қатарын толықтыруға шақырды.
Өз кезегінде бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары, Қ.Иманқұлова «Нұр Отан» - халықтың партиясы! Құрамында бір миллионнан астам мүшесі бар, үлкен мүмкіндіктердің есігін ашатын, алып саяси күш иесі» деп, партия мүшелерін енжарлықтан қашып, белсенділікпен партия қызметін жандандыруға үгіттеді.
Осы бағыттағы кездесулерді Қоғамның барлық бөлімдерінде кезегімен өткізу жоспарланған. Елбасы саясаты мен оны жүзеге асырудағы партия қызметі мен оның әрбір мүшесінің рөлі туралы толық ақпараттанып, Партия қатарын толықтыра түседі деп күтілуде.
|