Жаңажылдық лебіздер
Жыл келді,
Қуанышпен өтсе игі еді.
Жоғалып жамандықтар кетсе игі еді.
Аңсап жүрген, жете алмай шаршап жүрген,
Аққанат қуанышым
Жетсе игі еді!!
... Жаңа жыл жетті, тағы! Үлкен де, бала да Жаңа Жылдан таңғажайып қызықты, жүрек жарды қуанышты күтеді. Үмітін үкілейді, арманына қанат байлайды! Оттың басында, ұядай жып-жылы шаңырағында үй-орманымен: ел аман, жұрт тыныш, ата-ана бақуат, перзент – бауырда, «айхой» көңілмен отыратын базарлы шаққа не жетсін?! Қазақтың қазанына ас саламыз деп түн қатып, күн шабуылдап жүретін мұнайшы әріптестеріміздің – «маңғыстаумұнайгаздықтардың» Жаңа Жыл алдындағы көңіл-күйі, тілек-ниеті қандай? Біздің мұнайшылар Жаңа Жыл туралы өз ойларын «Мұнайлы өлке» газеті тілшілерімен бөлісіп, әріптестерін келе жатқан Жаңа Жыл мерекесімен құттықтады.
Біздің тілшілерміз Жетібай кенорнынан:
Гүлмира Жиенбаева
«Жетібаймұнайгаз» ӨБ ӨЖҒЗЦ 3-дәрежелі операторы
– Менің түсінігімде – Жаңа Жыл отбасылық мереке. Үлкен дастарханның басында бүкіл ағайын-бауыр жиналғанын жақсы көремін. Жыл бойғы қуанышты оқиғаларды айтамыз, жеткен жетістіктерге шүкіршілік етеміз, балалардың болашағына жоспар құрамыз. «Қара қазан, сары бала қамы үшін» деп өмір сүретін қазаққа осыдан артық бақыт бар ма?! Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Гүлмира Жиенбаева жылдың алғашқы мерекесі туралы осылай дейді.
Гүлмира 1966 жылы Атырау облысы Доссор қаласында дүниеге келген, қазіргі күнде Жетібай кенорнының табанды қызметкері. 1985 жылы Маңғыстауға қоныс аударған мұнай саласындағы еңбек жолын осы өңірде бастаған. Мұнай өндіру ісі мен оны дайындау қондырғыларында жұмыс тәжірибесін жетілдіріп, 2002 жылы өндірістік жұмыстарды ғылыми зерттеу цехына зерттеу операторы болып ауысқан екен. «Жаңа 2018 жылы бұл жерде еңбек еткеніме 32 жылдай болады. Ел экономикасының күретамырына айналған мұнай-газ саласында қызмет ететінімді мақтан тұтамын», – деп жылы жымиған Гүлмира Жиенбаеваның қимылы тым ширақ.
Гүлмира өскен әулетті әріптестерінің «мұнайшылар династиясы» деп атайтыны бар. Айтса айтқандай, әкесі Сатыш мен анасы Қалампыр Доссор мұнай кәсіпшілігінде ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Кейін туған апасы Алтын да осы мұнай саласына бет бұрды. Жолдасы Амандық Қайырбаев бұрын «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы №2 цех бастығының орынбасары қызметін атқарса, қазір «Қарақұдықмұнай» компаниясында жасайды. Олардың әрқайсысының еңбек жылдарын бір санға біріктірсе, ғасыр айналары сөзсіз.
Г.Жиенбаева еңбек ететін цех бригадалық құрамда жұмыс жасайтын болғандықтан, әр жұмысшы өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Маңғыстаудың желі, аптап ыстығы мен аязында белі қайыспай, еңбек етіп жүрген аяулы жандардың ерлігі сан кітапқа арқау болары анық. Елдің несібесін молайтып, отбасындағы жылылықтың жанашыры болған Гүлмира Сатышқызының келер жылдан да үміті мол.
- Өткен жылға өкпе жоқ, табысты жыл болды. Әйтсе де, жақсылыққа жаны құмар халықпыз ғой. Әне-міне табалдырығымыздан аттағалы тұрған ит жылы барша мұнайшыларға, маңғыстаулықтарға бақыт әкелсін, – деп ізгі тілегін арнады.
Жер-ана берген байлықты ысырап етпей, ел игілігіне жарату – біздің кейіпкеріміздің басты міндеті. Бала күнгі арманы орындалып, ол мұнай өндіру саласында 21 жылдан бері қызмет етіп келеді. Әкесі мен ағаларының ізін жалғаған сұхбаттасымыз - №1 цехтың 5-дәрежелі операторы Ерлан Чанчаров.
– Керемет бір жақсы нәрседен үміттеніп, әсіресе, кішкентайлар жүрегі үлпілдеп күтетін Жаңа Жыл жалт-жұлт еткен шыршамен, жарқ-жұрқ еткен отшашумен, мандариннің бұрқыраған хош иісімен, бенгаль оттарымен әр үйге енеді. Жаңа Жылды қалай қарсы алсаң, жыл солай өтеді деген наным бар. Сенсең де, сенбесең де сол. Сондықтан болар осы мейрамның қуанышпен есте қаларлықтай өткенін жақсы көремін, - дейді ол.
Ерланның міндеті - мұнай өндіру тәсілдерінің барлық техникалық процестерін жүргізу, құрылғы механизмдерін құралдау, сондай-ақ, өндірілген өнімді автоматты топтық өлшеу құрылғысы арқылы өлшеу, ұңғымалардан сынама алу және тербелмелі станоктардың қалыпты жұмысын қадағалау. Жаңа Жыл алды қарбаласта да ол сол әдеттегідей өзінің бақылауындағы 61 ұңғыма басында.
- Кен орны алаңындағы барлық өнім беру ұңғымалары автоматты түрде бақыланып отырады. Өнім беру көрсеткіші төмендеген жағдайда немесе ұңғымалардың тербелмелі қозғалтқыштары істен шыққанда бақылаушы оператор міндетті түрде хабарласып, сол ұңғыманы тексеруімізді талап етеді. Ұңғымалардың ақауларын анықтау әр кезде әртүрлі болады. Ақауды тапқан кезде оның қайтадан қалыпты жұмыс жасауы үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деп ағынан жарылды Ерлан Чанчаров.
– Қазір, Құдайға шүкір, мұнайшыларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Тегін медициналық көмектер, әлеуметтік төлемақылар қарастырылады. Мұнайшыларға жіті көңіл бөліп отырған Компания басқармасына, өндірістік басшыларға алғысымыз шексіз.
Үш баланың әкесі, ұжымында абыройлы азаматтың Жаңа жылдық тілегі - келер күннің берекесі мен мерекесінің толастамауы.
... Еңбекпен есейген мұнайшылардың алдағы жылға жоспарлары да аз емес. «Бүгінгі күнге дейін мұнай өндіру көлемін көрсетілген межеден кем тапсырған емеспіз. Келер жылда осы жұмыс қарқынын одан әрі ұлғайта түсетінімізге сенімдіміз. Жаңа Жыл елімізге табыс, береке, игілік әкелсін» деп түйіндеді жетібайлық мұнайшылар.
Өткен жылды абыроймен қорытындылап, Жаңа Жылға тоқ көңілмен аттаған әріптестеріміздің бірі - БКНС-1, яғни сору стансасының машинисі Сұлтан Төлегенов.
– Ұжымда 3 адам жұмыс істейміз. Мұнайдың суын, майын, температурасын қадағалап, диспетчерге дер уақытында мәлімет беріп отырамыз. Тәулігіне 150 градус температурада 6000 текше метр су айдаймыз, – деп әңгімесін бастаған Сұлтан Төлегеновтың артынан ілестік.
Сору стансаларына жақындаған сайын гүрілден құлақ тұнды. Жұмыс кестесінен жаңылмаған ол қызметін мүлтіксіз орындап, біздің тілшілерге де уақыт тапты.
– №2 қабат қысымын ұстау цехы көз алдымда дамып кеңейді. Жаңа құрылғылар келіп, жұмыс әлдеқайда жеңілдеді. Бұрын күзет қызметінде жасадым, кейінірек осы цехқа ауыстым. Күзет қызметінде вахталық әдіс болғандықтан, Жаңа Жылды үнемі жұмыс басында әріптестеріммен түзде қарсы алатынбыз. Биылғы Жаңа жылды өз отбасымда, өз шаңырағымда жақындарымның ортасында қуанышпен, жайдарлы көңіл-күймен қарсы аламын деп ойлаймын. Ескі Жылды шығарып салып тұрып, барлық өткен-кеткенге тәуба айтамын, 2018 жылдан тек жақсылық күтемін: біздің компаниямыз өсіп-өркендей берсе, кәсіби шеберлігіміз шыңдала берсе, шыңдалған сайын жалақымыз өссе, көңіл тоқ, алаңсыз өмір болса. Жаңа Жылда барлық жанға – әріптестеріме, жақын-жуығыма мықты денсаулық, отбасы амандығын тілеймін, – дейді Сұлтан Қыдырқожаұлы.
Ерболат Ещанов
«Қаламқасмұнайгаз» ӨБ №1 МГӨЦ техник-геологы
Биыл «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы атынан мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың қоғам өміріне белсенді араласып, әр салада өз кәсіби шеберлігін көрсетіп жүрген жалынды жастарды ынталандыру мақса-тын көздейтін «Ақтау қалалық жастар сыйлығы» байқауына түскен болатынмын.
Сайысқа түскен үміткерлерден 11 аталым бойынша жеңімпаз таңдалды. «Жас көшбасшы», «Жас ақын», «Жас мұғалім», «Жас журналист», «Жас спортшы», «Жас ғалым», «Жас мемлекеттік қызметкер», «Жас әскери қызметкер» атақтарын оза шауып, жүйрік шыққан жастар қанжығасына байлады. Аталған байқауда «Жас мұнайшы» аталымы бойынша жастар сыйлығына лайық деп танылуым – бүкіл ұжымыма арналған марапат деп білемін. Өндіріс процесіне жан-жақты баулып, кәсіби тұрғыдан өсуіме қолдау көрсеткен ұжымыма алғысым шексіз. Сондай-ақ компанияның жас мамандар Кеңесі, қоғамдық өмірдің белортасында жүрген Бауыржан Ходжаев, Абдислан Наурызбаев, Шыңғыс Әбдіров сынды жас әріптестеріммен қуанамын. Қатарларынан ілгері оздырған компания жас мамандарымен бірге талай белестерді бағындыратынымызға сенемін.
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы мұнайшыларына Жаңа Жыл жаңа жетістіктер мен мол табыстар әкелгей!
Абдол Бижанов
«Жетібаймұнайгаз» ӨБ №1 МГӨЦ слесарь-жөндеуші
Жаңа жыл - жүріп өткен бір жылға баға беріп, жаңа бастамалар мен ізденістерге тың қадам жасайтын, жақсылыққа ұмтылатын ерекше мереке. Өтіп бара жатқан жыл маған ерекше қуаныш сыйлады. Мұнай-газ кешенінің отыз мамандығы бойынша үш мыңға жуық жұмысшы бақ сынасқан республикалық «Үздік маман-2017» байқауынан жеңіп шығып, Компания намысын қолдан бермедім. Республикалық көлемде сайысқа қатысу – көңіл толқытарлық жағдай. Мен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның, ұжымымның абыройын асқақтатқаныма өте қуаныштымын.
Мен еңбек ететін «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы №1 мұнай және газ өндіру цехы өлкенің ғана емес, қазақ елінің мұнай өндірісі тарихының басында тұрған тарихи ұжым. Цехтың денін жастар құрайды. 2017 жылдың қорытындысымен компаниядағы жастар саясатын жүзеге асырудағы озық көрсеткіші үшін біздің цех «Үздік цех» атағын жеңіп алдық. Биыл менімен бірге Сәкен Сәметдинұлының жүлделі орыннан көрінуі де, ұжымдастарым Талғат Жақыпов, Жарас Ходжаев, Байсары Дүйсенбаев, Жомарт Құдайбергенов сияқты білікті жас мамандардың белсенділігі де, цех басшылығының жастарды қолдауы да бұған себепкер болғанын ерекше атап өткім келеді.
Жаңа жыл отбасыларыңызға жылдың жақсылығын әкелсін! Әрқайсыңызға бақ – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа – бақыт пен шаттық тілеймін. Жаңа Жыл құтты болсын, қымбатты әріптестер!
Гүлжан Оңғалиева
«Жетібаймұнайгаз» ӨБ әлеуметтік мәселелер жөніндегі жетекші маман
- Өтіп бара жатқан 2017 жыл - Елбасы жариялаған Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан ғылым мен білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасының жылы.
Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы баба тарихқа жанашыр, өлкенің тарихи және мәдени мұраларын қорғау, сақтауға келгенде әрдайым елгезек жетібайлық мұнайшылардың көңілін марқайтқан ізгілікті іс болды.
Мұнайшылар тарапынан «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты кен орындарға жақын орналасқан «Бектұрлы», «Қырғын», «Жетібай» қауымдарын, сондай-ақ, Маңғыстау ауданы Сай-Өтес елді мекеніне жақын орналасқан «Дауыл» қорымдарындағы тарихи жәдігерлерге қамқорлық шараларының алынуы елдік шаруаға қосқан үлес деп білемін.
Өндіріс басшылары Жолдасбек Ешманов, Алданбай Сисенов, Бақтыгерей Дусупов, Қалмұрза Бүркітов ауыл әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс жасай отырып, Мырзабек Айтбай жетекшілік ететін пайдаланыстағы жабдықтарды прокаттау және жөндеу цехының жұмысшыларымен бірге қоршау орнатты, қорым маңайын күл-қоқыстардан тазартты. Қол күшін қажет ететін жұмыс бір-екі адаммен бітпейтіні анық. ПЖПЖЦ жігіттері -дәнекерлеушілер А.Байгазиев, Ж. Шандиев, А.Кульджанов, газбен кесушілер С.Ибекбаев, М.Аманғали, А. Жарков және тағы да басқа цех жұмысшыларының күшімен тындырылған жұмысқа көпшілік ел дән ризашылығын білдіріп, алғыстарын жеткізді. Алдағы уақытта да жалғасын табатын игі шараға әріптестерімнің бір кісідей атсалысатындарына сенімдімін. Ұжымдастарымды келе жатқан Жаңа Жыл мерекесімен құттықтаймын! Мақсаттарыңызға жетіңіздер, сіздерге жаңа кәсіби жетістіктер мен жеңістер, барлық бастауларыңызға сәттілік тілеймін!
Гүлжанат Сбанкулова
Ақтау қаласындағы «MEDITERRA» заманауи медициналық орталық филиалының директоры
Құрметті «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының ұжымы!
Сіздерді келе жатқан Жаңа 2018 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа Жылда жағымды жаңалықтар мен толағай табыстар тілеймін! Әрбір игі істеріңізге, жаңа бастамаларыңызға сәттілік серік болып, отбасыларыңызда әрдайым баянды бақыт пен бақ-береке орнасын!
Алдымызда үлкен жоспарлар мен межелі мақсаттар күтіп тұр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлығымыз бірігіп, көптеген асуларды бағындыра аламыз. Тұрғындарымызға бағытталған медициналық көмектің қолжетімділігін және сапасын жақсарту, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру сынды басты мақсаттарды орындай отырып, еліміздің медицина саласының дамуына да үлес қосатынымыз хақ. «Тәні саудың – жаны сау» деген аталы сөзді негізге ала отырып, тәннің саулығын сақтау, кез-келген аурудың алдын алу біздің қоғам алдындағы борышымыз. Себебі, адам денсаулығы – қоғам байлығы. Келешек ұрпақтың жарқын болашағының негізгі кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру – біздің басты дәрігерлік парызымыз. Үнемі халықтың бізге деген сенімін арттыра отырып, оларға қажетті кәсіби көмек бере алатынымызды дәлелдеп, қалтқысыз қызмет етуіміз қажет.
Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Ауызбіршілігіміз берік болып, жарқын болашаққа деген сеніміміз нығая берсін! Жаңа Жыл – бірлік пен татулықтың жылы болсын! Әр жанұяда ырыс пен береке орнап, жаңа жыл жақсылығымен келсін. Барша Қазақстандықтарды Жаңа Жылмен құттықтаймын! Аспанымыз ашық, денсаулығымыз мықты болсын!
Нәпиға Медетбаева
«Жетібаймұнайгаз» ӨБ №1 МГӨЦ операторы
Менің өндірістегі еңбек жолым 2017 жылмен аяқталып отыр. Жаңа 2018-жылды бейнетті еңбек пен төгілген маңдай тердің зейнетін көру қызығымен қарсы алып отырмын.
Зейнетке кетер алдында ұжымыма баспасөз арқылы жүрекжарды лебізімді жеткіземін. Үйренісіп қалған ұжыммен қоштасу жеңілге соқпайтыны рас екен. Өмірімді өндіріс саласына арнап, мұнайшылықты таңдаған тағдырыма разымын. Барлық әріптестеріме, ұйымшыл ұжым басшыларына көп жылдар бойғы қатар жүрген жылдарым үшін алғысымды білдіремін. Жылдар өткен сайын өмірде болған оқиғалар, кездескен, жұмыстас болған кісілеріңмен бірге өткізген күндер, атқарылған істер жүрек төрінен өшпестей орын алатыны сөзсіз. 40 жылға жуық қызметте кәсіби қалыптасып, өзіміз шәкірт болдық, есейе келе талай шәкірттің қанатын қатайттық десем артық айтқандық болмас. Еңбегім еленіп, алғыс марапаттар алғаным да бар. Осыншама тынымсыз еңбектен кейін демалып, күш жинап, жаныма жақын жанұяма көп көңіл бөлсем деймін. Рухани азық жинап, кітаппен достығымды күшейтемін деген ойым да жоқ емес әзірге.
Маған берілген мүмкіндікті пайдалана отырып мен өндірісте еңбек етіп, қоғамның дамуына барын салып жүрген барша ұжымдастарымды Жаңа Жыл мерекесімен құттықтаймын! Алдағы атқарар еңбектеріңіз өнімді болғай! Табыс пен сәттілік тілеймін, Сіздерге!
Шамшадин Енсегенов
«Қаламқасмұнайгаз» ӨБ, КМДжӨЦ 4-дәрежелі тауар операторы
- 2017 жылдың айдарын айрықша желбіреткен ел өміріндегі іргелі шара - «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі, оған өзіміздің «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамынан 1500 мұнайшы мен 2000 бала қатысуы. Ескі жылдың еншісінде кетіп бара жатқан айтулы оқиғаның бел ортасында болған маған бұл жыл керемет әсермен есте қалды. Компаниям тек маған емес, ұл-қызым Ақтолқын мен Айболдың қатысуына мүмкіндік беріп, бүкіл әлем көз тіккен ауқымды шараны көрулеріне себепкер болды. 15-ке жуық елдің павильонын тамашаладық. Әсіресе, сегіз қабаттан тұратын «Нұр Әлем» ұлттық павильоны ерекше ұнады маған. ЭКСПО маман-дандырылған көрмесін тамашалауға барлық жағдайды жасаған және қатысуға ықпал еткен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасына, «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының бастығы Нұрпейіс Сәрсенбайға, сонымен қатар 2005 жылдан кешенді мұнай дайындау және өткізу цехында бірге еңбек етіп жүрген цех басшылары Саясат Еділбаев, Батырхан Қуанбай маған сенім артқандары үшін алғысымды білдіргім келеді.
Мереке қарсаңында барлық әріптестерімді жаңа 2018 жылмен құттықтай отырып, алдағы жылдың елімізді өркендете түсетін еңбектің жаңа белестерді бағындыратын жеңістері көп болатын берекелі жыл болуына тілектеспін!
Ғани Әбдісадық
«Нұр Отан» партиясы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ» бастауыш партия ұйымының төрағасы
Биыл бірнеше маңызды оқиғаны бастан кештім. Басым бөлігі «өмір кітабымның» жеке парақшасына жазылса, енді бірі кәсіби тұрғыда жаңалық алып келді. Соның ең бастыларының бірі – биыл мамыр айында «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалының Компания жанындағы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ» бастауыш партия ұйымының төрағасы болып сайландым. Иығыма үлкен аманатты, зор жауапкершілікті арттым. Ендігі мақсат – осы сыннан сүрінбей өтіп шығу.
Бастауыш ұйым төрағасының қызметі ауыртпалығымен қатар жаңа белестерді бағындыруға деген мүмкіндігін де ала келді. Десек те, мен үшін бұл қызмет мансап емес, керісінше, Отан алдындағы перзенттік борышымды өтеуде септесетін мықты инструмент, өмірлік тәжірибе.
Келесі есте қаларлық оқиға – Компания жанынан «Мұнайлы өлке» қайырым-дылық қорының құрылғаны болды. Көптен көкейде жүрген мәселе еді. Биылғы жылдың сәуір айында ресми тіркеуден өтіп, шілде айынан бастап жұмыс жасай бастады. Алғашқы 3 айда жиналған қаржыға Ақшұқыр мектеп-лицейінің оқушылары - аз қамтылған 9 отбасы балаларына қысқы киімге, «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ қызметкері сәбиінің еміне және үйі өртенген қоғамдық тамақтандыру бөлімі қызметкеріне көмекке жұмсадық. Қазір қордың тұрақты түрде қайырымдылық жарнасын аударып отырған 133 салымшысы бар. Уақыт өте қатарымыз көбейіп, ауқымды шараларды жүзеге асыратындай жағдайға жететінімізге сенімім нық. «Садақа 70 бәледен қашық етеді» дейді, садақа беріп, «өзгенің ауыр жүгін жеңілдетемін» десеңіз, Сізге де есігіміз айқара ашық!
Жаңа жалдарыңыз құтты болсын! Жаңа жылда жаңа белестерді бағындырып, қатарымыз көбейсін!
Ұлболсын Бектілесова
«Жетібаймұнайгаз» ӨБ «Еңбек Даңқы» мұражайының қараушысы
Қош айтысып бара жатырған 2017 жылды мен «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқарамсының 50-жыл-дығына арналып жасақталған мұнайшылардың «Еңбек даңқы» атты мұражайы қызметкері ретінде қарсы алдым. Менің ойымша, мұражай қызметкері – тарихтың шырақшысы.
«Егер сен тарихыңды ұмытсаң, келешек сені ұмытады» деген даналық бар. Жыл бойы мұражайды еңкейген қарттан жас өскін балаға дейін келіп тамашалауын мұнайшы елдің өз тарихына деген құрметі деп қабылдадым. Жетібай кенорнының елу жылдан аса тарихы боп сөйлейтін әр жәдігерде Маңғыстаудағы әр мұнайшы отбасының тағдыры, ата, әкелерінің өмірінің баяны жатыр. Мұнда Жоғары Мәртебелі Уақыт тоқтап қалған. Тыныштықта мүлгіген көне суреттерде, экспонаттарда, анау май күпәйкі мен шаң сіңген керзі етікте, қол шам мен тек мұнайшының өзі ғана ажырата алатын темір-терсекте жалынды жастық шақ, елдің көсегесін көгертем деген махаббат жатырғанын келуші аталарымыз бен әжелеріміздің көзінен ғана танисың...
Биыл келуші қонақтарымыз көп болды. Мұражайымызға ат басын бұрған-дардың қатарында облыс әкімі Ералы Тоғжанов, парламент депутаты М.М. Бортник, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ вице президенті О.В. Карпушин бар. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңғырған жібек жолы» - атты медиа керуен блогерлері де Маңғыстау тарихынан сыр шертетін мұражайда болып, суреттер топтамасын, өндіріс алаңының макетін, кішігірім мұнай мұнарасы мен Жетібайдың кен орындарынан өндірілген мұнай үлгілерін және т.б. демалатын орындарын тамашалады. Сонымен қатар еліміздің әр облысында оқып жатқан студенттер, Жетібай кентінде бас қосқан жас-жұбайлар да мұражайымызға келіп осы күнге жеткізген ата-бабаларымыздың еңбек тарихымен танысып турады.
«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» - демекші келер 2018 жыл кезекті кереметтермен қуантады деген үміттеміз. Мұражай ұжымының атынан осынау келіп жеткен Жаңа жылмен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Әр адамның жүрегіне арман мен үміт ұялататын Жаңа жыл сіздерге зор денсаулық, мол табыс, құт-береке әкелсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ауызбіршілігіміз берік болып, жарқын болашаққа деген сенім нық болсын. Жаңа 2018 Ит жылы құтты болсын, ағайын!
Сәкен Сисенбаев
техника қауіпсіздігі департаментінің инженер-экологы
Өткен бара жатқан 2017 жылы менің өмірінде болған елеулі оқиға - желтоқсан айында Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы облыстық ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жұмысшы жастар арасында «Жігіт сұлтаны-2017» байқауына қатысуым. Аймақтағы ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындардан қатысқан «сегіз қырлы, бір сырлы» жеті жігіт атқа шабу, садақ ату, сұрақ-жауап және өнер сайыстарынан сынға түсті. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, ақтық сайысқа шықтық. Сахнаға шығуға бар жауапкершілікпен дайындалдым. Рухани жаңғырудың мәні мен маңызын ашу, жастарды мәдени шараларға тарту арқылы, жұмысшы жастардың зияткерлік ойлау қабілетін арттыруды көздеген байқау мен үшін үлкен мектеп болғанын атап өткім келеді. Додаға түсіп, бақ сынаудың оңай емес екенін басымнан өткердім. Оза шапқан өңкей «мен атайын, сен тұр» жігіттерден үйренгенім көп. Бәсекелес жігіттер мықты болды. Олардан қалыспау үшін барымды салдым, өнер көрсетуде ән айтып, атқа да шаптым. «Бастысы қатысу» - дегендей, конкурсқа қатысып көп дос тапқаныма қуаныштымын. |