Кемел келешектің жолында бір мақсат, бір мүддеге жұмылған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұжымының ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығына арнаған шаралар шоғыры мерекеден бірнеше күн бұрын бастау алған еді. Компанияда 11-16 желтоқсан күндері Тәуелсіздік апталығы болып жарияланды.
Апталық аясында Бас кеңседе ұйымдастырылған мерекелік жиынға аталған акционерлік қоғамның басшылары, осы салаға еңбегі сіңген ардагерлер мен мұнайшылар және қонақтар қатысты. Мерекеде жер байлығын ел игілігіне жаратқан мұнайшылардың еңбегі еленіп, жетістіктері бағамдалды.
Салтанатты жиынға жиылған қауым бір-бірін елдік мерекемен құттықтап, арқа-жарқа болды. Кең залға жайғасқан қызметкерлердің қазақы нақыштағы ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киімдері мерекенің сән-салтанатын арттырып, маңызын айшықтай түскендей.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев көпшілікті ел тарихындағы мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
– Құрметті қонақтар, әріптестер! Бүгін біздің ұжым үшін ғана емес, еліміз үшін қасиетті де қастерлі күн. Осыдан 26 жыл бұрын Тәуелсіздіктің тұғыры қаланып, ата-бабаларымыздың аңсаған арманы мен мұраты орындалды. Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, елдігіміздің еңсесі көтерілді. Еліміздің дамуына, көркеюіне «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының ұжымы да өз үлесін қосып, осы жолда тынбай еңбектеніп келеді. Біздің компания мемлекет қазынасына жылына 220-230 миллиард теңгеден астам салық төлейді. Акционерлік қоғамға қарасты Жетібай және Қаламқас кенорындарында жыл басындағы жоспар бойынша 6 млн.350 тонна мұнай өндіруді межелеген едік. Осы жылдың қорытындысында 6 млн. 355 тонна қара алтын өндіріп, жоспарды артығымен орындаймыз деген сенімдемін. Мерейлі мереке құтты болсын! Әр жанұяға амандық, бақ пен қуаныш тілеймін! – деді Бақыт Алтайұлы.
Лебізін білдірген «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Тянь Кэцзянь еңбек ұжымына табыс тіледі. Жиында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев акционерлік қоғамды мерекемен қызу құттықтап, компанияда жетекші партия қатарына қабылданған қызметкерлердің саны 1200-ден 3 мыңға артқанын хабарлады. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаевқа «Нұр Отан» партиясының мәртебесі биік марапаты «Белсенді қызметі үшін» омырау белгісін табыс етті.
Салтанатты сәтте қызу еңбек қарқынын қалыптастырған еңбек адамдарына Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хаты, «Самұрық- Қазына» АҚ Құрмет грамотасы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ естелік белгісі және Құрмет грамотасы, «Маңғыстау-мұнайгаз» АҚ Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Бір айта кететін жайт. Ұжымдық шартқа сәйкес енді марапат-таушылардың жеке шотына дәрежесіне сай қосымша сыйақы аударылатын болады.
Үстіміздегі жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жанынан құрылған жас мамандар Кеңесі жастар саясатын жүзеге асыруда белсенділік танытқан жастарды жігерлендіру мақсатында «Үздік жас маман» және «Үздік цех» аталымдарын жариялаған болатын. Мерекелік жиында осы аталымдардың жеңімпаздары болып танылған – «Қаламқас кештері» жобасы үшін мұнайшы Еділ Бекмұрат және биыл республика деңгейінде «Үздік маман-2017» байқауы жеңімпаздары Абдол Бижанов, Сәкен Сәметдинұлы, сондай-ақ Талғат Жақыпов, Жарас Ходжаев, Байсары Дүйсенбаев, Жомарт Құдайбергенов сияқты белсенді жас мамандар еңбек ететін «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы №1 мұнай және газ өндіру цехы марапатталды.
Жиында «Мұнай-газ кешені қызмет-керлері салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтан Қалиев бірқатар мұнайшыға ҚР Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері», «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалін, «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін және «Мұнай-газ кешені қызметкерлері салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында салалық кәсіподақ ұйымдастырған байқауда «Мұнай-газ өндірісінің озаты» аталымы бойынша жеңімпаз болған мұнайшылар марапатталды. Салтанатты сәтте «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тарғын Мысамбаев қызметкерлерге алғыс хат табыстады.
Сән-салтанатқа толы мерекелік шараны мұнайшы өнерпаздар әсем әнмен әрлеп, күмбір күймен көмкерді. Осылайша, мереке күні ел экономикасының еңсе тіктеуі жолында талмай қызмет етіп жүрген еңбек адамдары ыстық ықыласқа, шадыман шаттыққа бөленді. Әуезді әнмен, жұпар жырмен өрнектелген мерекелік концерттегі рухты әндерді бірге әуелетті...
16-желтоқсан күні Тәуелсіздік Күніне арналған мерекелік шара Асар кенорнында жалғасты.
Компаниядағы биылғы Тәуелсіздік мерекесінің мазмұны терең, әсері ерекше болғанын ерекше атап өткен жөн. Тәуелсіздік апталығы ұжымды бірлікке, барды қастерлеуге, тарихты тереңірек ұғынуға жетелегенін әріптестер жарыса айтып, жақсылыққа жігерлендіріп, көңілдерін көкке өрлеткенін жеткізді.
|