Тәуелсіздік мерекесіне орай өткізілген «Қартқа құрмет – жасқа міндет» атты қайырымдылық акциясында жылдағы дәстүр бойынша жас мамандар Кеңесі мүшелері аймақ мұнайының игерілуіне лайықты үлес қосқан, бүгінде бейнетті еңбектің зейнетін көріп жатқан ардагерлермен жүздесіп, ұлағатты әңгімелерін тыңдады, жағдайларын көріп, арнайы дайындаған сыйлықтарын тапсырды. Осы бір игілікті істің басы-қасында «жақсылықты көрмек үшін» деп біз де жүрдік.
Алдымен Ұлы Отан соғысы ардагері Қамқа Үмбеталина апамызға сәлем бере келдік. Ол кісінің 26 шағын аудандағы 15 үйдің 18-інші пәтерінде тұрып жатқандығына жаңылмасам жиырма жылдан астам уақыт болды-ау деймін. Тоқсанның төртеуіне жетсе де сергектігінен танбаған, сүйегі асыл апамыз, бұл жолы да ұрыста өзі куә болған, көзбен көрген кейбір оқиғаларды сөз етіп, сол кездегі жауынгерлердің бойындағы партиотизм, Отанды қорғауға деген ерлік-жігердің арқасында жеңіске жеткендерін өз өмірінен мысалдар келтіре отырып, қызықты әңгімелеп берді.
-Ер азаматтармен бірге соғысқа қатыстық. Бейбіт өмірде елімізді көркейтеміз, қазба байлықты игереміз деп тер төктік. Қиындықты да көп көрдік, аптап ыстықта, ызғырық боранда, сусыз шөлейтте, жертөлелерде жатып жүріп, мұнай өндірдік. Алған атағым, марапатым бір басыма жетерлік. Еңбегімді бағалап, сый-сияпатын жасап, жағдайымды біліп, қамқорлық жасап келе жатқан «Маңғыстаумұнайгаз» кәсіпорны басшыларына, мұнайшы азаматтарға алғысымды жеткізерсіз,-деп толқыды.
- Атыраудың қазағымын ғой. Елді еске алып, Жайық жайлы ән бар еді ғой, соны шырқап жіберсеңіздер, -деді сосын әжімді жүзіне нұр жүгіртіп.
Бұл өзі бір керемет кездесу болды. Ән де салдық. Әңгіме де тыңдадық. Мұнайшылар әкелген сыйлықтарын табыстап, ескерткіш суретке де түстік.
Түске жақын «Қарттар» үйіне жеттік. Әрине, құр қол емес. «Маңғыстаумұнайгаз» кәсіпорнының жас мамандары әсем безендірілген, жеміс-жидек, тәттілер, күнделікті керекті тағамдар толы себетті, ішінде не керектің біразы бар пакетті көтеріп келеді. Жүздері жарқын. Алдын ала хабардар болса керек, ардагерлер де көңілді қарсы алып, мәре –сәре болып жатыр.
«Қарттар» үйінде тұрып жатқан ардагерлерді Тәуелсіздік күні мерекесімен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Жұртшылықпен байланыс департаменті директоры Майра Ғұмарова құттықтады. Жас мамандар арнайы алып келген сыйлықтарын табыс етті. Жеміс-жидектер, түрлі тағамдармен бірге косметикалық бұйымдар, Амангелді ағамызға қырынуға арналған «асай-мүсейге» дейін алып келген екен. Ол кісі қуанышын білдіріп, мәз-мәйрам. Қарттарын құрметтеп, жақсылық жасауды мұрат еткен кәсіпорындағы өнеге өзге мекемелерде де жалғасын тауып жатса қандай жақсы!
Ардагерлер кезек кезегімен сөз алды.
-Бізді ұмытпай келіп, осындай сый-сияпат көрсетіп жатқандарыңызға рахмет. Жас қайратымызды түбекті игеруге арнадық. Небір қиындықты бастан өткердік. Мұнайдың арқасында қаншама елді мекендер салынды, еліміз өркендеді. Еңбегіміздің нәтижесін көруден асқан қуаныш жоқ. Қартайған кезде қолтығымыздан сүйеп, жылы сөздеріңізді айтып, сыйлығыңыңызды әкеліп жатырсыңыздар. Біз көрмеген қызықты сіздер көріңіздер, елдің құрметіне бөленіңіздер,-деп Лидия Прокофьевна Мудрецова ізгі тілегін білдірді. Арбаға таңылған Амангелді Жексембаев ағамыз сөйлей алмаса да риясыз көңілін, ризашылығын күлкісімен жеткізді.
«Қарттар» үйінен кейін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлері Ақтауда тұратын өзге бірнеше ардагерлерге сыйлықтарын табыс етті. Төртінші шағын ауданда тұратын Шолпан Зинуллина ерекше толқып, жанарына жас алды. Бұл күні бірнеше зейнеткерлердің қуанышына куә болған біздің де көңіліміз көтеріліп қалды. Қарттармыз аман болсын!
|