Қасымдағы кейбір серіктерімнің Бозашы топырағына алғаш қадам басуы болғанымен маған бұл өңірдің таңсықтығы шамалы. Бір төбенің тозаңын бір төбеге қосатын ұшқыр көлікпен қаланы артқа тастап, теріс жағаны жағалай тартатын үлкен тасжолға шыққанымызда мезгіл дұрыс түс ауған шақ еді. Жетіп жығылар межеміз - Бозашының арымды-құмдауыт исі аңқыған шағырлы даласын, қарақошқылданған сорлы өзектерді кесіп өтіп, дарияны жағалай қоныс тепкен шыбындаған жылқыша бастарын шұлғып тұрған «качалкалардан» көз тұнатын мұнайлы «Қаламқас» даласы. Елден ұзап шығудың есебін таппай жүргенде аяқастынан еңсеңді көтеріп желпінтіп жіберетін мынадай жолсапардың сәтінің түскеніне іштей қуанбасам, менде «үнжорға түсіп қамығу» деген деген «минорлы» сезім бой көрсете қоймады. «Қаламқас» кенорнындағы мұнайшыларға қонаққа келудің маған таңсық еместігі – олар бұдан бұрын да талай рет мені концерттік бағдарламаларға шақырып «жаман үйретіп» тастаған-ды.
Бұл жолы да сондай базар көңілмен жолға шықтым. Қасымдағы қосшыларым да осал жандар емес, көпшілігі республикаға танымал болып қалған ақын жігіттер мен қыздар. Есімдерін ежіктесем, Ақтау қаласындағы №21 мектептің тіл маманы ақын қыз Жұмагүл Мұрсалова, қалалық кітапхананың әдіскері ақын Гүлфарида Ермекқызы, бірнеше рет «жігіттің сұлтаны» деген атақты тақымына басқан, жүрген жерінен жүлдесіз қайтып көрмеген атышулы жас ақын жігіт Жандос Демесіндер. Осылардың әрқайсысына хабарласып «солай да солай, мұнайшы жігіттер өлеңге, әзілге сусап жүргенге ұқсайды, бір келіп өнерлеріңді көрсетіп төбелеріңізді көрсетіп кетіңіздер» деп өтіне қолқа салған мұнайшы жастар белсенділері Еділ Бекмұратов және Райымбек Түзелов дейтін жігіттер болатын. Өндірістің күні бойғы ауыр жұмысынан шаршап келгеніне қарамастан кешке біздің өнерімізді тамашалауға келген мұнайшылардың қарасы едәуір көп болды. Маңғыстау əзілдерімен, Нұрлан және Манастардың жыр-термесімен, Мағжан мен Айбек күй күмбірімен, Жандостың ауыл жайлы өлеңдері, Гүлфарида мен Жұмагүлдің жалындаған махаббат лирикасымен Қаламқас кен орнын жаңғыртып қайттық. Басшысынан бастап, қосшысы қостап, барлық қызметкер мұнайшылары тапжылмай тыңдап, мән-мағынасы бар еш даңғазасыз, халықтық нақыштағы əдемі əдеби-сазды кеш өтті. Еділ мен Райымбек сияқты жас жігіттердің әлеуметтік шараларды өздері өткізіп ысылсын деген оймен «бұйдаларын» түріп «жорта» еркіне жіберген басшыларының ойы дұрыс болып шықты. 1-желтоқсан – тұңғыш Президент Күніне орайластырып өткізген кеш тәуелсіз елдің еркін жастарының білік-білігін көрсетті.
Өндіріс басшысы Нұрпейіс Сәрсенбаев Қаламқас кенорнының мәдениетін көтеруге атсалысқан бірқатар өнерпаз мұнайшы азаматтарды марапаттап, алғыс хат пен сый-сияпат жасады. Соның ішінде, Ескендір Наухан, Қойбағар Тәжібаев, Ерболат Қосанов, №1 цех жұмысшысы Шабай Есқалиев, Қайрат Қарабалаев, Афу Дүйсенбай, Батырбек Қосбармақов, Асқар Тілеуов, Қайрат Аманқосов, Серік Өрбісінов, және өзімізге белгілі Айбек Жұрымбаев, Райымбек Түзеловтар бар. Өндіріс пен өнерді қатар алып жүрген мұнайшыларға риза болдық. Бұлар осы «Қаламқас кештері» деген атпен өткізіліп келе жатқан өнер кешіне тұрақты қатысып жүрген өнерпаздар екен. Бірі «Қаламқастан» болса, бірі мұнайға қызмет көрсетуші сервистік мекеме жұмысшылары. Мұның өзі ен далада қоян-қолтық еңбек етіп жатқан жастардың басын өнер біріктіргенін көрсетеді.
Бізді өндіріс басшылары Нұрпейіс Сәрсенбаев, Мұрат Батыршаев, Сабыртай Жалғас, әлеуметтік топ қызметкері Алтынбек Сарғожаевтар ыстық ықыласпен қарсы алып, шығарып салды.
... Қою қара түнді алдымызға сала жақсы көңіл-күймен жолға шықтық. Бірнеше шақырымға қатарласа жарыса келіп, бірте-бірте көмескі тартып артта қалған самаладай самсаған өндірістің оттарымен бірге жақсы жастың әдебі, көркем саз, сұлу поэзия көкейде қалды...
Ерекен Қорабаев,
балалар жазушысы, ақын
|