Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
11.05.2020 СОҒЫС ҮНІ ЖЕТІМ БОЛЫП, ЖЕСІР БОП, ТҰРАТЫНДАЙ ӘЛІ БІЗГЕ ЕСТІЛІП…

Айдың күннің аманында «заман бұзылды, заман жаман» деп қарғанып-сіленіп отыратын кейбіреулерді әжелеріміз «тәйт, не дейді мына көргенсіз? Заманның жаманын біз көрдік, әрмияға кетті бауыр жоқ болып, жетім мен жесірді, аштық пен жоқшылықты көрдік. Замандарың жақсы, тек адамы бұзылған! Жамандық шақырған несі, зарланып айдың күннің аманында» деп тиып тастап, «о, тобалап» Жаратқанына сиынып жатушы еді...

Әр жылы көктеммен ілесіп, Жеңіс келгенде 41-шы жылдың келіншегі - Әженің талайлы тағдыры, өзіміз көре қалған  майдангер, балалығы отқа шарпылғаннан болар, «шүкірінен» жазбайтын алғы буын туралы ойлайтынымыз тамырда бүлкілдеп жатқан тарихи жадтың  оянуы шығар мүмкін...

Ақ жаулығын мойнына сап «Құдайлап»,

Көз жасымен кемпір жүзін ылайлап,

Мұхамбет шал көк түйеге мініп ап,

Кешке қарай оралады түйе айдап.

...Сырт көздерге көрінбейтін жара бар,

Екі мұңлық бір-біріне барабар:

Уызына жарымаған сәби мен

Тумай жатып ботасы өлген қара нар.

Нар келгенде ақ жүректен алғыс ап...

Зар келгенде кемпір айтқан зар құсап,

Жиырма миллион ботасы өлген Жылдардың

Бауырында жер боздайды нар құсап!

Бұл Өтежан Ақын Нұрғалиевтың «Соғыстың соңғы  жазында» тылдағы шерменде шал мен жетім баланың, ботасынан айрылған қара нардай боздаған шерлі ана мен  жесір мұңлықтардың жырмен өрген тағдыры...

Ел қорғауға аттанған жарларының кетпен-күрегін нәзік иығын іліп, еңіреп жүріп жетімдерді жеткізген аналар да, пайғамбардың жасына жетіп, қызық көрер шақта күн-түні майдандағы ұлдың жолына қарап, бейнет шеккен қариялар да, соғыстан жараланып оралған балдақты жауынгер де келместің кемесіне мініп, қыр басына шыққаны қашан! Олардың аманатындай сол кездегі он үшінде шаруаға жегілген, бесіктен белі шықпай жатып соғыстың тауқыметін арқалаған қырқыншы жылдардың перзенттері бүгінде ақсақалдың жасында. Біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкерлері Қойлыбай Қаражанов, Биғали Аққалиев, Әбдір Қонаев ақсақалдарымыз көрсеткен еңбектің ерек үлгісі, қилы тағдыры осы мақалаға арқау болып отыр.

 

Қойлыбай Қаражанов

Қарашадайынан колхоз жұмысына жегілген бала Қойлыбайдың жалғыз ағасы соғыстан оралмай, хабар ошарсыз кетті. Маңғыстау ауданының Сталин атындағы колхозында бұғанасы бекімей жатып малшы әкесіне көмектесіп мал да бағысты, шымыраудан 70-80 метрлік шығырмен су тартып, ат көліктерімен қара шаруаны да атқарды. Бозторғай шырылымен оянып, күн ұясына батқанша бітпейтін ауыр тірлік оларды ерте есейтті.

- Ұлы жеңісті жақындату жолында тылда еңбек еткен замандастарым жаңадан ұйымдасқан колхоздарда әртүрлі жұмыстар атқарды. Майдангерлерге арнап, жүн түтіп, оны иіріп, қолғап-шұлық тоқыды. Қолдағы малдың сүтін сауып, құрт, май, ірімшік жасап, ауданға жіберіп отырған кездер қазіргідей есімде, - дейді бүгінде Маңғыстаудың абыройлы ақсақалы атанған Қойлыбай Қаражанов

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Маңғыстау облысының Ұлы Отан соғысы жылдарында мал шаруашылығында қызмет еткен шопан бақташылардың балаларына «Тыл ардагері» атағы берілді. Олардың қатарында  Қойлыбай ақсақал да бар еді.

Бейнетті балалығының өтеуі шығар, ол бүгінде Маңғыстау ауданының және Маңғыстау облысының Құрметті азаматы. ҚазКСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

1960 жылдары Маңғыстаудың мұнайы игеріліп, даңқы алысқа тарағанда жас ұстаз  өлкенің білім саласына келген болатын.  1961-1983 жж. Маңғыстау ауданы мектептерінде үзіліссіз мектеп директоры, 1983-1992 жж. Қызан селолық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, «Тұщықұдық» кеңшары партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. 1993-2000 жж. Тұщықұдық кеніші «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты Бозашы технологиялық көлік басқармасында (ПТО) инженер-техник болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, облыстық партия комитеті, Кеңес атқару комитетінің екі дүркін мақтау грамоталарымен марапатталған ол екі мәрте Маңғыстау аудандық, 30 жылдай селолық Кеңестердің депутаты болып сайланды. Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін  2005 жылдан бері облыстық мұрағатта жұмыс жасап келеді. Қойлыбай аға өнегесі елге үлгі, өсіп-өнген үлкен әулеттің тірегі, іргелі шаңырақтан қанаттанып ұшқан ұл-қыздары  өлкеге белгілі азаматтар.

Қойлыбай Қаражанов соңғы жылдары өлке тарихы туралы жұмыстарға бет бұрып,  қоғам қайраткері Қ.Сарғожаев туралы «Тағдыр тауқыметінен тағлым», ғалым-дәрігер Е. Оразақов туралы «Антына адал азамат», заңгер Ү.Сағымбаев туралы «Әке рухына тағзым»,  Маңғыстау ауданының 80 жылдығына орай «Аудан асқан асулар», «Ұрпаққа ұлағат», қос авторлықпен «Миуалы бәйтерек» кітаптарының авторы және  Ұлы Жеңістің 65-70 жылдығына орай шығарылған төрт томдық «Тағзым», «Адай көтерілісі» атты жинақтарды құрастырушылар алқасының белсенді мүшесі. 2013 жылы шыққан «Маңғыстау мұғалімдері» энциклопедиясы шығармашылық тобының жетекшісі. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ғалым Ж.Дүйсенбаевамен бірігіп жазған «Майдангер ұстаздар» атты кітабы Маңғыстау өңірінен майданға аттанған ұстаздардың өмір деректері жан-жақты баяндалған. Ұлы Отан соғысының 75 жылдығы қарсаңында Қойлыбай Ағаның  «Тағзым-5» кітабы дайын. Облыс әкімдігінің қолдауымен шыққан басылым мереке қарсаңында майдангерлер мен тыл ардагерлерінің отбасыларына таратылатын болады.

 

Биғали Аққалиев

Биғали Аққалиев әкесі Сталинград түбіндегі шайқаста қаза тапқанда 10 жаста еді. Соғыс кезінде колхозда бұзау баққан, сол кездегі қаршадай бала, бүгінгі  тыл ардагері өзінің өмір тарихы мен сұрапыл соғыс жылдары жайында: «Алты жасымнан бастап бір кесе тары үшін жұмыс істедім. Ол кезде ата-анасымен қоса бала-шағаға дейін колхоздың қара жұмысында. Әкеміз соғысқа кеткенде Назым шешемізге мақта терісіп, шөп жинасып шаруаға ерте араласып кеттік. Жетім қалып еңбек майданында бел бүгіп, адамның да, өмірдің де қаталдығының ыза-дертін көресіндей көрдік. «Құдай берейін десе - жұдырыққа тас сынар, қылайын десе - быламыққа тіс сынар» дегендей көретін жарығымның бар болғаны шығар,  шүкір, бүгінгі заманға да аман жеттім.  Елімнің төрт құбыласының теңескенін көріп, қуанып, бүгінде «Бір Алла!» деп 85 жасқа ақырын басып жылжып келе жатырмын»,- дейді ақсақал.

Биғали Аққалиев 1935 жылдың 1 мамырында Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, «Райгородок» ауылында дүниеге келген. Осы ауылда 1951 жылы 6-шы сыныпты бітіріп, Доссор кентіндегі №19 ремучилищенің бұрғышы курсына түскен ол 1953 жылы жолдамамен «Казнефтьгазразведка» тресінің Құлсарыдағы «Қосшағыл және Тереңөзек» учаскілерінде бұрғышының көмекшісі болып еңбек жолын бастайды. 1955  жылы Құлсары ауданынан Кеңес армиясына қызмет етуге аттанады. Армия қатарында 3 жыл 8 ай болып, 1959 жылы Доссор кентіндегі Мақат бұрғылау конторына бұрғышының 4-ші дәрежелі көмекшісі болып жұмысқа кіріседі. 1959-1964 жылдар аралығында Даңғар, Қаратал, Бақлан, Мәтенқожа және Мартыши бұрғылау конторы «Қарағия мұнайгазбарлау» экспедициясымен қазіргі Құрық кентіне көшіп келеді. Сол аралықта Доссор кентіндегі ремучилищеде қайтадан 3 айлық бұрғышы курсын оқып алған Биғали Аққалиев Оймаша, Мыс Песчанный, Доңға, Қауынды-Қорғанбай бұрғылау алаңдарында бұрғышы, 1969 жылдан 1996 жылға дейін «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясында бұрғылау шебері, бұрғылау қондырғысының бастығы болып қызметтер атқарды. Еспелісай, Жоласқан, Саура-Сығынды, Астаубай, Батыс Түрлен, Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, Арман, Қаламқас, Қаратұрын, Тұяқ, Придорожный Аралды, Айырсор, Мұрынсор, Абрай, Мықты, Тасорпа, Комсомольск, Нысановск, Тасым, Айыршағыл, Елемес және т.б. бұрғылау алаңдарында қызмет етіп, 1970 жылы Өзен аудандық, 1972 жылы Маңғыстау облысының депутаты болады. 1996 жылы зейнеткерлікке шыққан Биғали ақсақал осы қызмет еткен жылдары Еңбек Қызыл Ту ордені, «СССР жер қойнауы геологиясының үздігі», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталған. 2018 жылы «Қарақия ауданының құрметті азаматы», 2019 жылы «Маңғыстау облысының Құрметті азаматы» атақтарын иеленді. Екі ұл бір қыз тәрбиелеп өсірген ақсақалдың өмір жолы өнеге.

 

Әбдір Қонаев

Соғыстан кейін қираған экономиканы, халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру мақсатында 1946-1950 жж.  Маңғыстауда жаңа мұнай кәсіпшіліктері салынып бастаған шақ. 1954 жылы Атыраудан бұрғылау құрал-саймандарымен бұрғышылар келіп, олардың келуімен бірге маңғыстаулық барлаушы-мұнайшылардың да алғашқы тобы тәрбиеленіп, өсіп шығады. Алғашқы бұрғылау тобына қосылған жергілікті жұмысшылардың қатарында келесі кейіпкеріміз Әбдір Қонаев та бар еді. Бұрғышы көмекшісінен жетінші дәрежелі бұрғышыға дейін көтерілген ол Қамысбай Мырзағалиевтың қарамағында еңбек еткенін мақтан тұтады.

Абдір Қонаев 1927 жылы Тұщықұдық елді мекені, Алаторпа-Қошақ жерінде дүниеге келген. Екі қыз, бес ұлдан өрбіген немере-шөберенің қызығына бөленіп, өмірлік жарымен бақытты ғұмыр кешіп отырған тыл еңбеккері.

«Мектепте сабақ жүріп жатыр еді. Бригадир барлық оқушыларды орнынан тұрғызып шөп шабуға алып кетті. Содан бастап тылдағы тынымсыз еңбегіміз басталды. Аға-әкелеріміздің орнына қора салдық, мал бағып жер жырттық, тары-бидай ектік. Сиыр баққан әкем ауырып қалған кезде қолмен құдық қазып, жүздеген сиырды суарған кездерім ешқашан естен кетпейді» -деп, естелігін онан әрмен тарқатты. Екі ұл, екі қызды дүниеге әкелген әке-шешесінің шаруашылықтың ауыр бейнетін қабақ шытпай көтергенін, жалғыз ағасы соғыстан оралмай, еңбек ақының да дұрыс төленбегенін, көзі қараңғы, оқымаған елдің сол кездері өте күйсіз  болғанын баяндады. «Иіні дұрыс киім кимей, ашқұрсақ жүрсек те ертеңгі жақсы күннен үмітімізді үзбедік, иығы жыртық балалықты қалай ұмытарсың» деген естелік әңгімесінің түйінін  «Сол бір жылдардың ізі өшкен жоқ ел көкейінен, соғыс өртінің шарпуы тимеген шаңырақ бар ма екен, сірә? «Майдан», «тыл» деген жай аты ғана. Әйтпесе, бірі мылтықты, бірі мылтықсыз – екеуі де жанкешті шайқас болатын. Шынында да, оқтың азабынан жоқтың азабы кем соқпағанына куәміз. Жеңіс күнін біз қуаныштан ботадай боздаған ауылдың барша кәрі-жасымен бірге жылап тұрып қарсы алдық қой»,-деп түйіндеді.

Жыл артынан жыл жылжып уақыт  шіркін жалынан  ұстатар емес. Жыл өткен сайын соғыс оқиғалары тарих қойнауына тереңдей сүңгіп алыстап барады. Оның қияметін бүгінгі ұрпақтың зердесінен өшірмейтін майдангерлер мен қырықыншы жылдың ұландары - тыл ардагерлерінің ұлағаты мен өнегесі. Сондықтан да жеңістің 75-көктеміне ұрпағының ортасында шат-шадыман қуанышпен жеткен мұнайшы ағалардың көрер қызық-қуанышы мол болғай!

Лаура Жолдыбаева


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту