Жеңістің 75 жылдығын аман-есен қарсы алған қос мұнайшы ардагеріміздің бірі – Қамқа апайдың бақилық болғаны күні кеше еді, араға апта салып соңғы жауынгер-мұнайшы – өлкенің мұнай өндірісін игеруге, өркендетуге тікелей атсалысқан және қарапайым еңбегімен елінің игілігін еселеген еңбек батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайыр Қыдырбаев дүниеден озды.
Қайыр Қыдырбаев 1922 жылдың наурыз айында Түркіменстанның Мары облысында жылы дүниеге келген. 1941 жылы 19 жасында соғысқа аттанған ол Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қанды майдан жолымен жүріп өтті. Майданда маршал Рокоссовскийдің дивизиясына қарасты 82-ші батальонның құрамында Белоруссияны жаудан азат етуге қатысты. Германияға дейін жауды тықсыра қуып, Берлин қаласына дейін барған. Рақымжан Отарбаевтың Рейхстагқа Ту тіккен тарихи сәтінің куәгері. Белосток қаласын, Гнев және Староград, Гданьск қамал-қаласын, Германияның Штральзунд, Гриммен, Деммин, Мальхин, Варен, Везенберг қалаларын, Варшава қаласының солтүстігіндегі Нарев өзенінің батыс жағалауын жаудан азат еткені үшін бірнеше мәрте марапаттауларға ие болды. 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Беларусь Республикасын неміс басқыншыларынан азат етудің 60-жылдығы» медальдарымен марапатталған.
Елге жеңіспен оралған соң Қайыр Қайырбаев соғыстан қалжыраған халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіне атсалысты. Сол кездердегі қиындықтардың бәрін жеңе жүріп, ел игілігі үшін бел шешіп жан аямай еңбек етті. Түркменістан елінен Маңғыстауға қоныс аударған соң да Қайыр ата Маңғыстаудың мол мұнайын игеруге атсалысып, арнаулы техника жүргізіп, мұнай саласында 17 жылдай еңбек етті. Жетібай кенорнының дамуына айрықша үлес қосқан ол 1988 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.
«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының дамуына бар саналы ғұмырын арнаған марқұмның отбасы мен ағайын-тумаларына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнайшылары атынан қайғырып көңіл айтамыз. Жер бетіне бейбітшілік пен мың сан ұрпаққа алаңсыз өмір сыйлаған жауынгер Қайыр Қыдырбаевтың жарқын бейнесі ел-жұртының есінде мәңгі сақталады.
Қош бол, соғыстың соңғы солдаты – мұнайшы жауынгер!
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасы
|