Қонысым болған байырғы,
Шайырдан шыққан шайырмын.
Шіренген талай сабазды
Лəм-мимге келтірмей,
Бір ауыз сөзбен қайырдым! –
деп суырып салма, дүлдүл ақын Қашаған Күржіманұлы жырлаған Шайыр ауылы қалың елге бұлақтан су ішкізген жерінің асты сулы, жерінің үсті нулы мал-жанға бір жайлы жер. Осы жерде дүниеге келген кейіпкеріміз - «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ, Пайдалану жабдықтарын прокаттау-жөндеу цехының 5-дәрежелі слесарі Ғалымжан Алымұлы Жарылғасов та туған топырағына тартып туғандай сабырлы, жайдары болып көрінді.
Ауылдың қуыс-қуысын шарлап ойнайтын балалық бал шақтан бергі өткен әр белесі - бір ғұмыр, бір тәжірибе. Солардың ең алғашқысы мектеп табалдырығын аттағаны - қайталанбас қымбат естелік. Шайырдағы он жылдық орта мектепте 8 сыныпты бітірді. Кейін үйдегі он баланың үлкені болғасын еңбекке араласып, ерте есейді.
1984 жылы жасөспірім Ғалымжан Шетпедегі кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсіп, үш жылдан соң автослесарь маман болып шыға келді. Сол жылы әскер қатарына алынып, Дондағы Ростовта әскери тәртіпте шыңдалды. Ол жақта тас қалаушының жұмысын атқарып, талай әскери нысандардың құрылысын жүргізуге араласа жүріп, ер азаматтықтың мектебінен өткенін әлі күнге ықыласпен еске алады.
Әскери міндетін өтеп туған ауылы қарашаңырағына орала сала еңбек майданына араласып кетті. Әп дегеннен-ақ, жолы болып Бозашы түбегінің түлеуіне ерен еңбегін сіңірген, мұнай саласының майталманы Өрен Сағындықов жұмысқа қабылдап, сол кісінің қоластында тәжірибе жинау мүмкіндігіне ие болды. Цех бастығы – Қазиев Серік, бригада шебері – атақты мұнайшы Әбеннің тәлімін алды. Бұл 1992 жыл болатын. Оншақты жылдай мұнай өндіру цехында еңбек етіп, білікті маманға айналды.
2001 жылы өзі қазір еңбек етіп жүрген пайдалану жабдықтарын прокаттау-жөндеу цехына ауысты. Жалпы бір цехта 40 шақты адам жұмыс жасайды, оның ішінде бригадаларға бөлінеді. Таңертең сағат 7:00-де бір күндік жоспарды талқылаудан жұмыс күні басталады. Тапсырмалар бөлініп беріліп, сол жұмыстарды орындауға кіріседі. Негізгі атқаратын қызметтері – пайдаланыстағы өндірістік жабдықтарды жөндеуден өткізу, мұнайды жылытатын пештерді жөндеп-қалпына келтіру, әртүрлі дәрежедегі дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу, мұнай жүретін құбырларды жөндеу және тағы да басқа өндірістің пульсін қалыпта ұстап тұратын өте маңызды жұмыстар десек болады.
Отыз жылға тарта өндірістің қара қазанын қайнатып келе жатқан Ғалымжан өскен қара шаңырақты Маңғыстау елі өнердің ордасы деп таниды. Түбекте Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Алмажай Жарылғасовты танымайтын адам жоқ десе де болады. Шайырдың мәдениетін мәдениет еткен, өнерін өнер еткен Алмажай ағай өмірінің 45 жылын осы мәдениет саласына арнаған адам. Мәдениет үйінің әрі директоры, әрі театр режиссері, әрі актері Абекеңнің өмірі Маңғыстаудың тұтас шежіресі.
- Әкем біздің бойымызға адалдық, тазалық, қоғамның болашағына еңбек етуге құштарлық сияқты мінез-құлықты дарытуға, үлкендер мен дәстүрді сыйлауды өзіне мұрат тұтты және ол арманы іске асты деп ойлаймын. Себебі он баланың барлығы да тәрбиелі, еңбекқор, басбұзарлығы жоқ, білімге, жаңалыққа құмар болып жетілдік. Тағы бір айта кететін жайт, әкем Мәдениет үйінің директоры болғандықтан, әрі ол кездері арнайы қонақүйлер жоқ еді, гастрольдік сапармен елге жиі келетін өнерпаздар, яғни әншілер, күйшілер, бишілер үйімізге түсетін. Соның ішінде Әлібек Дінішев, Қыз Жібек пен Төлеген - Меруерт Өтекешева мен Құман Тастанбековтер, Мақпал Жүнісовалар тағы да басқа аңыз адамдарды көзбен көріп, олардың мінез-құлқынан, білігінен, жүріс-тұрысы мен сөйлеген сөздерінен өнеге алдық. Ол бір ұмытылмас сәттер, біздер үшін үлкен мақтаныш болатын. Ал – анам Ақбибі үй шаруасында, осылай келген қонақтардың, ата-ененің, балаларының бабын тауып, отбасына адал қызмет етті, - деп Ғалымжан Алымұлы ағамыз отбасы туралы аяулы естелігімен бөлісті.
Өмірлік жан-жолдасы – Есенова Нұрияш та мәдениет саласында еңбек етіп келеді. Соңғы жылдары ауылдағы Мәдениет үйінің директоры. Балаларының алды өсіп-жетілді, қанаттанды, әр жерде қызметте, кішілері – мектепке барады. Қолы шебер ағамыз бос уақытында - қолөнердің барлық саласымен айналысады. Еңбек еткенге бақыт басын иетінінің дәлеліндей – ағашты, темір де ыңғайына тез көніп, тұрмысқа, күнделікті өмірге қажетті заттар, бұйымдар жасауды жанына серік етіп жүр. Сондай-ақ, кітап, газет-журнал оқуға құмар әріптесіміз, өзіміздің «Мұнайлы Өлке» газетінің тұрақты оқырманы екендігін де жасырмады.
Ғалымжан Жарылғасовтың осы күнге дейін атқарған ақ адал еңбегі елеулі, Компания тарапынан көптеген Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары – соның дәлелі.
Жасампаз еңбектің жарқын үлгісін көрсетіп, Компанияның беделі үшін қажырлы еңбек етіп келе жатқан әріптесіміздің алар асуы биік болғай. |