Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
18.08.2020 ӨНДІРІСТІҢ РОЗАСЫ
 

Маңғыстау мұнайының кең дүниеге танылуына ерен еңбек сіңірген мұнайшы апаларымыздың заңды жалғасы мұнайшы қыз-келіншектер алғы шепте. Олардың мұнай өндірудегі жанкештілігі, жұмысқа деген құлшыныстарын ер азаматтардың өздері де әлдеқашан мойындаған. Сондай көпке қадірлі жан – «Жетібаймұнайгаз» ӨБ №2 мұнай және газ өндіру цехының 3-дәрежелі мұнай және газ өндіру операторы Роза Төлегенқызы Досмұханбетова.

Роза апай сонау 1981 жылы өндіріске келген болатын. Ешкімге бағынбайтын уақыттың құдіреті сол, бәрі күні кеше басталған сияқты еді. Осы бір жұмыс орнында табан аудармай 40 жылдай қызмет етіп жүргеніне кейде өзі де сенбей қалатыны бар.

Ол Фортта туып, Жетібайда жетілді. Қалағаныңды орындатып, еркелеп жүретін уақыт емес. Ел қатарлы жалпы орта мектепті бітірген бетте қаладағы кәсіптік училищеге құжат тапсырып, бағын сынап көрді. Алайда оқуға тапсырғандар саны толық болып, оқуға түсе алмады. Бірақ әрбір істің артын бағатын, неден болса да тек жақсылық көретін Роза апай өндіріске жұмысқа сұранды. Маңдайына жазылған мол несібесіне орай, сол кездегі басшылық жұмысқа алып, жас маман ретінде өзін сынап көруге мүмкіндік берді. Өндірісте өткізген жүйрік уақыт, жырғалып жұруге мұрша бермейтін өндірістің ыңғайы кез келген мәселені тарс-тұрс шешіп тастайтын бірізділікке, сөзден гөрі іске мығым мінезге алып келгендей. Мұны сұхбат барысында Роза Төлегенқызының не жайлы сұрасақ та қысқа-нұсқа, тез жауап бергенінен байқадық.

- «Мен өндіріске келген жылдар өте қиын кезеңдер еді. Жастығым, әрі оқымағандығым тағы бар, жұмысқа сескеніп кірістім десем өтірік емес. Алайда, алғаш жұмысқа келгенде Сәмен апай, Баязи ағайлар бағыт-бағдар беріп, сол ортаға сіңісіп кетуіме көп күш салды. Олардың алдында өмірлік парызым бар, айтар алғысымнан жаңылған емеспін. Біз көрген қиындықтарды менің тұстастарым ғана біледі. Ол кездері бүгінгідей жағдай жасалмаған, арнайы киімдер жетіспейтін, барлық жұмыс қолмен жасалатын. Кім-кімге оңай тимеген сол заманда мұнай саласы да көптеген қиыншылықтарға ұшырады. Мұнайшылардың бірнеше айлар бойына жалақыларын ала алмай жүрген кездері де болды, бірақ қандай қиыншылықтар болса да мұнай өндірісінен қол үзбедік. Қазір жаңа технология заманы - үйренемін, жасаймын деген адамға барлық мүмкіндіктер бар ғой. Жұмыстың аты жұмыс, мұнайшылардың барлығына қойылатын талап бірдей, сондықтан мұнай-газ өндіру операторы қызметін ер адамдармен бір деңгейде атқаруға тырысамын», - дейді Роза апай.

Роза апай өскен ұя еңбекқор еді. Әкесі Төлеген Досмұхамбетов - өмір бақи слесарь, токарь, анасы Талшын Өтесбаева - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жүйесінде сылақшы болып еңбек етті. Осындай жанұяда өскен Роза да жұмысқа мығым болып өсті.

Жылдар бойы Жетібай кен орнында Маңғыстаудың табиғатының ызғырық желі бар қысы мен шілдедегі тас төбеңді қайнатар ыстығына қарамай мұнай өндіріп, отбасының жоғын жоқтап, бала тәрбиелеп өсіріп, ұлағатты ана атанып отырған Роза Төлегенқызының еңбектегі ерлігін айтсақ айып болмас. Тепсе темір үзетін жас жігіттердің ырыс-несібені аспаннан түсетіндей көріп диван жастанып жататынын, екі қолға бір күректің қайдан да табылатынын айтқаннан жау іздейтінін ойлағанда Роза апайлардың табанды тірлігі, қажырлы еңбегі үлгі емес деп кім айта алады? Алдағы уақытта да апамызға еңбегіңіз жана берсін, мерейіңіз таси берсін деген жүрекжарды тілек арнаймыз.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту