Бүгін белгілі қоғам қайраткері «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Сағын Қырымқұловтың 80 жас мерейтойы өтті.
Саналы ғұмырын елдің болашағына жұмсаған геолог, жер қойнауының құрметті барлаушысы Сағын Ерқасұлының мерейлі кешіне еліміздің әр аймағынан алаштың ардақты азаматтары, мәртебелі меймандар келді. Сағын Ерқасұлы лауазымды қызметтер атқара жүріп, өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Мұнай-газ саласына жергілікті кадрларды көптеп тартып, мұнайшылардың еңбек және тұрмыс жағдайларын жақсартуды жолға қойды. Білгір маман, қабілетті ұйымдастырушы өндіріске жаңа технологияларды батыл енгізді. Осы арқылы Қаламқас, Жетібай кен орындарындағы мұнай өндіру көлемін арттырды. Облыс халқы атынан мерейтой иесін облыс әкімі Серікбай Трұмов арнайы құттықтап, Маңғыстау халқының ыстық лебізін жеткізді. Алғашқы еңбек жолын моторшыдан бастап, бүгінде ел мақтанышына айналған Сағын Ерқасұлының мерейтой кеші салтанатты шарамен жалғасын тапты.
Оқырман назарына белгілі журналист Айтуар Өтегеновтың Сағын Қырымқұлов туралы очеркін ұсынамыз.
СӨЗ БАСЫ
Қырымқұлов Сағын Ерқасұлы 1940 жылғы 3-наурызда дүниеге келген. Инженер-геолог. ҚР Жер қойнауының құрметтi барлаушысы, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі. «Құрмет» ордені мен бірнеше медальдардың иегері. Маңғыстау облысының, Ақтау қаласының, Қарағия, Түпқараған аудандарының құрметті азаматы. Саналы өмiрiн Маңғыстау өлкесiнiң қазiргi өнiм берiп тұрған iрiлi-ұсақты барлық мұнай-газ кенорындарын барлауға, ашуға, жарақтандыруға, өнiмiн өндiруге арнады.
Еш уақытта «бәрін мен істедім»-деп кеуде керіп, төсін ұрып көрмеген Сағын Ерқасұлы жетекшілік еткен жаңа дәуір – нарық заңымен дамыған тұста «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да мұнай өндіру көлемінің анағұрлым артқанын баса айтқан жөн. Мәселен, 1998 жылы небәрі 3 миллион 387 мың тонна «қара алтын» өндірілсе, 2002 жылы 4 миллион 618 мың тоннаға жетіп, соңғы жылдары 5 миллион 700 мың тоннадан астам мұнай өндіріліп келді.
Компанияда және оған сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындарда қызмет ететіндердің 90 пайыздан астамын жергілікті ұлт өкілдері құрайды. Оларда облысымыздың барлық аудандарынан жұмысшылар келіп, вахталық әдіспен жұмыс істеді. Өйткені өлке мұнайы өлке тұрғындарына қызмет етуі тиіс екенін Сағын Ерқасұлы ешқашан есінен шығарған емес-ті.
Иә, компанияны басқару Сағын Ерқасұлына тәуелсіз-діктің алғашқы жылдарындағы осы бір өлара мезгілде үлкен сеніммен жүктелген еді. Орталыққа өткізілген мұнайдың қаржысы төленбей, соның салдарынан жыл бойы тиісті жалақыларын ала алмаған акционерлік қоғам мұнайшылары шыдамдары таусылған соң Ақтау қаласындағы компания-ның бас офисі алдында ереуілге шыққан. Олар тиісті еңбек ақыларын төлеуді талап етті. Сол кезде Сағын Ерқасұлы кабинетінен шықпай бүгежектеп отырып қалған жоқ.
Немесе қарауындағыларға «сендер барып түсіндіріңдерші» демеді, бірден сырттағы толқын халықтың талап-тілегі өз ауызынан шығатын сөзге байланысты екенін ұғынды да, олардың арасына кіріп кетті, мұң-мұқтаждарын өз құлағымен тыңдады. Кейбіреулер ауыр сөз айтып жатса да сабырлылық танытты. «Мен сендермен біргемін. Жағдайды түсіндіріп отыр»-десеңдер сағат сайын алдарыңа шығып отырайын»-деді.
Халық сонда өздері қанша қыспаққа алса да сабырлылығын жоғалтпай, қиын жағдайдан шығу жолдарын табуға уәде беріп, екі оттың ортасында басын бәйгіге тігіп тұрған Бас директорына сеніп тарасып, кенорындарындағы жұмыстарын қайта жалғастырған.
Бас директор да берген уәдесіне тұрды. Жұмысшыларға бережақ еңбек ақыларынан құтылып қана қоймай, тоқсан сайын сыйақы төленетін дәрежеге жеткізген. Жыл сайын жалақы 15-20 пайызға өсіріліп тұрған. Бұлардың қайтарымы мұнай өнімін төмендетпеу үшін еселі еңбек ету, яғни «еңбек етсең емерсің» екенін барлық инженер-техник қызметкерлер де, жұмысшылар да жете түсінген.
Соның арқасында компанияның айлық, тоқсандық, жылдық мұнай өндіру көрсеткіші тұрақтанды. Өндірістік көрсеткіштердің кейде күрт түсіп кету, кейде күрт көтеріліп кету деңгейі болған емес. Демек бұл мұнайшылар арасында еңбек тәртібінің қатаң сақталатындығының айна қатесіз белгісі болатын.
Бүгінде 80 жастың сеңгіріне шығып отырса да, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын ардагер абзал ағамен сұхбаттасқанды бір ғанибет санағанбыз.
«БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ БІЗДЕ БОЛМАПТЫ»
- «Маңғыстаумұнайгаздың» бұрынғы Бас директорының балалық шағы бізді қызық-тырады?..
- Еш қызығы жоқ. Каспий теңiзi жағасындағы шағын Қараманды ауылында дүниеге келiппiн. Кеңес үкіметі кезінде Тельман аталған бұл елдiмекен қазір Сайын Шапағатов ауылы деп аталады. Әкем менi бiрiншi класқа Форт-Шевченко қаласындағы Көк мектепке алып барды. Шымыров Базаржан деген мұғалiм қарсы алып, менi алдыңғы партадағы баланың қасына отырғызды. Ол Шапағатов Сайын еді. Екеумізде кейін геолог-барлаушы, инженер-мұнайшы болып, туған жеріміздің қазына байлығын ел игілігіне арнауға ат салыстық.
Әкем Қырымқұлов Ерқас колхозда балықшы, шопан болып еңбек етті. Сонымен бірге атағы атбегiлікпен белгілі еді. Ұлы Отан соғысына қатынасып, бiр көзiнен айырылған, 1957 жылы қайтыс болды. Анам Дәметкен Ұшқанбайқызы. Соғысқа кеткен азаматтардың орнын жоқтатпай мал бағу да, балық аулау да, шөп шабу да ауылда қалған әйелдердiң, бұғанасы қатпаған балалардың, жасы жеткен қарттардың үлесiне тидi.
Анам сары ала таңнан ерте тұрып, бiр-екi аяқ шайын iшкеннен кейiн менi үйге тастап, қас қарайғанға дейiн мал соңында жүретiн, қойды қоралап барып, кешкi асқа отыратын. Күндiз отарды 10 км қашықтағы құдыққа жайып барып, қолмен суару, жолай отындыққа тезек теру, ауыз суды метеймен түйеге артып әкелу де мал соңында жүргенде атқарылатын. Сонда да анамыз бір сыр бiлдiрмейтiн, шаршағанын байқатпайтын.
Әкемнiң қандай кiсi екенiн 5 жасқа дейiн бiлмей өстiм. Шешем соғыстан оралған әкемдi Форт-Шевченкодан түйемен алып келгенде жатырқағаным, бiразға дейiн анамды әлгі өзім «бөтен» санаған адамнан қызғанып жүргенім де есімде.
- Қараманды, Ақшұқыр Ақтауға тиіп тұрған ауылдар ғой, ол кезді суреттеп берсеңіз?
-Жыл сайын көктемнің көгілдір сәтінде Қараманды мен Ақшұқыр ауылынан бір топ бала Қошқар-Ата көліне келіп, құстың жұмыртқасын жинайтынбыз. Қар, жаңбыр суынан жиналатын көлде құстың неше түрі жыртылып айрылатын. Қызыл шақа балапандар өріп жүретін. Ол кезде Ақтау қаласының орны мал жайылатындай ашық алаңқай, бір-жар ескі бейіттердің құлпытастары ғана қалқиып, мен-мұндалап тұратын.
Бір сөзбен айтқанда, - 1957 жылға дейін Ақтау қаласының бүгінгі орналасқан жері Қолтық деп аталды. Біз көргенде бұл жерде тарап кеткен Ералиев атындағы колхоздан қалған 4-5 қана үй болатын. Олар –төрт кластық бастауыш мектеп үйі, колхоз кеңсесі, механикалық шеберхана ғимараты және колхоз басқарма төрағасының отырған үйі еді.
1957 жылдың наурыз айының ішінде Ақшұқыр ауылындағы дүкеннің алдына бір УАЗ жеңіл машина келіп тоқтайды да, ішінен 4-5 адам түседі. Жиналған жұрттан бір нәрселерді сұраса, олардың орысша сұрағына түсініп, жауап беретін адам табыла қоймапты. Сонда көпшіліктің ішінен біреу: «Жақында әскерден оралған, орысшаны тәуір білетін Қырымқұлов Төлек деген жігіт бар. Қазір апасы Мәдемханның үйінде, сол жігітпен кездестірелік» -дейді.
Шынында да Төлек орысшаны жақсы білетін болуы керек, әлгілер онымен сөйлескеніне мәз болысып, машинасына қайтадан отырып жүріп кетіпті. Төлек жиналып, ауыздарын ашып, аңырып тұрған жұртқа орыстардың жүрістерінің мән–жайын түсіндірсе, олар гидрогеологтар екен. Қолтықты сілтетіп алып: «сол жерге базамызды жасақтап, одан әрі іздестіру жұмыстарына кіріссек...» -депті. Төлекті жұмысқа шақырыпты.
Сөйтіп, Қолтықта «Кольцовская-45» партиясының базасы орналасып оған Пятигорскіден, Минеральные водыдан, Ставропольдан жұмысшылар құрал –жабдық, бұрғылау техникаларымен ағылып келе бастайды. Ақтау қаласының осы күнгі 3-ші шағын ауданының орнында олардың палаткалы шағын қалашығы тұрды. Жұмысқа тартылған жергілікті қазақтар жертөле қазып алып қоныстанды. Алғашқы қоныстанушылардың қатарында Рахов Төлесін мен Төлеубайдың, Беков Бердіқожаның, Келдібаев Бәшейдің, Қырымқұлов Төлектің отбасылары, т.б. болады.
Менің тұстастарымның көз алдында дүниеге келген Ақтау қаласының маңында Қырымқұл әулетінің және оның ата-бабаларының өмір шежірелерінің ізі сайрап жатыр.
БОЛҒАН ӘЖЕМНІҢ ЕРЛІГІ
- Атаңыз Қырымқұл болыс тап жауларының қолынан қаза болыпты...
-Иә, Қырымқұл атам Жеменей болысының болысы, өз ортасының белгілі де беделді, сыйлы азаматы болған. Әлiби Жангелдиннің интернационалдық отряды келіп Маңғыстауға Кеңес үкіметін орнатып, ревкомын құрып, оған Тобанияз Әлниязовты төрағалыққа сайлағанда Қырымқұл атам Тобанияздың сенімді серіктерінің біріне айналады. Ел арасын бүлдірушілерге басу айтып, халықты жаңа заман талабына сай құрылымдар құруға үндеген. Осы әрекеті кейін үкіметке қарсыларға ұнамай, ақыры солардың қолшоқпарларының қолынан жылқы түнетіп келе жатқанда қаза табады.
Қырымқұл атамды атқан адамдар жылқыны қуа жөнелген. Бәрін көріп тұрған ауыл адамдары оқиға болған жерге жүгіреді. Бұрын жеткен Қырымқұл атамның жұбайы Болған әжем азаматының кеудесі мен қолтығына қолын салып жіберіп, «Қырымқұл! Қырымқұл!» деп екі-үш рет дауыстайды да «иттер-ай, ақыры түбіне жеттіңдер-ау!» деп жылап отыра кетеді.
Кенет басындағы өз орамалын мойнына орай салып, ерінің жерде жатқан төбесі мақпалмен тысталған елтірі бөркін басына киіп, ақсақалдың қолында ілініп қалған сегіз өрме қамшыны сыпырып алып, шылбыры шұбатылып тұрған тарлан көкке міне салып, әлгі бұзақы топтың артынан қуып, шаба жөнелген.
Қасындағылар Болған әженің не істегелі жүргенін ұға алмай аңырып қалған ғой. Әрі батыл, әрі батыр әйел бұзақылардың алдын орап шауып, «тоқтаңдар!» деп тұра қалған. Қолдары қаралы ер адамдар амалсыз тоқтаған. Ол жерде не айтылғанын ешкім қазір дөп басып айта алмаса да, сүт пісірім уақыт салғыласқан да, «мені де атып кетіңдер» десе керек. Алайда олай істеуге батылдары бармаған әлгілер жылқыларды тастап жөндеріне жүре береді. Сонда жылқыны ауылға айдап келген Болған әжеміз: «Мен мал үшін шапқаным жоқ. Қарақшылардың кімдер екенін біліп қалу үшін шаптым» деген екен. Болған әжеміздің көрсетуі бойынша кейін әлгілердің бәрі де ұсталып, сот алдында әділ жазаларын тартқан екен.
ӘКЕМ АТАҚТЫ АТБЕГІ ЕДІ
- Тағыда балалық шаққа оралсақ... әкеңізді әйгілі атбегі еді дедіңіз, мүмкін бәйгеге талай шапқан шығарсыз?
- Әрине. Әкемнің есімімен аталатын «Ерқаскөк» деген Маңғыстаудың атын шығарған ерен жүйрік бәйге атына көбіне ағаларым шапты. Сайын даланың жел қанатты еркесі, қарақұйрық атаулыны аттатпайтын сәйгүлікке қызығушы атқамінерлер көбейеді. Олар «Ерқаскөкті» тақымдарына қалай басудың амалдарын ойластыра бастайды. Оның да амалын келтіреді.
Ол - ортаға мал жинау науқанының басталуы еді. Ортаның есебіне көк ат та ілікті. Ерқас әкем болса қалайда көк атты бермей алып қалудың жолын қарастырып, оның орнына бала-шағасына азық үшін сауып отырған боталы түйесін беріп жіберген ғой.
Ерқастың бұл қылығын естіген немере ағасы Темірхас келеді үйге. Темірхас №4 ауылдың төрағасы болатын. Аға ініге ақыл айтады: «Ер қанаты - жақсы атты мен де ұнатамын. Мініп жүргім келеді. Бірақ тамақ керек емес пе? Жалғыз сауын түйеңді беріп жіберіпсің, отбасыңды немен асырайсың? Кеңес басшыларының ішінде көк атқа қызығушылар көп. Бәрібір оны саған мінгізіп қоймайды. Бүгін болмаса ертең тартып алады. Мен саған қорған бола алмаймын. Менің міндетім де - мал жинау. Көк атты апарып тапсыр да, боталы түйеңді қайтып ал!» Інінің аға ақылын тыңдамасқа амалы қалмады. Сөйтіп көк ат қолдан кетіп, көзден бұлбұл ұшқан.
Көк ат тақымына тиген белсенді ойына келгенін істеп, қоян қуады, түлкі қуады, қарақұйрық қуады. Ақыры індігешке омақаса құлатып аяғын сындырады. Ең соңында «ат арыса - тулақ» дегендей, ақсақ ат ешкімге де керексіз болып қалды. Ерқастың ауырып өлген көк аттың басын кесіп алып, арулап жерлеуге ғана шамасы келген...
«Ерқаскөктен» басқа да бәйге аттарын баптаған болар?
Болды ғой, соның біреуін айтайын. Форт-Шевченко қаласында бiрiншi класта оқып жүрген кезiмде әкем Ерқас өзiнiң немере інісi Нұрбосынов Атажан ағамның үйiне келдi. Әкемнің көк сәйгүлігінен айрылып, қапаланып жүрген кезі еді. Ағайдың зайыбы Бекжанова Мәкеш жеңгем азық-түлiк дүкенiнде істейтiн. Аталмыш дүкен Баутино елдi мекенiнде еді, оған жеңгем ат-арбамен барып келiп тұратын.
Әкемнің келгенiн естiп, жеңгем Мәкеш ат-арбасымен түскi асқа үйге келдi. Тамақ желiнiп, шай iшiлгесiн әкем тысқа шығып келдi де: “Жарықтық мына арбаға жегiлген жылқы бәйгеге шабатын атқа ұқсайды, жүйрiк аттың дене құрылысы көрiнiп тұр, әттең, арбаға жегiлiп, ынғыршағы айналып қор болып жүр екен”, - дедi. Бұл сөздi естiсiмен жеңгем Мәкеш әкеме: “Ағаеке, бiздiң бастығымыз Нысанбаев Iзтұрған ғой, сол кiсiге сiздiң айтқаныңызды жеткiзейiн, мүмкiн атты ауыстырып алып, жаратып, бірінші май мерекесінде болатын бәйгеге қосарсыз”, - дедi.
Әкем: “Мәкеш, аттың күйi нашар екен, май мейрамына жарату асығыстық болуы мүмкiн, дегенмен тәуекелге барып, жарықтықты жемдеп, баптап бағып, бәйгеге дайындайын, егер Iзтұрған бастығың рұхсат берсе” -деген. Жеңгем кешкiсiн жұмыстан келген соң: “Ерекең атақты атбегi ғой, тор атты арбадан босатып берiңдер- дептi”, - деген хабар жеткiздi. Әкем сонда балаша қуанып, атты алып ауылға кеттi. “Аманшылық болса, торы атты бәйгеге қосуға сәуірдiң 25-терiне келермiн”, - дедi.
Айтқан уақытында әкем тор атты баптап жабулап Ақкетiкке келдi. Қызылөзен ауылында тұратын әрi домбырашы, әрi сейiс құрдасы Жолдасбаев Тұржан екеуi мерекеге дейін дайындықтарын жасап, 1 май мерекесiне арналған бәйгеге қосты. Керме басында 40 шақты бәйге аттары ауыздықтарымен алысып, қандары қызып, жер тарпып ойнақтап тұр.Торыға мен шабатын болдым. Ат үстiндегi бәйге балалар аттарының басына әлдерi зорға келiп әбiгерленуде. Бiр уақытта ескi телеграфтың маңындағы сорды 11 айналатынымызды, әр айналым 3 шақырым, барлығы 33 шақырым екені хабарланды да, жарыс басталып кеттi.
Әкем қалай шабу тәсiлдерiн тәптiштеп айтып үйреткен болатын. Алғашқысында iлгерi шығып кетерсiң де, атты өз еркiне жiберерсiң, көп озып кетсең тежеп отырарсың - деген болатын. Төртiншi айналымда артыма қарасам, жалғыз өзiм шауып келеді екенмін, кейiнiректе 10 шақты ат келедi. Атым еркiн тыныстайды. 7-шi айналымды өткенде мен барлық аттардан 1,5 шақырымдай озып шығыппын. Кенет неге екенін білмедім, бауырым қатты ауырып кетті. Жаным қиналды, әрi қарай жарысты жалғастыра алмайтыныма көзiм жеттi де атымның басын тарттым, құсқым келгендей, әзер шыдап келемін. Манағы шаңыма көміліп, соңымда келе жатқан аттар енді шаңдарына мені көмiп басып оза бастады. Бұны байқап тұрған әкем жанасып келiп, атты тоқтатты да, ерiн алып жiберiп, көрермендердiң қатарында тұрған, әскерден жаңа келген 25 жасар ағам Матайды отырғызды. Бұл кезде бәйге аттардың көбi бiраз iлгерi кетiп қалған болатын, ал кейбiреулерi тiптi жайылып қалған. Дегенмен де торы ат өзiнiң өрен жүйрiк екендiгiн дәлелдеп, iлгерi кеткен көп аттарды қайтадан басып озып, үшiншi орынға жеткенде 11 айналым бiтiп кеттi. Менің кесірімнен торы ат бас бәйгеден айрылып қалды. Өмір – бәйге. Осындай оқиғалы тағдырлар адам өмірінде де бола береді.
НАРЫҚ ЗАҢЫНА ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢІ СӘТТІ ӨТТІ
- Сіздің қызметіңіз шет ел инвесторларымен қоян-қолтық жұмыс істеуіңізбен ерекшеленеді. Сол кезеңдегі істерді еске түсіру тарих үшін де, жас ұрпақ үшін де аса қажет тәрізді?
- Әділін айтар болсам, мен нарықтық экономика заңдарын жүзеге асыру мақсатында жеке меншік ірі кәсіпорынды басқаруға келгенмін. Бар гәп осында жатыр ғой, бірақ кейбіреулер бұны ол кезде бірден түсінбеді немесе түсінгісі келмеді. «Маңғыстаумұнайгаз» бұрынғы кеңес кезеңіндегі «Маңғышлақнефть» емес еді. Сондықтан да қиыншылықтар көп болды.
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамын жаңа заманға сай басқару 1997 жылы өткізілген тендердің нәтижесінде жеті компанияның ішінде индонезиялық «СентралАзияПетролеум ЛТД» компаниясының еншісіне тиді. Әрбір кеңестік республикалар тәуелсіздікке ие болған соң, бұрынғы тығыз байланыс үзілді. Еліміздің экономикалық дамуының негізгі өзегі мұнай индустриясы қиындықтарға тап болды. Мұнай бағасы барреліне 8-9 АҚШ долларына дейін құлдырады. Ал өткізген мұнайы-мыздың қаржысы мезгілінде мекеме есебіне түспеді, бюджетке салық төленбеді.
Кәсіпорын дағдарыс кезінде өз жұмысшыларының жалақыларын бере алмай қарызға белшесінен батты. Жұмысшылар арасында толқулар көріне бастады. Сөйтіп, «Маңғыстаумұнайгаз» банкротқа ұшырайтындай күйге жетті. Біздер тендерде жеңіске жеткен жаңа қожайынмен бірлесе отырып өндірісті сауықтыруға бар күшімізді салдық. Нәтижесінде өндіріске мұнай қабаттарының өнімділігін арттыратын жаңа технологиялар енгізілді. Сан алуан өндірістік объектілер іске қосылды.
Қаламқастықтардың 2006 жылы 100 миллионыншы тонна «қара алтынын» өндіруге қол жеткізуі үлкен еңбек жеңісіміз болатын. Жұмысшылар негізінен жергілікті жерлерден қабылданды. Яғни, облыстың барлық аудандары мен шалғайдағы ауылдарынан да жұмысшылар келіп, вахталық әдіспен жұмыс істеді. Ираннан келген қандастарымыздың отбасы мүшелерін де кедергісіз қабылдадық, оларға жағдайға тез бейімделіп кетуге жағдай жасалынды.
Мұнайшылардың әлеуметтік мәселелерін шешуде үлкен өзгерістерге қол жетті. Қаламқаста 2100 адамға арналған 40 блоктан тұратын жайлы жатақхана, 250 орындық екі асхана іске қосылды, дәрігерлік–фельдшерлік пункт,1500 шаршы метрлік тұрмыста пайдаланылған суларды тазалайтын қондырғы, Жетібай кенорнында 250 орындық екі асхана, Асар кенорнында 50 орындық асхана және 100 орындық жатақхана, Қияқты кенорнынан тұщы су шығарушылар үшін 50 орындық жатақхана асханасымен бірге салынып, пайдалануға берілген еді.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да қуаты жылына 300 километрлік шыны-пластикалық құбыр шығыратын зауыт салынып, пайдалануға берілуі облыс көлеміндегі ірі жаңалықтардың бірі болды. Зауыт 2002 жылғы қарашада басталып, оның №1 цехы қысқа мерзімде 2003 жылғы қаңтарда пайдалануға тапсырылған еді. Бұл цех кенорындарындағы мұнай жинақтайтын құбырлар мен коллекторлар үшін 100-217 миллиметрлік, сондай-ақ қабат қысымын ұстау жүйесінің диаметрі 63 миллиметрлік сорап-компрессор тұрбаларын жылына 270 километр мөлшерінде шығара алатын.
2003 жылғы 15 қыркүйекте Ақтаудағы «Маңғыстаумұнайгаздың» су тұщытатын және ауыз су өндіретін зауыты пайдалануға берілді. Бұл зауыттың бас жобалаушысы М.Келдыш атындағы ғылыми-зерттеу орталығы мен «ВНИИИПК спецстрой-конструкция» (Москва) АҚ болатын.
Акционерлік қоғамның қаржылан-дыруымен Ақтау қаласында ауданы 9 мың шаршы метр «Ардагер» супермаркеті және ауданы 50 мың шаршы метр болатын алып «Ақтау» сауда, ойын-сауық орталыға іске қосылды. Ақтау қаласында медицинаның соңғы жаңа техникаларымен жабдықталған мұнайшылар емханасының ашылуы жұмысшылар үшін теңдесі жоқ үлкен сый болды.
Ақтау қаласынан «Мұнайшы» стадионы салынып, пайдалануға берілді. Орталықтан шалғайда орналасқан Аққұдық ауылына әсем мектеп ғимаратын сыйға тарттық. Ақтау қаласының әсем ғимараттарының бірі – «Маңғыстаумұнайгаздың» бас кеңсесі, оның соңғы кезде салынған қосымша биік ғимараты Ақтау қаласының сәніне сән қосып тұр. Бұлар жасалынған көп жұмыстың бір бөлігі ғана.
- Өмір жолыңыздың қалыптасуына ықпал еткен азаматтар туралы және өмірден түйгеніңізді айтсаңыз?
Өмір дегеніміз адам іңгалап жарық дүниеге келгеннен бастап, мәңгілік мекеніңе кеткенге дейін үйрену мектебі ғой. «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат», «Жақсымен жолдас болсаң жеткізеді мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қалдырады ұятқа» дегендей өмір жолымда талай –талай жақсылармен қызметтес болып, адами қасиеттерін үлгі еттік, ағалық қамқорлықтарын сезіндік.
Ондай ағалардың қатарына Сафи Өтебаевті, Асабай Хисметовті, Халел Өзбекқалиевті, Виталий Иосифович Тимонинді, Саламат Мұқашевті, Нәсіпқали Марабаевты, Леонид Петрович Дмитриевті, Юрий Ксенофонтович Юферовты, Ибрагим Мұратты, Валентин Петрович Токаревты, Рашит Темірболатұлы Сарсеновты, Жанболат Досмұханбетовты жатқызар едім. Бұл азаматтардың әрқайсысының бір романға жүк боларлық адами қасиетке толы өмір тарихтары бар.
-Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі
Айтуар ӨТЕГЕНОВ |