Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
02.09.2020 ШАПАҒАТ
   

Ұлы жолдан ойға құлағанда «менмұндалап» күмбезі күнге шағылысқан, үйренбеген көзге таң, аппақ ауыл жарқ ете түсті. Тұп-тұлдыр кеңістікте сағыммен араласып жанына сая, дертіне дауа іздеген жұрттың неше ғасыр қоналқысы болған қауым ғой бұл.

Абыз Әбіш Кекілбаев жазатындай, Маңғыстауда мыңдаған жылдар хабарын айтып беретін «сұңғылалар» - тарихи мұраның жоқтаушысының болғаны қандай ғанибет! Қандай істі қолға алса да діттеген жеріне жеткізбей тынбайтын мәдениет және дін жанашыры, «Қараман ата» қоғамдық қайырымдылық қорының жетекшісі Сәуле қажы Бердіханқызының Қараман ата мешітін қамқорлыққа алу туралы идеясы, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик Серікұлы Айдарбаев мырзаның тікелей қолдауы, төрт мың мұнайшысы бар атақты ұжым - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қамқорлығы елдігімізді танытатын сауапты шаруаның орайын келтірді. Оның үстіне биылғы жылы діни сәулет туындысы «Қараман Ата» тарихи нысанының аманаты толығымен Компания мойнына өтті. «Осы орайда елдік жобаның жүзеге асуына қызу қолдау көрсеткен, жақсы іске бас болған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Қалбай Әжімбайұлының Ізмұқановтың азаматтығына, компанияның барша мұнайшыларына алғысымыз шексіз» - дейді Сәуле Бердіханқызы.

Құба жонда самсап шыға келетін Қараман ата қауымынан шегініп барып қоныс тепкен кешеннің құрылысының басталғаны күні кеше сияқты еді. Ерте көктемде ел үлкендері бата беріп, ел азаматтары іргетасын қалаған түнеухана Атаға қызмет етуге дайын екен. Кешен басындағы 300 орындық түнеухана, асхана мен дәретхана және 250 метрлік құдық, сондай-ақ Қараман ата жерасты мешітіне дейін 16 шақырым жол, 11,5 шақырым тоқ желісі, ескерткіш тақта, арнайы қақпа, қорым айналасындағы дуал, мешітті самаладай жарқыратып тұрған шам жарығы – Қараман Атаны бетке алып келген халықтың көкірегін қуанышқа бөлейтіні даусыз. Бүгін де қауым басындағы адам қарасы аз емес.

- Біз Мұнайлы ауданы Қызылтөбе елді мекенінен ұжым болып зияратқа келіп отырмыз. Осымен Қараман Ата басына екінші рет келуіміз. Бүгін Ата қауымында атқарылған жұмыстарды көріп таң қалып тұрмыз. Өте керемет кешен. Мешітке түсіп, зиярат жасап, түнеуханадағы жасалған барлық жағдайды көріп, ата-баба мұрасына деген қамқорлыққа куә болып, қуанышымызда шек жоқ! Зияратшылар үшін жасалған шаруаны атқарған бұрынғы әкіміміз, қазіргі Ұлттық компания жетекшісі Алик Серікұлы Айдарбаев бастаған мұнайшыларға ризашылығымыз шексіз!, - дейді жан толқынысын жасыра алмаған кәсіпкер, көп балалы жас ана Тұрғангүл Жүгінісова.

Ия, Қараман Атаға әр барған сайын рухтанып, зиярат жасап Атадан медет тілеп барамыз. Бүгінгі сапарда біз де ұрпақтың Бабаға деген риясыз қызметіне куә болып тәуба еттік. Кемеңгер Әбіш Аға «Бұл тарих бізге молалардың, зираттардың көшпелілер үшін өлгендерді жерлейтін орын, дүниеден ауған ата-бабаның атын сақтай ескерткіштер ғана емес, елдік белгі екенін, олардың мұндай зираттар салуға аса саяси мән бергенін байқатады. Зираттар белгілі бір территориялық кеңстікке қожа екенін заңдандыратын нақты айғақ, еліміздің көп ғасырлық тіршілігінің көне документі... Көшпелілер өз тарихын хатқа сенбей, тасқа сеніп қалдырғандай» деп жазады емес пе?! Елдің иесі, жердің Киесі болғандықтан ғана ел - ел, жұрт – жұрт!

Баба тарихқа тағзым, атамұраға адалдық төрткүл дүниенің алдында Маңғыстаудың абыройын де мерейін де өсіріп келе жатқан ежелгі дағды, қанға сіңген қасиетіміз. Мүмкін түбектің астын да, үстін де ырыс-несібеге кенеп келе жатқан сол Аталар аманатына адал ұрпақтың ниетіне деген қыр басындағы әулие-әмбиелердің шапағаты шығар. Ырымшыл халықпыз ғой... ұлы шаруаны риясыз көңілмен атқарған, тілеулес болған маңғыстаумұнайгаздық мұнайшылардың жасаған сауапты істерінің қайырымы баршасына жақсылық болып оралғай деген тілекті Атаға қол жайып тұрып, біз де тіледік!


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту