Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
06.09.2020 ӘКЕ ҮМІТІН АҚТАҒАН АЙСҰЛУ
   

Мұнай жерден Құдай берген нәсібім,

Мұнайшылық – мәртебелі кәсібім.

Жасырынған жер астында жеті қат,

Қазынаның біз аламыз асылын!- деген жыр жолдары әр мұнайшының көкірегіндегі мақтаныш сезімнен ғана емес, кіндігімен осы қазыналы түбекке байланған сан ұрпақ қара алтын өндірушілердің тағдырынан хабар бергендей.

Тарихшылар айтатын Маңғыстау жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер деген деректі естіген сайын сонаау алпысыншы жылдары мұнайлы өлкелерден осы сайын дала қойнауындағы мол байлықты игеруге жастық жалынмен келіп, осы топырақта бар ғұмырын өткізген мұнайшылардың алғы буынын да со жұрттың біріне теңесе, қане, деген ойдың көңілдің түкпірінен қиян беріп қалатыны бар кейде... мүмкін бұл тарихқа қиянат та шығар?! Дегенмен мына асты да, үсті де кен түбекті осы даланың иесі сен деп мың сан күмбез, кесене, қойтас, сандықтастармен құжаттандырып кеткен ат үстінде ауыздығымен су ішкен ата-бабаның жорық жолдарында «Аспан деген, жас ұлан, Басталады біздің жақта мұнаралар басынан» дейтін батыр мұнайшылар да табан тіреп қалды. Қыр басына шығып алып, күмбірлеген күмбездерде «ал, біз жеті ұрпағыңа жететін мол байлықты мұра қылдық, игілігін көріңдер» деп Маңғыстауды мәңгілік мекені қылып олар да бір жұрт болып жатыр...

Жетібайдың қырында Таспаев Жайманды білмейтін адам кемде кем. Атырау облысы, Қаратон поселкесінде дүниеге келген Жайман аға 1968 жылы Маңғыстау мұнайының бастау-бұлағы болған Жетібай кенорнына арнайы жолдамамен басшылық көшіріп әкелгендердің қатарында болды.

Осыған дейін «Қазақстан мұнай өңдеу» зауытында мыс өңдеуші, Байшонас жер асты жөндеу жұмысында, Қаратон кенорнында еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған маман о кезде «самородок, сары алтынға» тең еді. Жетібай өндіріс ошағы келген мамандарды құшақ жая қарсы алды. Еңбек десе жанып түсетін Жайман аға Жетібайдың мұнайын тұңғыш өндіруге тікелей атсалысқандардың қатарынан орын алды. Өндірістің ыстық-суығын белуардан кеше жүріп, 1975 жылы Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұнайшы атанды. Жетібай мұнайын игеруде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, тер төккен мұнайшылардың қатарында, құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін жұмыс жасап, көпке үлгі болды. Артында жақсы абырой-атағы қалды. Ең бастысы - өзі сияқты еңбекқор ұл мен қыз жақсы әкенің жақсы атын абыроймен ілгері алып барады.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз - «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы ғылыми-зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының зертханашысы Айсұлу Жайманқызы Таспаева. Әкесі Жайман аға жұмыста қалай талапшыл болса, отбасына, балаларына да сондай талап қоятын. Ұл-қызын еңбекке, адалдыққа, тәртіпке баулыды. Әкелері жұмыстан келетін уақыт жақындағанда, отбасындағы шүпірлеген он екі баламен қоса, анасы да бәйек болып отағасының қасы мен қабағын бағатын. Мұнайшылар жатақханасының вахтері болып қызмет еткен анасы Сәнзира отбасының ахуалын бірқалыпты ұстаушы еді.

- Әкем ортасына ықпалы бар, сөзі жүретін, жан-жағындағы ағайын-тума, ұжымдастар мен бала-шағасы үшін зор бедел иесі болды. Ұрпақ тәрбиесіне ора­сан зор мән берді. Әке өнегесінің пайдасын, оның отбасындағы ешқандай жағдай, ешбір күш шайқалта алмайтын беделі туралы сағаттап айта аламын. Біз үшін осындай даңқты мұнайшының баласы деген атты алып жүру әрі үлкен сын, әрі үлкен мақтаныш болды, - деп еске алады Айсұлу апай.

Сондай жанұяда тәрбиеленген Айсұлу Жайманқызы да әкенің жол көрсетуімен, нұсқауымен орта мектепті бітіре сала, небары 17 жасында еңбекке араласты. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасындағы ғылыми-зерттеу және өндірістік жұмыстар цехындағы зертханаға оқушы-үйренуші болып орналасты. Бірлігі жарасқан тату, білікті мамандар мен өз ісінің шеберлері, кәсіби қызметкерлер еңбек ететін ұжым жас маманды мейлінше еңбекке баули білді. Соның ішінде Галина Николаевна Бухвалованы ұстазы ретінде зор құрмет тұтады. Осы ұжым берекелі құтты шаңырақ болып, он жылдан астам жас маманды ширатты, зертхана қызметінің қыры мен сырына әбден үйретті.

1981 жылы қазыналы қарашаңырақ Қаламқасқа ауысты. Бүгінде Айсұлу Жайманқызы еңбек ететін ғылыми-зерттеу және өндірістік жұмыстар цехындағы химиялық анализ зертханасын нағыз тәжірибе алаңы деуге болады. Мұнда зертханашылар мұнайдың құрамындағы тұзды, суды, топырақты айырып, сапасын анықтайды. «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамына өткізуге дайындалатын мұнайдың құрамындағы компонеттерді ажыратады. Яғни, тұздың деңгейі 100 миллиграмнан, судың деңгейі 0,5 пайыздан аспауы керек. Осылайша зертханашыларымыз мұнайды тапсырудың тоқтаусыз процесіне өз үлестерін қосуды жалғастыруда. Цех заманауи жабдықпен жабдықталған және осында жұмыс істейтін әріптестерге толыққанды еңбек ету үшін барлық жағдай жасалған.

Айсұлу үшін дүнияда Қаламқастан ыстық жер жоқ. Өмірінің ең аяулы сәттерінің куәсі болғандықтан шығар, мұнда сағынышты естеліктері бар. Жылдар бойы табанды тынымсыз еңбегінің куәсіне айналған мекен - Қаламқаста болашақ жан жарын кездестірді. Өтеген Жайылғанұлы Абдрахмановпен танысып, шаңырақ көтерді. Сол шаңырақтан өрген 4 ұл-қыздың барлығы жоғары білімді, өз саласының білікті мамандары, отбасылы, бала-шағалы азаматтар. Барлығы да шаңырақта қалыптасқан тәртіптің, тәлім-тәрбиенің арқасында осы күнге жетіп отыр.

Төккен тер мен толассыз еңбектің өтеуіндей Алғыс хаттары мен Құрмет граматолары бар. Осындай ерен еңбек иесі - Айсұлу Жайманқызына кәсіби мереке тұсында біз де деніне саулық, отбасына амандық, еңбегіне жеміс тілейміз. Әрдайым жасампаз еңбектің жарқын үлгісін көрсете жүріп, бейнетіңіздің зейнетін көріңіз!


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту