Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
03.12.2020 ҚОС ЕРБОЛАТ - МАҚТАНЫШЫ ҰЖЫМНЫҢ
 

Елімізде орын алған індеттен сақтық шаралары негізінде қашықтықтан сұхбат алып, кейіпкердің келбетін барынша ашуға әбден машықтанған әдіспен амандасқан келесі кейіпкерлеріміз «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы пайдаланыстағы жабдықтарды прокаттау және жөндеу цехының 5-дәрежелі токарі Ерболат Нұрпейісов пен сол цехтың 5-дәрежелі жинақтаушы-слесарі Ерболат Есполов болды.

 Ышқынған станоктардың шыңылынан «Амансың ба, айнам»-деп жылы амандасқан әріптесіміздің дауысы еміс естілді...

Жұмысын жайғастырып келген ағамыздың әңгімесінен табанынан тік тұрып, жылдарын арнаған туған кәсіпшілігіндегі соңғы вахтасының санаулы күнін өткізіп келіп жатқанын аңғардық: «Ертең вахта тапсыратын соңғы жұмыс күн. Кешкісін үзеңгілес жігіттермен естелік суретке түсіп, жаңа босап жатырмын»

Жыл басынан бері компаниядан елуге жуық адам зейнеткерлікке шыққан. Оның басым бөлігі Ерболат Мұхамедұлындай өндірісте тер төккен мұнай майталмандары.

Астрахань облысы, Володар ауданында туған Ерболат Нұрпейісов еңбекке ертерек, тіпті бала күнінен араласты. Жеті баланың арасында өскен оны әкесі бауырларына бас-көз болсын деген оймен жасынан еңбекқор, елгезек етіп тәрбиеледі. Әкесінің бос отырған кезін көрмеген Ерболат мектеп бітірісімен токарь кәсібінің барлық сатысын терең меңгеріп алады. Қолының икемі бар оған темірден түйін түю қиын болмады, сүйікті кәсібін нәсібіне айналдырып еңбегінің жемісін көрді.

Өмір бойы Астраханда тұрған әкесі мен анасының қарапайым тірлігі оны өмірге бейім етіп, шаруаға икемді қылып шыңдады. Әкесі мұғалім, анасы дүкенші болып зейнеткерлікке шыққан.

- Ата-анамның бос отырған күндерін көрмеппін. Бізді жеткізудің қамымен не мал қарайды, не отын жарады, не құрылыс салады, әйтеуір, қашан көрсең де бір шаруаны қолға алып жатқаны. Шаршауды білмейтін адамдар сияқты еді. Ауыр жұмыстардан да қайтпайтын еңбеккер еді. Сол тәрбиені көріп өстік, - дейді Ерболат аға.

1984-1986 жылдары Прибалтика еліндегі әуе күштерінде әскери міндетін атқарған Ерболат Атыраудағы педагогикалық институтқа сырттай оқуға түседі. Тіл мамандығын игеріп шыққан ол Мақат ауданындағы орта мектепте тәжірибеден өтеді. 1987 жылы өмірлік жарын кезіктіріп отау құрады. Сол жылы КазНИПИ-де жобалаушы болып жауапты қызметте жасайтын жары Рая Боранбайқызын жолдамамен Ақтауға шақыртқанда еңбекқор отағасы еш қынжылмады. Екі қолға бір жұмыс табыларына сенімді болған ол жанұясымен Ақтауға көшіп келеді. Берекелі тірлігімен емен-жарқын қарсы алған Маңғыстау жас отбасын бірден баурап алды. Ағамыз «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты стандартсыз құрылғыларға өндірістік қызмет көрсететін орталық базаға токарь болып орналасады.

- Әкем «ешқашан ешкімнен ештеңе сұрама» деп тәрбиелеп еді. Денсаулығымның арқасында табылған қара жұмысты таңдамай жасадым. Балаларыма да еңбекпен тапқан нанның дәмі ерекше болатынын айтып отырамын. Олар да еңбексүйгіш болып өссе екен деп тіледім. Балаларымның үп-үлкен кісідей әр сөзімді ұйып тыңдап отырғанын көріп, бірде мен: «Адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Адам айға да ұшты емес пе?» десем, кіші ұлым аңтарылып қарап қалды. Ол еңбек адамды дегеніне жеткізетіні туралы ойымды айтпай ұғады.

Құдай бере салған екі ұлым бар. Екеуі де өндірісте жасайды. Үлкен ұлым Мұрат Алматы қаласындағы Каспий қоғамдық универитетін мұнай-газ ісі мамандығы бойынша бітіріп, «ҚазМұнайТеңіз» компаниясында ұңғымаларды бұрғылау және күрделі жөндеу бөлімінің супервайзері болып еңбек етеді. Кіші ұлым Азат та мұнайшы, «ОСК» мекемесінде бұрғышының көмекшісі болып нанын тауып жүр. Бес-алты жылдықта аналарынан көз жазып қалдық. Қайратың қайтып, сүйікті кәсібіңнен шеттейтін шақта балаларың ізіңді басып, көз-қуантып отырғанда, тәтті немерең «Аталап» мойыныңа асылғанда шүкір етеді екенсің! Дәм-тұз бұйырып ұрпақ өрбіткен Маңғыстаудан ыстық мекен жоқ маған, - деп еңбек жолы киелі мекенмен бірге өрілген Ерболат Мұхамедұлының ұрпақтары да осы жердің мәртебесін алысқа апарарына сенімдіміз. 

* * *

Ел ішінде көп елене бермесе де өндірістегі ең қат мамандықтың бірі – слесарь. Бұл мамандықты меңгеру оңай емес. Дегенмен, Ерболат Есполов слесарь мамандығын таңдағанын әр кез мақтан тұтады. Осыдан 39 жыл бұрын Красноводск қаласындағы техникалық училищеден «техник-механик» мамандығын бітіргелі бері мамандығына адалдығынан айнымай келеді. Адалдық дегеннен шығады, биыл үлкен кәсіпорында табан аудармастан еңбек еткеніне 16 жыл толды.

Осыдан біршама уақытқа кейін шегінсек. 1962 жылы Түркменстандағы Красноводск қаласында, көп балалы отбасында дүниеге келген Ерболат сегіз ұл, бір қыздың арасында зерек өсті. Әкесі соғыс ардагері, анасы да тыл ардагері, мектепте мұғалім болған кісі. Орта мектепті бітіріп, техник-механик мамандығын игерген ол Дальнереченск қаласында әскери борышын өтейді. Әскерден келісімен 1983 жылы мұнай заводында алғаш еңбек жолын бастаған ол бір жыл жасап, Уфра қалашығындағы теңіз базасына кеме жөндейтін слесарь болып ауысады. Ол жерде сегіз жыл еңбек етіп ширыққан жігіт осы жылдар ішінде шаңырақ көтеріп, отау құрды. Марқұм әкесінің аманатымен 2004 жылы елге қоныс аударып, Жаңаөзен қаласына көшіп келгенде алғашында оңай болмады. Құрылыста, кейін Ақтау қаласындағы ТВС мекемесінде жұмыс жасаған Ерболат сол жылы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.

Қазір аталған кәсіпорынның пайдаланыстағы жабдықтарды прокаттау және жөндеу цехында жинақтаушы-слесарь Ерболат Сейілханұлымен бірге 160-қа жуық маман тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Әр маман өз ісін жауапкершілікпен атқарады. Сораптарға түбегейлі жөндеу жасап, арнайы кескіндемеге қарап темірден, шойыннан сораптар дайындайды. Әрине, оңай емес. Әр кескіндеменің жүздікпен, миллиметрмен өлшенетін тұстары бар. Өте дәлдікті қажет ететіндіктен қателесуге болмайды. Қателесіп те көрмепті, соның жемісі – 5 санатты слесарь атануы. Ерболат Аға кәсіпорында орнықты жұмыс істеуінің себебін «Бұл кәсіпорын мен үшін ыстық қой. Осында Сергей Капулер, Дүйсенбай Шегебаев секілді ұстаздарымнан слесарлық мамандыққа машықтандым» деп түсіндірді. «Сол ұстаздарымның жолын жалғастырып, ел экономикасын өркендетуге атсалысып келемін», - дейді маман.

Бүгінде Ерболат Есполов көзінің қос қарашығындай ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Ұлы Алматы қаласындағы авиациялық техникумды бітіріп, Ақтау қаласындағы әуежайда жұмыс жасайды. Түтіні түзу жанып, шаңырағына береке-бірлік орнаған отбасында 94 жастағы кейуана бар. Ұрпағына еңбексүйгіштікті дарытып, саналы тәрбие беріп отырған Есполовтар отбасының осылайша көпшілікке үлгі болып отырған жайы бар.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту