Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
04.12.2020 МҰРАТЫ АСЫЛ ОРАЗМҰРАТ
 

Сонау 60-жылдары Жетібай мұнайының даңқы алысқа озған тарихи кезең еді. Әулиеата өңіріндегі Хантауының баурайында дүниеге келген Оразмұрат ағайдың әкесі сол кездегі Жетібай мұнайының даңқын естіп Маңғыстауға көштің басын бұрған екен. Келе сала отағасы – Жеткізген Мұханов енді-енді жанданып жатқан өндіріске қызмет көрсететін өрт сөндіру саласына жұмысқа тұрды.

Бала Оразмұрат Маңғыстау топырағына да үйренісіп, мектепті де абыроймен аяқтады. Кейін қаладағы ГПТУ-11 училищесіне оқуға түсіп, дәнекерлеуші мамандығын алып шықты. Ол кезде жас мамандар үкіметтің тікелей қамқорлығында, сондықтан оқуды бітірген бойда ЖУБР мекемесіне жұмысқа тұрды. Бұл жерде біраз тәжірибе жинап та үлгерді.

Кейін әскерге алынып, Отан алдындағы міндетін адал атқарып келді. Ол кездері әрбір ер азамат әскерге баруды абыройлы міндет ретінде сезіне отырып, ел алдында берген антты орындауы үлкен мақтаныш болатын. Одан келіп, «Жетібаймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына жұмысқа алынды. Міне сол уақыттан бері отыз жылдан астам уақытта адал еңбегінің жемісін жеп келеді. Жұмысты белсене атқара жүріп, жылдан жылға біліктілігін арттырған әріптесіміз қайта оқудан өте жүріп, бүгінгі таңда 4-дәрежелі электр газ дәнекерлеуші болып еңбек етуде. Бұл кәсіптің наны жеңілдікпен келмейді. Сырт көзге қарапайым оңай көрінгенмен, қазір бұл мамандыққа қойылатын біліктілік талаптары жоғары. Мұханов Оразмұрат Жеткізгенұлы қандай іс болса да қиынсынбай, Жетібай кен орнында салынған ірі-ірі құрылыс нысандарында еңбек етіп, Компания табысына өз үлесін қосып келеді.

– Өндіріс, оның қызу тірлігі маған жат емес. Бала күнімізден ауыр тірлікке дағдыланып өстік. Сондықтан болар, бірден жұмысқа, ұжымға үйренісіп кеттім. Жылы шыраймен қарсы алған ұжымдағы өз ісінің шебері атанған білікті мамандардың жетекшілігімен мамандығымның қыр-сырына қанықтым,тәжірибе жинақтадым. Темір бөлшектерді бір-біріне жалғап, құбырларды біріктіру және оның сапалы жасалуы әрдайым басты назарда. Еңбек өнімділігінің артуына өзіндік қолтаңбамды қалдырып келе жатқанымды мақтан етемін. Келген маманды білікті, білімді, өз ісінің шебері, тәжірибелі маман етіп қалыптастыратын осындай алып өндірісте еңбек ету мен үшін үлкен мәртебе, - дейді Оразмұрат ағай.

«Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» деген сөз бекер емес. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана лайық жолмен жүріп, тірлік жасайды. Осы орайда Компания тарапынан құрмет көрсетіліп, мақтау-марапатқа да ие болды. Даналықтың, даралықтың негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп жанұялы болды. Бүгінде отбасы да басқаларға үлгі, өнеге тұтарлық деңгейде. Құдай қосқан қосағы екеуі қызығы да, қиыны мол өмірді бастан кешірді, бүгінде тәрбиелі ұл-қыз өсірген өнегелі ата-ана.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту