Маңғыстау мен мұнайдың егіз ұғым болғаны сияқты, осы топырақта өсіп-өнген адамдардың да мұнайшы болуы заңдылық сияқты. Өйткені бұ ауылдың өренінің бала күнінен еститіні де, көретіні де мұнай төңірегіндегі әңгіме.
Біздің кейіпкеріміз де қазыналы мекен Жетібайда дүниеге келді. Әкесі Алуадин Сейітжанұлы түбегімізде мұнай өндірудің алғашқы кезеңдерінен бастап атсалысқан азамат болды. Сол кездегі ең қат мамандардың бірі – бұрғышы бола жүріп, сонау Үстірт асып, одан Бозащыға келіп өндіріс ошақтарын ашуға белсене араласты. Сол жұмыстарды тікұшақпен қатынап атқар-ғанын еске алса, бүгіндері ертегі секілді. «Әкенің балаға беретін ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие» десек, қамқор әке оны толық бере алды. Адамгершілік, бауырмалдық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттерді өзінің үлгісімен сіңіре білді. Ешқашан ұрлық жасама, алдама деп үйреткен ата-ана қайда жүрсе де ақылын айтып отыратын.
Екі ағасының арасында еркелеп өскен бүлдіршін қыз 1971 жылы туған ауылындағы мектептің табалдырығын аттап, абыроймен бітірді. Әкесінен дарыған әншілік өнерін дамытып мектепте түрлі конкурстарға қатысты, түрлі жиындардың көркі бола білді, атақты әнші болсам деген балаң арманы да болды. Алайда жалғыз қызын алысқа жібергісі келмеген әкесі ол мамандықты таңдауға рұқсат бермеді. Сондықтан жақын жер Жаңазеннен сауда-саттық саласында училищеде оқып, білім алды. Одан кейін сол кездегі Шевченко қаласына келіп, қалалық, вахталық автобустарды қарайтын ПАТП-6 мекемесіне кассир болып орналасты. Бірақ өмірдің ағымы 1987 жылы маман Завирашты «Жетібаймұнайгаз» ӨБ, Асар кенорнына алып келді. Мұнай және газ өндіру операторы болып жұмысқа қабылданған маманға өз ісінің шеберлері Алпысбаев Таңбай, Түркменбай ағайлар жұмыстың барлық қыр-сырын үйретті. Осының арқасында тату ұжым тапсырылған жұмыстарды уақытында сапалы орындай алды. Көп ұзамай тұрмыс құрып, отбасылы болды. Жолдасы – Бекқожа Қадырұлымен де осы мұнай саласы табыстырды. Тату-тәтті отбасы еңбек ете жүріп, Алланың берген алты баласын тәрбиелеп, жеткізді.
Сол адал еңбек, төккен тер Завираш Алуадинқызын «Жетібаймұнайгаз» ӨБ, 3-цехының 4-разрядты операторы деңгейіне дейін көтерді. 30 жылдан астам еңбек тәжірибесі өндірістің тікелей тағдырын шешетін, өндіріс тетіктері қолдарындағы жұмысшы маманды әрдайым алдыңғы шептен табылуға үйретті..
- Біз өндіріске келген жылдар қазіргіден ауырлау кездер еді. Өндіріске мамандар жетіспейді, жұмысқа адамдарды лек-легімен қабылдап жатты. Осылайша өндіріс деген алып машинаның мен үшін есігі ашылды. Жастық максимализм басым болды ма, арнайы білімім болмаса да жұмысқа белсене кірістім. Әрине, жұмысты алып кетуіме сол кездегі тату ұжым мен ондағы білігі мол мамандар көп көмегін тигізді. Қазір жұмыс күші толық, барлық жабдықтар заман талабына сай, сондықтан да берілген тапсырмалар уақытында орындалып жатады. Біздің негізгі міндетіміз - блоктық топтық сорғы станцияларынан линиялар арқылы келетін ащы суларды алып арнаулы ыдыстарға жинап, оларды су таситын автоцистерналарға құямыз. Қысыммен су жіберу арқылы мұнайдың шығуына ықпал ету, осы процесті тепе-тең дәрежеде ұстай отырып, белгілі режиммен атқарып шығу. Осылайша күнде аталған процестер өз ырғағымен жүруі тиіс және алдағы уақытта да өз қарқынынан жаңылмауы тиіс, – дейді Завираш Алуадинқызы. Осы орайда №3 цех бастығы Қазбек Көшербай, орынбасары Әлихан Молдамұратов, шебер Ануар Нұрмұхановқа алғыс айтып өтті.
Жылдар бойғы төккен тер мен адал еңбек еленіп, Компания тарапынан төсбелгі, алғыс хат, мақтау қағаздарын иеленді. Еңбегінің ескерілгеніне риза. Салауатты өмір салтын берік ұстанатын әріптесіміз жұмыс орнындағы спорт залда бос уақытында үстел теннисі, волейбол ойнағанды ұнатады. Бойындағы әншілік өнері балаларына да дарыған, отбасылық жиындары әуелеген ән, күмбірлеген күймен сәнді.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз бар. Олай болса өмірінің мәні - ұрпағы қуантып, әрдайым мақтанышы бола берсін деп тілейміз. Осындай ерен еңбек иесі, көп балалы ана Завираш Алаудинқызына деніне саулық, отбасына амандық, еңбегіне жеміс тілейміз. Әрдайым жасампаз еңбектің жарқын үлгісін көрсете жүріп, бейнетіңіздің зейнетін көріңіз дегіміз келеді! |