29 желтоқсан күні облыс әкімі Серікбай Трұмов әлемдік деңгейде жарияланған пандемия кезінде ел жанынан табылып, көмек қолын созған бір топ азаматтарды қабылдап, індетке қарсы күрестегі қажырлы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің “Халық алғысы” медалімен марапаттады. Жоғары марапатқа ие болғандар қатарында “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ бас директорының бірінші орынбасары Қалбай Әжімбайұлы Ізмұқанов та бар.
«Қазіргі таңда, індеттің таралуына жол бермеу үшін Маңғыстау облысында көптеген жұмыстар атқарылды. Демеушілердің қолдауымен де талай игі істер атқарылғанын атап өткен жөн. Алайда, індет толығымен жойылып кеткен жоқ және халықтың денсаулығына әлі де қауіп бар. Сондықтан, күнделікті өмірде сақтық шараларын ұстанғанымыз жөн. Халыққа осы бағытта әлі де түсінік жұмыстарын жасауымыз қажет. Осы орайда, елдік істердің басы-қасында жүріп, қолдау көрсеткен, елдің амандығы үшін атсалысқан өздеріңіздей азаматтарға зор Алғысымды білдіремін. Еңбектеріңізге табыс, береке тілеймін. Абыройларыңыз арта берсін!» -деді облыс әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ пандемия кезінде жалпы сомасы 1,9 млрд. теңгеден астам демеушілік көмек көрсеткен болатын. Соның ішінде 20 ӨЖЖ аппараты мен үш реанимобиль, облыстық ауруханаға компьютерлік томограф сатып алынды, сонымен қатар компания өңірге Мәскеуден жоғары білікті дәрігерлер тобының келуін ұйымдастыру бойынша шығындарды өз мойнына алды, сондай-ақ басқа да көмек көрсетілді.
Марапатыңыз құтты болсын Қалбай Әжімбайұлы! |