Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Асар кенорнында мұнайшыларға арналған жаңа жатақхананың ашылу салтанаты өтті. Мұнайшылар мекеніне айналатын жаңа тұрғын үйдің лентасы қиылып, жиылған жұртшылыққа қазақы дәстүрге сай шашу шашылды.
Салтанатты шарада «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директордың әлеуметтік-әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Жетібай Төлеғожаев мұнайшыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі.
– Ең алдымен өз атымнан және Басқарма басшылығы атынан баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Осынау ұлық мерекеде елімізге құт-береке келсін, әр отбасының бақыты молая берсін. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басқарма басшылары қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларын шешу мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Міне, бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында «Жетібаймұнайгаз» ӨБ Асар кенорнында 50 орындық жаңа жатақхананың ашылуы осының бір айғағы. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын Асар кенорнының мұнайшылары үшін мұндай жатақхана екінші үйі іспеттес. Жатақхана құрылысын салуға атсалысқан мердігер компанияларға, құрылысшыларға және қызметкерлерімізге алғыс айтамыз. Жылдан жылға мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Барша қазақстандықтарды, маңғыстау жұртын, барша мұнайшыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін», - деді Ж.Төлеғожаев.
Бүгінгі заман талаптарына сай салынған қос қабатты жатақхана 50 адамға арналған. Мұнда әрбір секцияда жуынатын бөлме, дәретхана бар. Барлық бөлмелер жиһаздармен жабдықталып, ауа салқындатқыш жүйелермен қамтылған. Демалыс бөлмесінде спутниктік арналары қосылған теледидар орнатылған.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқарма басшылығы еңбек жағдайы мен жұмысшылардың тұрмысын жақсартуға баса назар аударады. Жаңа жатақхана – Асар кенорынының жұмысшылары үшін салынған үшінші баспана. Соңғы екі жылда Асар кенорында осындай екі жатақхана мұнайшылар игілігіне берілген болатын. Бұған қоса мұнайшылар мекенінде жаңа асхана кешені мен кітапхана, футбол алаңы мен жаттығу залы ашылған. |