Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
15.03.2021 ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
 

Амал мерекесі қарсаңында Жетібай ауылында орналасқан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету орталығында ерекше бөлменің ашылу рәсімі өтті. Жаңа бөлменің жан-жақты жасақталып ашылуына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы ұйытқы болған.

Салтанатты шараға жиылған жұртшылық оңалту орталығында ем алып жүрген бүлдіршіндердің мерекелік концертін тамашалады. Орталықтың әнші балапаны Кәусар Мәди «Анашым» әнімен әрбір жанның жүрегін тебіренте білді. Балалар ата-аналары мен өздеріне қамқорлық көрсетіп келе жатқан мекеме қызметкерлеріне тілек-ниеттерін өлең-жырмен жеткізіп, көрермендерге қуаныш сыйлады.

– Құрметті қонақтар, баршаңызды Амал мерекесімен құттықтаймын. Алдымен орталығымызда қызмет алатын балапандарымызға арнап осындай кереметтей кабинетті ашуға үлкен көмек көрсеткен «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына ризашылығымды білдіргім келеді. Адам жанының табиғатпен тығыз байланыста екеніне ерекше назар аударып, балаларымыздың денсаулығына оң ықпал ететін «Табиғат аясында» бөлмесін сыйлап жатқандарыңыз бәрімізді ерекше қуантып отыр. Біз бұл бастамадан үлкен нәтиже шығады деген үміттеміз. Осы сауапты жұмысқа жұмыла атсалысқан азаматтардың барлығына айтар алғысымыз шексіз. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, еліміз тыныш, балаларымыздың болашағы жарқын болсын, - деді педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің директоры Күмісай Мұратова.

Өз кезегінде «Жетібаймұнайгаз» ӨБ басшысы Қалмырза Бүркітов жаңа бөлмені ашуға ұжымдағы қызметкерлер бірлесе үлес қосқанын атап өтті.

– Қазақта «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген нақыл бар. Бұл бір ғана адамның емес, мекемеміздегі қызметкерлердің атсалысуымен жүзеге асты. Барлығы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жаңа бөлмені керек-жарақтармен қамтуға тырысты. Айта кетерлігі, осындағы керек дүниенің денін біздің мұнайшылар өз қолдарымен жасады. Осы азаматтардың барлығына да рахмет айтамын. Балалардың сауығып кетуіне шын жүректен тілектеспін, - дейді Қ.Бүркітов.

«Балаларға көмек көрсету, оларды сауықтыру – бізге жүктелген басты мақсаттардың бірі. Жаңа бөлмені ашып жатқан «Жетібаймұнайгаз» мекемесіне алғыс айтамыз. Мемлекет тарапынан балаларға әрқашан қолдау жасалады, тиісті қаражат та бөлініп отыр. Жергілікті бюджетті нақтылау кезінде Жетібай ауылына инвотакси алдыруды көздеп отырмыз. Алдағы уақытта шешімін күткен шаруаларды бірлесе іске асырамыз. Балалар тезірек сауығып кетсін. Амал мерекесі баршаңызға құтты-берекелі болсын», - деді Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков.

Оңалту орталығында 70 мүмкіндігі шектеулі бала ем алып жүр. Әр балаға үш маман – психолог, сурдопедагог, деффектолог бөлінген. Ем-шаралардан кейін мамандар түзеу жұмыстарын жүргізеді. Бірінші ауысымда таңнан түске дейін, екінші ауысымда түстен кешке дейін балалар осындай қажетті ем-шараларын алады.

Орталық емдік-денешынықтыру бөлмесімен қамтылған. Онда тірек-қимылы әлсіз балалар массаж алады, мамандар арнайы құрал-жабдықтармен бүлдіршін-дердің бұлшық еттерін қозғап, оятады. «Орталық ашылғалы қызым ем алып келе жатыр. Осында қызыммен жұмыс істейтін апайлары өте жақсы. Қызым орталыққа келуге күнде асығады. Ем алғалы жақсы нәтижелерді көріп келеміз. Қызымның денсаулығы бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды. Бүгін міне «Табиғат аясында» бөлмесі ашылып, оған да қызым қатты қуанып жатыр. Баланың қуанышы – біздің қуанышымыз. Барлығына, осы мекеменің қызметкерлеріне, «Маңғыстаумұнайгаз» басшылығына да алғысым шексіз», - дейді Сәнбибі Исмағұлова есімді ата-ана.

Мұнда ем алатын балалар табиғатынан ерекше болғандықтан, оларға «Табиғат аясында» бөлмесінде жүргізілетін түзету жұмыстары ауадай қажет. Мәселен, мамандар сөйлей алмайтын балалардың ұстап сезуі жоғары болатынын айтады. Ал жаңа ашылған бөлмеде олар табиғат аясында жүргендей әсер алады, әртүрлі құстардың дауысын тыңдайды, осының барлығы ем алушы балалар денсаулығы үшін өте үлкен маңызға ие. Бөлмеде балаларға арналған әткеншектер, шайқалмалы орындықтар қойылып, субұрқақ орнатылып, айнала түгел табиғат көріністерімен көмкерілген. Мекеме қызметкерлері мен ата-аналар балаларға арналған осындай ем-шаралардың нәтижелері де мол боларына сенім артады.

 

Жайық НАҒЫМАШ

«Маңғыстау Медиа»


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту