Қазақша                                 Русский
 
Вход для поставщика
Пользователь
Пароль
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Новости компании
22.10.2018 ТҮБЕКТІ ТҮЛЕТКЕН ТҰЛҒАҒА ТАҒЗЫМ
 

 Халел Өзбекқалиев - 90 жыл

Аса көрнекті мемлекет қайраткері, еліміздің мұнай саласы Абыздарының бірі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, Ленин сыйлығының лауреаты, Өзен, Жетібай, Теңге, Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, Қаламқас кен көздерін ашқан, Маңғыстау түбегін игеруді ұйымдастырушылардың бірі Халел Өзбекқалиевтің 90 жылдығы Маңғыстау жерінде кеңінен аталып өтті.

Мерейтой Халел Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі алаңындағы даңқты геолог-барлаушының ескерткіш бюстіне гүл қою салтанатынан басталды.

Салтанатты жиынды Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов ашты. Өңір басшысы Маңғыстау тарихында өзіндік өшпес орны бар тұлғаның мұнай барлау мен өндіру, өлкені дамытудағы орасан зор еңбегіне тоқталып, жиынға қатысушы ардагер мұнайшыларға алғысын жеткізді:

- Біздер, орта буын өкілдері, Халекең туралы естеліктерді тыңдап, ағаның тәліміне, тәжірибесіне, адамгершілік парасатына тәнті боламыз. Өңірдегі ірі мұнай кенорындарының басым бөлігін Халел ағамыз ашып, оларды игеруге мұрындық болды. Артына өшпес із қалдырған Халел Жағыпарұлының 90 жасын атап өтуге алыс-жақыннан ат арытып келген баршаңызға алғысымды жеткіземін.

Жиында техника ғылымдарының докторы, кезінде мұнай саласы министрі қызметін атқарған ардагер Ұзақбай Қарабалин, Қазақстанның құрметті геолог-мұнайшысы, Н.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры құрылтайшыларының бірі Орал Ақшолақов, мұнай-газ өндірісі саласының үздігі, ардагер энергетик Қалабай Төлегенов, Халел Өзбекқалиевтің ұлы, полиция генерал-майоры Райымхан Өзбекқалиев естеліктері мен алғыс тілектерін жеткізді. Одан әрі ескерткішке гүл шоқтары қойылып, жиналғандар колледждегі Халел Өзбекқалиевке арналған мұражайды тамашалады.

Артур Рашидов - Х.Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжінің студенті:

-    Даңқты геолог барлаушының еңбек ерлігі мен табандылығы үлгісін бойымызға сіңіру, ер есімін биік ұстап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру берік ұстанымымыз болып қала бермек. Халел атамыздың атымен аталатын колледж студенті болу да үлкен құрмет, осы дара тұлғаның еңбегін, мұнай саласындағы қызметін жалғастыру біз секілді болашақ мұнайшылардың еншісіне тимек. Х.Өзбекқалиев атымен аталатын колледж әлі талай шәкіртке білім беріп, туған Отанымыз – Қазақстанның экономикасын дамытатын мыңдаған жас маманға жөн сілтейтініне сенемін.

Мерекелік шара мұнай-газ саласы ардагерлері мен мұнайшыларға, қоғам өкілдеріне жайылған ақ дастарханда жалғасты. Есіміне ел қанық Халел Жағыпарұлының көзін көрген мұнай майталмандары ақиық азамат туралы естеліктерімен бөлісті, еліне адал азамат болғандығын айтып, өндірістің көкейкесті мәселелерінің түйінін тарқатқан іскерлігін, кісілігін еске алды.

Түс ауа қонақтар «Маңғыстау облысының мұнай-газ әлеуеті» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосты. Оған мұнай-газ саласының майталмандарымен қатар колледж студенттері қатысты. Конференцияны геология-минералогиялық ғылымының директоры Орал Ақшолақов ашып, жүргізіп отырды. Қ.Сәтпаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының директоры Герой Жолтаев пен «ҚазЭнерджи» Қазақстан ассоциациясы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Конференцияда «Елінің жүрегінде мәңгі қалған асыл азамат» тақырыбында «Қазақстан мұнайшылар-геологтар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР өнер-кәсібіне еңбегі сіңген қызметкер Балтабек Қуандықов баяндама жасады. Сондай-ақ, Маңғыстау кен орындарынан мұнайды арттырып алудың әдістері, Жетібай Өзен кенорындары мұнайын кешенді геохимиялық зерттеу, терең ұңғымаларды бұрғылаудың даму перспективасы туралы баяндамалар оқылып, келелі ойлар ортаға салынды.

Конференция соңында Х. Өзбекқалиевтың өмірбаяны негізінде жазылған «Мұнайдан дария жасаған» кітабы таныстырылып, колледж студенттеріне табысталды.

 


«« | »» « Назад | Все новости
Последние новости
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2019
All Rights Reserved
МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ
facebook instagram youtube
Блог Правления АО "Мангистаумунайгаз"

Хасанов Даулетжан Кенесович – Генеральный директор АО "Мангистаумунайгаз"

Перейти в блог