Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
06.03.2020 ҰСТАЗ АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН АЗАМАТ

  

Маңғыстауда мұнай мен энергетика саласына қатысы бар жұртшылыққа Қалабай Төлегеновтің есімі етене таныс.

Қалабай аға жиырмасыншы ғасырдың басымен келген зобалаңды тартудай-ақ тартқан Ештай атанған Естай болыстың 12-13 ұлынан қалған көз. Сахи, жомарттығымен аты шыққан Естай болыс туралы көз көргендерден жеткен жақсы сөз, абырой-атақ – ұрпағына мирас.

Әкесі Төлеген Естаев Фортта мектеп директоры болған. Ел шетіне жау тигенде бауырлары – Көкше, Қонысбай, Қабыл деген үш ағасымен соғысқа аттанып, майданда қаза табады. Сүйектері қалмақ даласында қалған боздақтардың бәрі сауатты, мектептің оқытушылары болған екен. Ағайынды жігіттердің төртеуінен бірдей бір күнде қара қағаз келіп, төрт шаңырақтың күлдіреуішінің бір күнде күйрегені бала Қалабайдың көкірегінде мәңгіге қалған қайғы-қасірет. Жетім қалған бала детдом-пансионатта тәрбиеленеді.

17 жасында мектепті үздік аяқтаған ол Баку қаласындағы индустриалды институтқа өз күшімен оқуға түседі. Институтта оқып жүргенде осы оқу орынын бітірген үздік түлектердің Құрмет тақтасынан Сафи Өтебаевтың суретін көріп, хат жазады. Оқуы аяқталғанша соғыс құрбандарының баласы ретінде қаржылай көмек бергізген Сафи ағаның қамқорлығы әлі күнге дейін жүрегінің түбінде. Бұл қамқорлық пен ағалы-інілі сыйластық өмір бойына жалғасты. Өміріндегі маңызды шешім қабылдайтын қай тұста болмасын Абыз ағаның аялы алақаны мен шарапатын көрді.

1960 жылы инститты абыроймен аяқтап, жолдама арқылы Гурьев қаласына келеді. Совнархозға жұмысқа тартқысы келген Сафи ағасынан өзі өндіріске жіберуді сұрайды. Сөйтіп 1961-65 жылдар аралығында «Эмбанефть» бірлестігіне қарасты Қаратон мұнай өндіру мекемесіне электромонтер болып орналасып, содан бас энергетик лауазымына дейін өседі. Маңғыстауға 1965 жылдың аяғында оралған жас маман 20 жыл бойы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясында бас энергетик қызметін атқарып, түбек өндірісінің дамуына үлкен үлес қоса білді. Өндірістің қайнаған ортасы Жетібай, Өзен секілді мұнайлы елді мекендерден бастап, мал шаруашылығымен айналысатын қашықтағы кеңшар орталықтарына дейін жарықтандыру жұмыстарын жүргізді.

Бүгінде Қалабай Төлегенұлы өзі ұстаз аға тұтқан Сафи Ағаның «Елдің азаматы болатын жастардың қолы таза болсын, ары таза болсын, халқына, ханға да, қараға да, малшыға да, жалшыға да, патшаға да бірдей жүрегі таза болуы шарт!» – деген сөзін жас кезінен жазылмаған заң есебінде қабылдап өмір сүргенін жасырмайды.

-1986 жылы Алматыда тұратын Сафи Өтебайұлы бір күні үйге телефон соқты,-дейді Қалекең. Қасында Рахмет Өтесінов те бар екен. Саған айтпақ бір бұйымымыз бар, үкімет Ақтаудан атом станциясын салдыратын сыңайлы, сен соны салдырмауды талап ететін ынталы топ ұйымдастыр. Егер атом станциясы іске аса қойса, бүкіл Маңғыстаудың болашағына қауіп төнетінін өзің де білесің ғой, – деді Сафекең.

АЭС-ті 2006 жылы Ақтауда атом электр станциясының тоқтатылғаны белгілі. Енді соның орнына тағы басқа жаңасын салғысы келді. Соны салдырмауға Сафи, Рахмет бастаған ынталы топ көп жұмыс жасады. Себебі уранды қалдықтардың құрамындағы түрлі қоспалар ашық жатқан жағдайда радиация шашып, ауаны ластайды, сондықтан қоршаған ортаға тигізер зияны орасан көп. Осының бәрін ғылыми негізде дәлелдеп, станцияны жіберу кезінде 9-11 балдық сілкініс болуы мүмкін екеніне көздерін жеткізетін ин­женерлік есебін жасап, дәлелдеп тоқтаттық. Болашақта энергия көзін табиғаттың өзінен, желден, күннен алуды жоспарлап, токты қоршаған ортаға зиянсыз жолдармен өндіруді қолға ала бастаған, тіпті игере бастаған елдер бар. Мысалы, әлемнің өркениетті елдері, әсіресе солтүстік теңіз жағалауындағы елдерде энергия көзін табиғаттың өзінен алу жолға қойылып, Нидерланды елінде теміржол қатынасы жел энергиясы күшімен орнаған. Біздің де сайын даламызда жиі соғып тұратын желдің тасқыны күшті, соны пайдамызға жарата білсек, таяу болашақта желдиірмендердің өнімін, күн қызуынан алынатын энергия қуатының игілігін көретінімізге сенім мол - дейді зейнет жасында болса да өз кәсібіне деген қызығушылығы ортаймаған Қалекең.

Бүгінгі таңда «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының жеткен үлкен жетістіктерінің бірі – Қаламқас кенорнындағы Газ Турбиналы Электр Станциясының (ГТЭС) іске қосылуы да осы Қалабай Төлегеновтің еңбегі. Тиімділігі жоғары бұл жоба – әлемнің бірнеше дамыған елдерінде қолданыста. Осы ГТЭС арқылы өндірілетін электр энергиясымен – ауаны ластайтын қаншама ілеспе улы газды тазалап, оны пайдаға жаратуға болады. Оның өндіретін қуаты Қаламқас кенорнын энергиямен толықтай қамтамасыз етуге жетеді. Қолданысқа енген уақыттан бастап ГТЭС жұмысының нәтижесінде 1,7 млрд. кВт сағат электр қуаты өндірілді, оның бағасы 1 кВт сағ.электр қуатына шаққанда – 6 теңге. Ал өзге электртораптық бөлу компанияларының бағасы - 19 теңге. Айырмашылық – жер мен көктей. Осылайша, Қаламқастағы ГТЭС салынған 2014 жылдан бастап, бүгінгі 2020 жылдың 1 қаңтарына дейінгі электр энергияны өндіруден берген үнемдеуі – 16 млрд 447 млн 371 мың теңгені құрады.

Жалпы, ГТЭС-ті салу туралы жоспардың өзі алуан түрлі ой-пікірлер мен қарама-қайшылықтар тудырды. Алғашқыда ГТЭС-ті Қаламқастағы батпақты сордың жағасына орнату ұсынылды. Бірақ, ГТЭС зауыт тәріздес өте ауыр салмақты, әрі жерге бекітілген тіреуі жоқ құрылғы. Сондықтан, терең сорға батып кету қаупі бар, ондай жағдай бола қалса, ол үлкен мәселе болады. Сондай-ақ, сол кездегі энергетик азаматтар ұсынғандай, станция 110 кВт кернеуіне қосылса, энергетика тәуелсіздігіне қол жеткізе алмайды, әрі ГТЭС берген экономияның пайдасын өзге электртораптық бөлу мекемелері көретіндігін жанын сала дәлелдеген де Қалабай Төлегенұлы. Білікті мамандар осындай пікір алмасулардан кейін, жаңа технологияның барлық қыр-сырына қанығып, ГТЭС-ті өндіріске қажетті деп таныды. Сондықтан, оны Қаламқаста орнатуға және де тек «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өзінің электрлік жүйесіне (35 киловольттық кернеуге) ғана қосуға Central Asia Petroleum басшысы Рашид Сәрсенов тапсырма беріп, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының басшысы Сағын Қырымқұлов қатаң қадағалап, Қаламқаста ГТЭС салынуға бірауыздан шешім қабылданды.

Осыдан кейін, Компанияның арнайы шақыртуымен Швециядан Ақтауға «SIEMENS» заводының бас директоры Гельмут Прагер ұшып келеді. Қаламқас кенорнына барып, сол кездегі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры С.Е. Қырымқұлов және энергетик Қалабай Төлегенов үшеуі ГТЭС салатын жерді көріп, орнын актімен белгілеп, бекітті. Жобаны салуды басқару Қ.Төлегеновке жүктелді. Ол өз саласын жетік меңгеріп, 1968 жылы Мәскеуде өткен жетінші Дүниежүзілік энергетиктер конгресіне қатысқан энергетика саласының білікті маманы еді. Сол кездері шетел мамандарымен жақсы танысып, олардан көп жаңалық, білім үйренгендігі өз нәтижесін берді десе болады. Қатарынан 3 жыл бойы шәкірттерімен Германия, Франция, Швецияда өндірістік тәжірибеде болды. Техникасы озық дамыған елдерде тәжірибе жинақтап, ГТЭС құрылысын салуды үйренді. Оқу оқып, тәжірибе алмасты, электр схемасымен таныса келе, «SIEMENS» зауытында емтиханнан өтіп, жұмысқа лайық деген мәртебелі құжат – сертификат алды. Дрезденьде, Хемницте, FYNSVURG зауытындағы сынауға өзі комиссия ретінде қатысып, қуаты 45 мың кВт-тан тұратын 2 комплект ГТЭС-ті көптеген қиыншылықтармен елге алып келді. Осылайша, Қазақстанда алғаш рет Германияның «SIEMENS» фирмасының ГТЭС тапсырысы орындалды және Францияның атақты «ALSTOM» фирмасының газды қорғауға арналған электр жабдықтарын ГТЭС-те жаңалық ретінде орнату іске асырылды. ГТЭС жобасын іске асыруға барлығы 16,74 млрд.теңге жұмсалды. Бүгінде «SIEMENS» зауытынан алған екі дана ГТЭС өндірісте зор табыспен жұмыс жасап тұр. Қосымша 31 жаңа жұмыс орны ашылды. Стансаның іске қосылуы Маңғыстау электр энергия торабы жүйелерінің жұмысын 8 пайызға дейін жеңілдетті, сондай-ақ, бұрын электр жүйелерінің апаттық жағдайда өшіп қалуынан болған мұнайдың жоғалу фактісін тоқтатты.

Осы жұмыстардың оңынан оралып, сәтті аяқталғанына қуанған Сафи Өтебаев: «Енді көңілім тынышталды, бұл бірігіп атқарған еңбектің жемісі болды. Алла қаласа, ГТЭС-тің игілігін болашақ ұрпақтарымыз көреді», - деп нық сеніммен айтқандығын үстаз алдындағы парызының орындал-ғанындай көреді. Шәкіртіне өзінің суретін беріп тұрып «Ағаңның ақ тілегімен ұсынған ақ батасы осы. Мойнымдағы бойтұмарым деп, ішкі төсқалтаңда сақтап ұмытпағайсың!» - деп аманат айтады.

- Мен де ризашылығымды білдіріп: «Сафи аға-ау, бұл маған ең құрметті орденнен де қымбат сыйлық. Сізді ұмытпаймын!» - дедім. Жылдар бойы Сафи ағаның аманат сөздері, ақ батасы өзіме күш-қуат берді, көңілімді демеді,-дейді Қалабай аға. Сынаптай сырғыған уақыт-ай! Ақылшы ағаның арамыздан кеткеніне бірнеше жылдардың жүзі болыпты-ау. «Өткен өмір ұмытылмайтындығымен құнды» деген рас екен. Сафи Өтебаев ағамыздың бар болмысы, атқарған ауқымды істері мен бойындағы асыл қасиеттері мен сияқты көзкөргендердің мәңгі жадында. Саналы ғұмыр кешіп, артына қалдырған өнегелі істерінің игілігін бүгінгі ұрпақ көруде. Жақсының артында қалған жағымды сөз, жылы лебіз дегеніміз осы болса керек.

Қалабай Төлегенұлы энергетика саласындағы жылдар бойғы жемісті еңбегі және өлке мұнай өндірісін дамытудағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген энергетигі, мұнай өндіру саласының үздігі атағына ие болып, «ГОЭЛРО – 50 жыл» төсбелгісі, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Өңір өнеркәсібін дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін ардагер энергетикке Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хаты табыс етілген.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Қалабай Төлегенұлы ұстазы Сафи аға үйреткендей өмірлік, азаматтық позициясына адал, қоғамдық та белсенділіктен қалған жоқ. Керек жерде бой көрсетіп, өмір ағымына әлі де үн қосып жүрген ағамызға зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз.

Арайлым Ақшаева

 


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту