Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
14.07.2020 ҮШТАҒАННЫҢ ҰЛАНЫ
 

Редакцияның озат әріптес туралы кезекті тапсырмасы бойынша сұхбаттасқан  кейіпкерім «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы, 3-ші мұнай-газ өндіру цехының 2-дәрежелі мұнай-газ өндіру операторы Қайырғали Тәкеновтің Маңғыстау киіз үйінің атағын алысқа ұзатқан, көне мұраны бүгінгі жеткізген атақты Атабай Тәкеновтың ұлы екенін білмегенім рас.

Ғасырлар қойнауынан салтанатын бұзбай болашаққа бет алған теңдесі жоқ ұлттық қолөнерді ұлтына аманаттап кеткен марқұм Атабай шебердің артында қалған ұлағаттың, көрегенділіктің сөзін естуіміз  бар. 1992 жылғы Дүние жүзі қазақтарының Алматы қаласында өткізілген Құрылтайы төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қазақтардың атакүлдікте бас қосқан, қазақ халқының тағдыры, ата-баба мұрасы, тілі, бүкіл дүние жүзіндегі қазақтарды біртұтас ұлттық мемлекетіне біріктірудің құқықтық негіздері талқыланған ұлы жиын болды. Тағдырдың айдауымен сыртқа кеткен бауырластарға көзайым болсын деген болу керек, орталық парктегі көрмеге Маңғыстаудан  Атабай Тәкенов пен Бақыт Бозжігітов қос үй тігеді. Ауылды аралаған Елбасы Атабай ағамыздың үйіне аялдап, киіз үйге тамсанып үйді тәбәрік ретінде қалдыруға қолқа салғанда, үй иесі «Атам қазақ басындағы баспанасын ешкімге бермеген. Себебі, онда Құт бар. Қара шаңырағын жаугершілікте шегінгенде де жұртта қалдырмаған, ырымға жаман, сондықтан да мен де қалдыра алмаймын. Бірақ нақ осындай үйді барлық жабдықтарымен жасап берейін» деп уәде берген екен. Кейін уәдесін орындаған.

Сол үй қазір Алматыдағы орталық мұражайда тұр. Шебердің ой-қиялының, дүние­таным көкжиегінің кеңдігінің дәлеліндей болған теңдесі жоқ ұлттық қолөнердің туындысы Тәкеновтер әулеті үшін де үлкен мәртебе, ұрпақтан-ұрпаққа мирасқа қалар  ұлы мұра.

- Әкем «Адамды өмірге құлшындыратын да, алдағы үмітіңді шындыққа айналдыратын құдіретті нәрсе – еңбек» деген ұстанымдағы ісмер адам еді. Киіз үйдің қаңқасынан бастап құрастырып, мың бояулы бауларынан бастап туырлық, түндіктеріне дейін өзі бас болып дайындайтын. Жалпы біздің Үштаған ауылын Маңғыстаудың киіз үйінің ұстаханасы десек өзгелер ренжімес деп ойлаймын, Көнеден бері шешелеріміз қызылды-жасылды жасаумен үй жабдықтап, тігетін - деп Қайырғали туған ауылын құрметпен әңгімеге қосты. Үштағанды айтқанда ол заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев оқыған мектепте білім алғанын да мақтан тұтады. Әркімге өскен ұясының, туған ауылының ыстық  болатыны, сірә, белгілі.

Зейнеткерлікке шыққанша аудандық бөлшек сауда бөлімдерінің бастығы болған әкесі Атабай мен дүкенші болып қызмет атқарған анасының «ешкімнің ала жібін аттама, адал жүр» деп құлақтарына құйып кеткен өсиеті балаларының өмірлік қағидасына айналған. Қайырғали Атабайұлы орта мектепті бітірген соң, сол кезеңдегі жастардың көпшілігі секілді шопырлық курстан өтіп, совхозда шопыр болды. Осылайша еңбекке ерте араласып, еңбектің тәтті нанын татты. Одан Орынбор асып, Отан алдындағы борышын ойдағыдай атқарып келді. Кейін Өзендегі мұнай техникумынан мұнай-газ өндіру операторы мамандығын алып шықты да, өндіріске орналасты. Алғаш жұмысқа келген кезде өз саласының майталманы Иван Мурабеков мұнай өндіру саласының қыр-сырына үйретсе, ал сол кездегі цех бастығы  Жетібай Төлеғожаев та біліктілікпен аса ауыр жұмыстарды ұйымдастыра білуге баулыды.

Бүгінгі таңда Шығыс Жетібай кенорнында жұмысының негізгі бөлігін өткізетін Қайырғали Атабайұлы өзге 2 оператормен біріге отырып, мұнай мен газ өндіру әдістері кезіндегі технологиялық процестерді жүргізеді, қызмет көрсетеді, жабдықтар мен механизмдерді бөлшектеп, жинақтайды. Скважина жұмыстарының белгіленген режимін сақтап, газ дайын-даудағы кешенді қондырғылардың, топтық өлшеу қондырғыларының, газды жерасты сақтау станциялары және басқа нысандардың жұмыстарын жүргізеді. Мұнай кәсіпшілігі жабдықтары мен арматуралардың механизмдерін жинайды және әзірлейді, жөндейді. Бұдан бөлек қазіргі заманғы мұнай және газ өндіру операторларынан жан-жақты білім және компьютер игеру талап етіле-тіндігі тағы бар. Алғашқыда оңай болмаған осы міндеттің барлығы, бүгінгі таңда бір жолға қойылған, жүйелі еңбекке ұласты. Соңғы кездері өндіріске енгізілген Крон дейтін аппаратты, зерттеп-зерделеп, оны да үйрену үстінде.

Әуелден ырыс-береке дарыған Қайырғали ағаның шаңырағы ынтымақтың ұясы десе болады. Жолдасы – медицина саласының маманы, саналы ғұмырын ауырған адамдардың жанына жалау болып, одан қала берді отбасының жағдайын жасауға арнады. Отбасындағы  5 баласының барлығы да жоғары білімді мамандар, көз қуанышы - немерелері де өсіп-өніп жатыр. Адамшылық-кісілікті жоғары бағалап, татулықты берік отбасының басты қағидасы санайтын  Қайырғали ағай:

- Ең бастысы – қайғысыз ішкен қара су, ел-жұрт аман болғайдағы, төрт құбыламыз түгел отырғаннан артық қандай бақыт керек?! Халықтың қарны тоқ, уайымы жоқ болғай! Мен осы мұнайлы өлке Маңғыстауда туып, ұрпақ жалғастырып, осындай бірлігі жарасқан елде тұрып жатқаныма мақтанамын! Аты жаман індеттен тезірек құтылайық»,-  деп ақ тілегін жолдады.

Жұмысын аса үлкен ыждағатпен атқаратын биязы мінезді ағайдың маңдай тердің арқасында алған бірнеше жетістіктері мен марапаттары бар. Ол да осы күнге дейін еткен еңбегінің еш кетпегені деп біледі. Өткеніне құрметпен қарап, болашағынан зор үміт күтетін ұжымдасымыздың абыройдың биігінен  көріне беруіне біз де тілекшіміз!

 

Арайлым Ақшаева


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту