Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
12.08.2020 ҚАНАТЫМЕН СУ СЕПКЕН ҚАРЛЫҒАШТАЙ...
 

Әлемді жайлаған пандемияны ауыздықтау, дерттің таралуын шектеу, жалпыға бірдай сақтық шаралары, карантинді қатаң қадағалау - бүгінгі күннің нақты айнасы осындай. Ел шетіне кірген дерттен зардап шегушілер саны әлі де аз емес. Ағайын-туғанын, ата-анасын, бауырын жоғалтқан адамдардың қайғысын бастан кешкен ғана біледі!

Осындай қиын-қыстау кезеңде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы облыстың денсаулық сақтау саласына зор көмек көрсетіп жатқаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан құлақтанған өлке жұртшылығының компанияға алғысы шексіз! Мұндай қолдаудың Маңғыстауда соңғы науқас жазылып шыққанша толастамайтынын біздің мұнайшылардың қайырымдылық шараларынан да айқын көріп отырмыз.

Қашанда ізгілікті істердің ұйытқысы болып келе жатқан «Мұнайлы өлке» қайырымдылық қоры жуырда мұнайшы-лардан түскен жарнаға 3 оттегі концент-раторын сатып алып, Қарақия аудандық ауруханасына және Шетпе селосындағы орталық ауруханаға тапсырып қайтты.

Жұмыла көтерген – жүк жеңіл. Шілде айында «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы қызметкерлерінің қол көмегі ауруханада ауа жетпей қиналып жатқан науқастардың жанына жалау болғанына тыныштық күндегі мың жақсылықтың бәсеке тұра алмайтыны анық дер едік. Жұмыстан амалсыз бостұрысқа кеткен мұнайшылар ауруханадағы қиын жағдайды естіп, оттегі баллондарын тауып, жеткізді. Оны палаталарда жалғап беріп дәрігерлерге көмектесті. Өздері бастама көтеріп, өз қаражаттарын қосып дәрі-дәрмекпен де қамтамасыз етті. Ватсап желісі арқылы арнаулы чат ашып, күнделікті қай жер көмекке зәру, сол жерге қанатынан су сепкен қарлығаштай көмек қолын созуда.

Жуырда «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Тарғын Мысамбаев жетібайлық мұнайшылар атынан Жетібай ауруханасына 5 оттегі концентраты қондырғысын табыс етті.

Тамыз айының басында МГӨЦ - 1, 2, 3, ҚҚҰЦ, МДАЦ, ОИТҚ, ЦПО НПО, геология, орталық кеңсе, экологтар, газшылар 1031000 мың қаражат жинап, қанның ұю көрсеткішін қадағалайтын коагулометр қондырғысына тапсырыс берді. Қондырғы жақын күндерде ауруханаға жеткізілмек.

Сондай-ақ ауылды дезинфекциялау, қажетті көліктермен қамтамасыз ету жетібаймұнайгаздықтардың тікелей қолдауымен жүзеге асуда.

Қазақ халқы «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Кей кезде қайырымды азаматтар өздерінің жақсы амалдарын жасырып қалғысы келетіні бар. Бірақ, қоғам ізгіліктің шарапатын білуі керек. Сондықтан бүгінгі материалда Маңғыстау мұнайының қара шаңырағы – «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасындай ұйыған ұжымның жақсы ісін ұлықтауды жөн көрдік.

Ел басына күн туғанда ізгілікті ісі мен ұстанымы арқылы өзгелерге үлгі болып отырған ұжым – қашан да Компания мерейі. Мерейді тасытар, абыройды асқақтатар біздің әріптестеріміздің ізгілікті ісі елдіктің, азаматтықтың үлгісі демеуге шараң жоқ! Күннің жаманы да өтер, бірақ ауыздықпен су ішкендей қиын сәтте үлкен жүрекпен ажалға араша түсіп ауылымды, елімнің адамдарын қалай аман алып қалам деген тілектестік, кісіліктің ұмытылмасы хақ!

 


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту