Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
10.11.2020 МАҢДАЙЫ ТЕРЛЕМЕГЕННІҢ, ТІРЛІГІ ТҰРАЛАЙДЫ
 

Газетіміздің «ЕҢБЕК АДАМЫ» айдарындағы кезекті кейіпкері – Амангелді Таспаев. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасындағы №1 мұнай және газ өндіру цехында слесарь-жөндеуші болып жұмыс жасайтын Амангелді Жайманұлы мұнай саласында 45 жыл еңбек етіп, енді міне зейнеткерлікке қамданып жатқан жайы бар.

1957 жылы Гурьев облысы, Жылой ауданындағы мұнайшы отбасында дүниеге келген ол үшінші сыныпты мұнайшы әкесін Маңғыстауға шақыртуға байланысты Жетібайдағы №3 орта мектепте жалғастырады. Он екі бала тәрбиеленген отбасының тұңғышы 1975 жылы орта мектепті бітірісімен ата-анаға қолғабыс болып сол кездегі ЖСМУ мекемесіне монтажник болып жұмысқа орналасты. Жастайынан еңбекке ерте араласып, тіршілікте тек өзінің адал еңбек, маңдай теріне ғана сүйенген жас маман өзіне жүктелген қызметтің қайсысы болса да жауапкершілікпен қарап, жұмысын жоғары деңгейде атқара білді. Аз уақытта әріптестері арасында сыйлы, беделді болды. Араға жыл салып Атырау қаласындағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түсіп, 1977 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанады. 1979 жылы әскерден оралған Амангелді аға «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына слесарь болып жұмысқа орналасты. Мұнайшы мамандығын әке жолын қуып таңдағаны рас. Қазақ КСР-іне Еңбегі сіңген мұнайшы, «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, дербес зейнеткер Жайман Таспаевтың тұла бойы тұңғышының басқа жолы болуы да мүмкін емес еді.

- «Маңдайы терлемегеннің, тірлігі тұралайды» деп тәрбиенің көзі еңбекте жатқанын ұғындырған әкеміздің бар өмірі өндірісте өтті. Бала кезімізден әкемізге еліктеп өсіп едік, енді міне еңбектің зейнетін көретін жасқа да жетіп қалыппыз, - дейді қайратты, еңбекқор әкенің тәлімін алып, тәрбиесін көріп өскен мұнайшы аға.

«Біздің жұмыс қырағылықты талап етеді, негізгі міндетіміз цехқа қарасты алып техникаларға қызмет көрсетумен байланысты. Оңай жұмыс жоқ, коллектор жарылып апат болған уақыттарда майға малмандай бататын кездер болады. Задвижкаларды ауыстырып, насостарды жөндеу, берілген тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындауға міндеттіміз» - дейді Амангелді Таспаев.

Күш-қайраты мол, өз ісін жан-тәнімен сүйетін азамат қол астындағы жастарға әрдайым қамқор. Кәсіби бағыт-бағдар нұсқап, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отырады. Өндіріс болған соң аяқ астынан туынайтын сан түрлі жағдайлар болады. Осындай қатерлі ахуал орын алғанда тығырықтан шығу жолын дәл тауып, жастарға жанашырлықпен қарайтын білікті маманның  күрмеуі қиын істің қисынын келтіруі телегей тәжірибесіне дәлел болмақ. Жас мамандарды үйретіп, бірталай өндіріс озаттарын баулып үлгерген Амангелді аға шәкірттері Нұрболат Арызғұлов, Есен Қуанышбеков және екі дүркін «Үздік маман» иегері атанған Абдол Бижановпен мақтанып қалды.

Жұмысқа жанашырлықпен қарайтын мұнайшы аға компания басшылығы тарапынан берілген марапаттарға дән риза. 3-дәрежелі «Еңбек даңқы орденінің» иегері әріптестеріне де, еңбектің бағасын білетін компания басшылығына да шексіз алғысын білдірді.

Амангелді аға бос уақытын бес баладан өрбіген немерелерге арнайды. Пайғамбар жасқа таяған ол бүгінде өзімен бірге қызметтес болған әріптестері мен ағалық ақылын айтып, тәлім берген ұстаздары Нұртай Өмірбаев, Баязи Қарамурзиев, марқұм Хайролла Ихсанғалиевты сағынышпен еске алып отырады. Мұның өзі кеңдіктің, достық пейілге деген адалдықтың бір көрінісі емес пе? Адам баласы бір жағынан істеген кәсібімен, игерген мамандығымен көгереді. Біздің кейіпкеріміздің өмір жолы соның айқын бір көрінісі.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту