Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
12.11.2020 ЗЕРТХАНАШЫ ФАРИДА
 

Оның мұнай саласына қаршадайынан химия, биологияға бейімділігі алып келді. Кез-келген нәрсені сағаттап зерттеуге бар-тын. Мектеп бітірісімен «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыс цехына химиялық талдау лаборанты болып орналасты. Осылайша, шебірлік бойжеткен қыздың мұнай саласындағы қызығы мен шыжығы мол еңбек жолы басталды.

 

Фарида Әбиева 1968 жылы, Маңғыстау ауданы, Шебір елді мекенінде дүниеге келді. Әкесі Қалдыбай Әбиев еңбек ардагері, үшінші дәрежелі Еңбек даңқы орденінің иегері, чемпион тракторист болған кісі.

Оң-солын әлі танып үлгермеген Фаридаға кәсіпшілікте бәрі қызық көрінетін. Өндірістік цехтағы жұмысты ауырсынған жоқ. Жас болған соң шығар, оның үстіне тәлімгерлері де осал болмады. Бойжеткенге жөн сілтеді, жұмыстың қыр-сырына үйретті, тек қызмет барысында ғана емес, өмірлік ақыл-кеңестерін айтты. Содан шығар, ол болашағын осы саламен байланыстыруға бел буған.

«Көз майын тауысып пробирка, колбаға үңіле қараған зертханашы мина іздеген сапердай, оған қателесуге болмайды. Біздің жұмыста асығыстық жасап талдау нәтижесіне немқұрайлы қарамай мол шыдамдылық, зор ыждағаттылық танытқан дұрыс»,-дейді Фарида Қалдыбайқызы. Менің лайықты маман ретінде қалыптасуыма лаборант  Айсулу Таспаеваның жәрдемі тиді. Ол кісіні ұстазым ретінде құрмет тұтамын. Өйткені алғаш жұмысқа орналасқанымнан осы күрделі мамандықтың бар қыр-сырын жалықпастан үйретті»

Фарида Әбиева өндірістен қол үзбей жүріп мамандық иесі атанады. Химиялық талдау зертханасының ыстық-суығынан өтті. Түбегейлі меңгерді десе де болады. Алдына келген жас мамандарға қолынан келгенінше бағыт-бағдар берді, тәжірибесімен бөлісті. Өзі де ізденді, шыңдалды. Химиялық талдау лаборанты болып істеген отыз бір жыл ішінде алған қаншама «Алғыс хаттары» мен марапаттары бар, 2019 жылы өз саласының үздігі атанып «Үздік маман» титулын иеленді.

Фарида отбасында төрт қыз, бір ұлдың арасында өсті. Бауырлары мен баласын өмірінің басты байлығы санайды. Өмірде бар  қиындықты нәзік болмысымен, кіп-кішкене иығымен мойымай көтере біліп, олардың барлығының жоғары білімді маман болып шығу жауапкершілігін өз мойынына алды. Бүгінде барлығы да жоғары білімді мамандар, әр салада қызметтерін атқарып жүр. Өз отбастарын құрған, балалы-шағалы азаматтар. Апайдың өзі  жалғыз ұлынан өрбіген екі немересін қызықтауда.

Немерелерінің шуағына, олардың күміс күлкілеріне бөленіп жүрген асыл әже. Кейіпкеріміздің шынайы келбетін бір ауыз сөзбен өрнектеуге болады - қызметіне адал, қарапайым, болмысында нағыз қазақылықтың қаймағы бар, ең бастысы, өз ісінің білікті маманы.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту