Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
25.01.2021 ҚОР ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЫЛДЫҚ ЕСЕБІ
 

Құрметті әріптестер, тағы да бір жылды артта қалдырып, есеп беретін кезеңге келіп жеттік. Өткен жыл баршамызға да оңай болған жоқ. Дегенмен, қолымыздан келгенше еңбек етіп, Қор қызметін тұралатпауға тырыстық.

2020 жылғы 12 айдың есебінен Қор қазынасына 2 946 000 теңге көлемінде қаражат келіп түсті. Оның 14 501 теңгесі Қордың есеп шотын жүргізуге кеткен банктік шығындар. Қалған қаражат мақсатқа сай жұмсалды, есебін төменде келтірдік. Бір айлық жарна орташа есеппен 250 000-ға жетер-жетпес соманы құрайды. Бір адамнан ай сайын 1000 теңге көлеміндегі ғана қаражат түсетінін ескерсек, Қорға тұрақты салымшы болып отырған 250-ге жуық адамның бар екенін аңғару қиын емес. Осы орайда, маңдай тер, табан етімен тапқан қаражатын осындай игі іске жұмсап отырған барша жанашыр әріптестерімізге Алланың нұры жаусын дейміз. Сіз аударған қаражат, мұқтаж жанның қолына тимес бұрын Алланың назарына көтерілетінін ұмытпаңыз (хадис). Садақаңыз қабыл болғай!

Сонымен, 2020 жылы Қор атынан жасалған алғашқы қайырымдылық көмек Компаниямыздың бұрынғы қызметкері, зейнеткер Лена Шинбаева апамызға берілді. Лена апаның қолындағы кенже ұлы бірнеше жылдан бері созылмалы қатерлі ісік ауруына шалдығып, дертіне дауа таппай жүрген жан екен. Баласы үшін шыр-пыр болған ананың жанайқайына бей-жай қарай алмадық. Қаңтар айы есебінен жиналған 244 000 теңгені табыс еттік. Алайда бұл қаржы науқас жанның тек бір реттік ем қабылдауына ғана жетеді екен, оған емге берген химиялық терапияның 1 процедурасына 207 000 теңге қажет.

Ақпан айында жиналған қаражат Компаниямыздың әкімшілік-әлеуметтік мәселелер департаментінің қызметкері Роза Ережепова әріптесіміздің өтініші негізінде жұмсалды. Қамқорлық кеңес мүшелерінің келісімімен әріптесіміздің қатерлі ісік дертіне шалдыққан тумаласы, кәмелет жасына толмаған жасөспірім қыздың еміне 240 000 теңге қаражатты табыстадық.

Наурыз айында жиналған қаражат шетінен 200 000 теңге көлеміндегі ақша Мұнайлы ауданының тұрғыны Ерсайын Майрамовтың өтінішін қанағаттандыруға жұмсалды. Қаражат оның 2020 жылы «қоянжырық» диагнозымен туылған баласының Нұр-Сұлтан қаласында ота жасатуына берілді. Кейін белгілі болғандай, ота жасалып, сәбидің өміріне деген қауіп түбегейлі сейіліпті. Ол туралы ата-анасының ыстық лебізін Компаниямыздың әлеуметтік желідегі парақшасында жазған болатынбыз.

Шілде айы COVID-19 пандемиясы екінші толқынының шырқау шегі болды. Ауруханалар мен емханалар, ауруға шалдыққан азаматтар қажетті дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың жоқтығын айтып жатты. Осы тұста науқастарға бірден бір қажетті болған оттегі концентраторларына деген үлкен тапшылық орын алды. Сондықтан, елдегі жағдайды ескере отырып, Қор қаражатына 3 дана оттегі концетраторы сатып алынып, Компанияның кенорындары орналасқан Маңғыстау мен Қарақия аудандарының орталық ауруханаларына табысталды. Құрылғылардың жалпы құны 510 000 теңгені құрады. Екі данасы Маңғыстау ауданына және 1 данасы Қарақия ауданына жолданды.

Тамыз айында «Мұнайлы өлке» қорының бастамашылығымен үлкен қайырымдылық шарасын жүзеге асырдық. Қордың жарғылық мақсаттарында балалар мен жасөспірімдерге жан-жақты көмек беруге басымдылықтар қарастырылған. Осы орайда, жыл сайын 1-қыркүйек қарсаңында «Мектепке жол» республикалық акциясына өзіндік үн қосу Қор дәстүріне айналды. Бұл жолы өз қаражатымыздан бөлек, жұрттан жылу жинап, бас-аяғы 2 аптада 330 000 теңге қаражат жинадық. Оған Қор атынан шілде айында жиналған қаражат есебінен тағы 170 000 теңге қосып, барлығы 500 000 теңгені аз қамтылған көпбалалы отбасы балаларына оқу құралдары жиынтығын сатып алып, табыстадық. Жиналған қаражат 120 дана жиынтық жасақтауға жетті. Демек 120 отбасы сіз жолдаған жылуды сезінді.

Қор салымшыларының тамыз айындағы жарналары есебінен жиналған 250 000 теңге көлеміндегі қаражат «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ қызметкері, ТСДБ машинисі Ж.О.Тәжімановтың өтініші бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында жоспарланған күрделі ота жасатуға демеу ретінде жұмсалды.

Ал, қыркүйек айында Қорға жиналған қаражаттан 200 000 теңгені екіге бөліп «Жетібаймұнайгаз» ӨБ экология учаскесінің қызметкері А.Аманқұловтың өтініші бойынша қатерлі ісік ауруына шалдыққан анасының еміне қажетті дәрі-дәрмек алуға және осы бөлімнің тағы бір қызметкері А.Жұматаевтың өтініші бойынша оның 1962 жылы туған ағасы, мүгедек азамат, Т.Жұматаевтың жүрегіне жасалған отадан кейінгі емдік шараларын ұйымдастыруға көмек ретінде жұмсалды.

Сондай-ақ, көлік департаментінің қызметкері Рахат Укасбаевтың туабітті науқасқа шалдыққан баласының кезекті еміне пайдалану үшін 150 000 теңге көлемінде қаражат бөлінді. Тағы 150 000 теңгені «Жетібаймұнайгаз» ӨБ қызметкері Тұржан Сүйесіновтың өтініші бойынша жүрек ауруына шалдыққан екі бірдей баласын Нұр-Сұлтан қаласына емге апару үшін демеушілік ретінде табыстадық.

2020 жылғы желтоқсан айының басында «Мұнайлы өлке» қайырымдылық қорының «Үлес» орталығы мамандарымен бірлесіп Маңғыстау облысы мұнай-газ саласы мекемелерінің арасында ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай қайырымдылық акциясын жариялады. Мақсатымыз мұқтаж отбасылар бала-ларына қысқы киім-кешек алып көмектесу болатын.

Шара жас мамандар мен әлеуметтік желі қолданушыларының арасында қызу қолдау тауып, бас аяғы он күннің ішінде 350 000 теңге көлеміндегі қаражат жиналды. Соның ішінде «ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы, «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС, «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС мекемелерінің жастары ерекше белсенділік танытып, шараның өтуіне өлшеусіз үлес қосты. Сондай-ақ, қомақты үлес қосып, есімдерінің белгісіз қалғанын қалаған желі қолданушылары да болды. Баршаңызға Алла разы болсын!

Көпшіліктен келіп түскен бұл қаражатқа «Мұнайлы өлке» қайырымдылық қоры атынан 2020 жылғы қазан айы есебінен жиналған 250 000 теңге қосылып, шараның жалпы қоры 600 000 теңгені құрады. Жиналған қаражат 50 000 теңгеден бөлініп, 12 отбасында өсіп жатқан 54 балаға киім-кешек алуға табысталды. Алайда, жиналған қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету үшін Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында орналасқан «SAFIYA» балалар киімі дүкенінің иелерімен алдын ала келісім жасалып, тізімге енген отбасылардың қолына ақша емес, аталған дүкенде киім алуға мүмкіндік беретін сертификаттар табысталды. Ал қайырымдылыққа жиналған қаржы тікелей дүкен кассасына төленді. Бұған қоса, дүкен иелері Бақытжан және Нұржан есімді ағайынды азаматтар әр отбасына қосымша 10 пайыздық жеңілдік сыйлап, елу мың емес елу бес мың теңгеге тауар алуға мүмкіндік берді.

Қараша айы есебінен жиналған 250000 теңге көлеміндегі қаражат екіге бөлініп жұмсалды. Бір жүз мың теңгесі 3-шағын аудан тұрғыны Айнаш Избасованың өтініші бойынша жұмыс кезінде үшінші қабаттан құлап, омыртқасына түскен жарақаттың кесірірнен төсек тартып қалған жолдасы Кемельбай Избасовтың кезекті еміне жұмсау үшін табысталды. Қалған жүз елу мың теңгесі Компаниямыздың автоматизация, ақпараттық технологиялар және байланыс департаментінің қызметкері Ерлан Жұмашевқа табысталды. Қаражат Ерланның жолдасы Малика Жұмашеваның еміне жұмсалады. Малика қазір бүйрек трансплантациясы отасын жасатуға дайындық үстінде екен.

Сонымен қатар, осы есеп жазылып жатырған 2021 жылғы қаңтар айының соңына Қор кассасында 2020 жылғы желтоқсан айы есебінен қалған 317 499 теңге көлеміндегі қаражат сақтаулы тұр. Кезегі келгенде, өтініштердің ретіне қарай, бұл қаражат та қайырымдылық мақсатқа жұмсалатын болады.

«Мұнайлы өлке» қайырымдылық қорының 2020 жылы атқарған істерінің есебі міне осындай. Сандарды сөйлетсек бір жылда осы қайырымдылық мақсатқа Қор қаражатынан тыс жұмылдырылған ақшаларды да қосып есептегенде 3 194 000 теңге жұмсалыпты. Қор атынан жүзеге асқан шаралардың шапағаты 139 отбасына тиген. Қордан көмек алған отбасылардағы балалар саны 178 адам, ал ересектер саны 5 адам. Көмек алғандардың ішінде 8 адам Компания қызметкерлері, 2 адам сырттан хабарласты. Ал Қор атынан сыйға тартылған оттегі концентраторларының пайдасы қанша жанға тигені бір Аллаға ғана мәлім. Міне, әріптестер. Осы жұмыстың бәрінде де Сіздердің үлестеріңіз бар. Алла сауаптан жазсын!

Қадірлі замандастар, құрметті мұнайшы әріптестер! Баршаңызды осы Қордың төңірегіне жиналып, қайырлы амалдардың ұйытқысы болуға шақырамыз. Қордың бір айлық қайырымдылық жарнасы 1000 (бір мың) теңгені ғана құрайды. Тиісті өтінішті толтырып, жарнаны аударуға рұқсат берсеңіз, жалақыңыздан автоматты түрде ұсталып, Қор есеп-шотына аударылып отыратын болады. Көп түкірсе көл болады демекші, біріге жүріп біраз шаруа тындыруға болатынын көріп отырсыздар. Ендеше, Қорға салымшы болыңыздар!

Байланыс нөміріміз: 8 707 703 4444.

 

Құрметпен,

 

«Мұнайлы өлке» ҚҚ директоры

Ғани Әбдісадық


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту