Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
04.05.2021 ТАҢДАУЫМА ӨКІНГЕН ЕМЕСПІН
 

Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 4-ші дәрежелі газбен кесушісі Әйкен Бұрқұлов - өз ісінің кәсіби шебері. Оның еңбек жолы - мақсатқа жетудің, жоғары кәсібиліктің және кәсіпке адалдықтың үлгісі. Осы кәсіптегі 40 жылға таяған тәжірибесі және шеберлігі өте күрделі апатты жағдайларда да сенімді қимылдауға мүмкіндік береді.

 Еңбек жолы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-мен біте қайнасқан кейіпкеріміз кәсіпорында отыз жыл электргазбен дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Кейін газбен кесу ісіне ауысқан ол екі қызметтің бір-бірімен тығыз байланысты екенін алға тартты. Бір қарағанда, электродтан шығатын ұшқындарды көргенде жұмыс жасауда пәлендей қиын ештеңе жоқ сияқты болып көрінеді, бірақ дәнекерлеу ісі шыдамдылық пен табандылықты, қолдың дәлдігі мен икемділігін, физикалық тұрғыдан төзімділікті, түрлі металлдардың қасиетін, оларды кесу, пісіру, өңдеу технологияларын жақсы білуді талап ететінін ұмытпауымыз керек.

Әйкен Тіретханұлы Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай кентінде 1965 жылы дүниеге келген. Әкесі Тіретхан ЖУТТ мекемесінде жүргізуші, анасы Тыныштық үй жаруасында бес бала тәрбиелеп өсірген қарапайым отбасы. «Мен туып-өскен шағын кентте мұнайшылар кәсіпорны орналасқан. Бала кезімде сол жерде жұмыс жасайтын көршілердің аяқтан нық тұрып жатқанын көріп, мұнай-газ саласында жұмыс жасауды армандадым. «Маңғыстаумұнайгазда» жұмыс жасау, қаражат табу және ата-анама қамқор болу, олардың батасын алу балалық арманым болатын. Осы балалық арманыммен мен өндіріс саласына келдім» - деп Әйкен Тіретханұлы өзінің еңбек жолындағы алғашқы қадамымен бөлісті.

Әйкен Бұрқұлов Жетібай кентіндегі №3 орта мектепті 1982 жылы бітірісімен НГДУ мекемесіне оператордың көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Жастайынан ата-анаға қамқор болуды көздеп, табыс табуға құлшынған балаң жігіт сол жылы әскерге шақырту алады. Екі жыл Отан алдындағы борышын Ресейде өтеп келген ол НГДУ-дағы жұмысына қайта оралып, еңбек пен білімді қатар ұштастыра жүріп, электргазбен дәнекерлеуші мамандығын игеріп алады. Білек күшін талап ететін мамандықты жүрексінбей таңдаған Әйкен оның қиындығы мен қыр-сырын өндірісте жүріп меңгереді. Бірнеше жылда біліктілігін төртінші деңгейге көтерген әріптесіміз еңбектегі жетістіктері үшін Құрмет грамоталармен, төсбелгілермен марапатталған.

– Мамандықтың оңайы жоқ. Әрбір істің өз қиыншылығы бар. Мен ешқашан таңдауыма өкінген емеспін. Қайта мақтан тұтамын. Біздің жұмыс асқан жауапкершілікті талап етеді. Әріптестеріммен бірге мұнай құбырларын жөндеп, ақауларды жоямыз. Металл конструкцияларына, тұрба құбырларына түрлі деңгейдегі жұмыстар жүргіземіз. Ұжымымның ауызбіршілігі жоғары. Мұнда өз ісінің шеберлері көп. Тұрбаларды дәнекерлеу процессіне дайындау – ұжымдық жұмыс болғандықтан оған желілік құбыршылар, газбен кесушілер және электргазбен дәнекерлеушілер қатысады. Қателіктерге бой алдырмаудың маңызын түсіне отырып, ортақ нәтиже үшін жұмыла білу – басты міндет. Бізді біріктіретін де осы мақсат» - дейді ол.

Әйкен ағамыз бүгінде мамандығына әбден төселген. Дәнекерлеуді, газбен кесуді жастарға үйретіп жүрген еңбек адамының арманы асқақ. Маңдай термен тапқан несібесі бүтін бір отбасының еркін тұрмыс-тіршілігіне жеткілікті екенін айтады. Ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген берекелі шаңырақта бүгінде екі немере өсіп келеді.

- Жақын ұжымымды, барлық әріптестерімді биылғы Маңғыстау мұнайының 60 жылдығымен құттықтаймын! Жаңа еңбек жетістіктерін, мықты денсаулық, амандық, бақыт және жақсылық тілеймін. Әлемді билеген үрей тез сейілсін. Өндірісте еңбек ететін әр адам ризашылықтың ең шынайы сөздеріне лайықты. Біз өзіміздің ортақ үйімізді – компаниямызды мақтан тұтамыз. Әдеттегідей, мұнда келген адам, осында біржола қалады. Әр адамның үйі қуанышқа, берекеге және сүйіспеншілікке толы болсын!, – деп ақжарма тілегін арнаған мұнайшы аға ілтипат танытып, бізбен жылы қоштасты.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту