Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
15.07.2021 АБЫРОЙ АРҚАЛАҒАН МАМАН
 

Ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының лаборанты Маржан Көшімова 40 жыл еңбек өтілінде жақсы сөз, абыройлы атақ арқалаған жан. Жолдасы екеуі бүгінде 3 бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

– Білетіндер айтады ғой, «таңертең – жұмысқа, кешке – үйіңе асыққаннан артық бақыт жоқ» деп. Шындығында да ұжымдағы ынтымақ пен жанұядағы ізгі-ілтипаттан асқан байлық жоқ деп ойлаймын. Жұмыстан шаршап келгенде шаңырақтағы тәттілердің шат күлкісі барлық ауыртпалықты ұмыттырады. Келіндерімнің тік тұрып көрсететін ілтипаты мен  қызметінің өзі қандай! – деп марқаяды кейіпкеріміз.

Маржан 1961 жылы осы өңірде туған. Мұнай өндіру ісі мен оны дайындау қондырғыларында жұмыс тәжірибесін жетілдіріп, 1987 жылы өндірістік жұмыстарды ғылыми зерттеу цехына лаборант болып ауысқан екен. «Бұл жерде еңбек еткеніме ширек ғасырға жуық уақыт болады. Ел экономикасының күретамырына айналған мұнай-газ саласында қызмет ететінімді мақтан тұтамын», – деп жылы жымиған Маржан Серәліқызының қимылы тым ширақ.

Маржан өскен әулетті  әріптестерінің «мұнайшылар династиясы» деп атайтыны бар. Айтса айтқандай, әкесі Серәлі НГДУ мекемесінде бұрғышы боп ұзақ жыл еңбек етті. Кейін туған апасы мен ағалары да осы мұнай саласына бет бұрды. Жолдасы Қалмұқанбет Сарманов бұрын «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында бұрғышы қызметін атқарса, қазір көлік департаментінде автослесарь боп жасайды. Олардың әрқайсысының еңбек жылдарын бір санға біріктірсе, ғасыр айналары сөзсіз.

«Қазір бұрынғы жылдармен салыстырғанда зертханамызда көптеген өзгерістер бар, жаңа технологиялардың көмегімен мұнайдың суын, тұзын топырағының сапасын тексереміз. Зертханамыз заманға сай жабдықтармен қамтамасыз етілген, өндірістегі ұстаздарым Алмаш Алмұрзаева, лаборанттық жұмысқа баулыған Ханшайым Байжуановаға шексіз алғыс айтқым келеді», - дейді кәсіби маман.

Маржан Көшімова еңбек ететін цех бригадалық құрамда жұмыс жасайтын болғандықтан, әр жұмысшы өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Маңғыстаудың желі, аптап ыстығы мен аязында белі қайыспай, еңбек етіп жүрген аяулы жандардың ерлігі сан кітапқа арқау болары анық. Елдің несібесін молайтып, отбасындағы жылылықтың жанашыры болған Маржан Серәліқызы ынтымақ-бірлігі жарасқан ұжымына дән риза, сүйікті кәсібіне адал.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту