Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
21.07.2021 БЕКТҰРЖАННЫҢ БЕЛЕСІ
 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!», – дейді халық. Бүгінгі әңгімеміз осы мұнай саласында ұзақ жыл еңбек етіп, ел экономикасының нығаюына үлес қосқан «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы газ дайындау, тасымалдау және газ шаруашылығын пайдалану цехының 4-дәрежелі компрессор машинисі Бектұржан Сенбекұлы жайында болмақ.

 

Бектұрсын Бектұржан Түркменстанның бұрынғы Красноводск облысында 1960 жылы 15 қаңтарда туған. Мектеп бітірген соң, кәсіптік техникалық училищеде жер қазатын машиналар машинисі мамандығын, мұнай техникумында мұнай және газ кәсіпшіліктерінің жабдықтарын күту және жөндеу, техник-механик мамандығын меңгеріп шыққаны мақсат-мұратының жүзеге асуына сеп болғанын айтады. Әкесі Сенбек Ізасатұлы агрегат, ППУ жүргізушісі болып Тампонаж, УУТТ-2, БУТТ мекемелерінде еңбек етіп, кейіннен зейнеткерлікке шыққан. 2008 жылы «Маңғыстаумұнайгазға» жұмысқа орналасып, ел экономикасының дамуына бар қажыр-қайратын жұмсап, мұнай саласының өсіп өркендеуіне елеулі үлесін қосып жүрген Бектұржанның мұнай саласында еңбек етіп жүргеніне биыл 42 жыл толады екен. Уақыт озған сайын Жетібайдың мұнайын игергендер қатарында Бектұржан ағаның да есімі ерекше аталады. Майталман маманның 42 жылдық еңбек баяны адал еңбек, маңдай термен жазылған.

 – «Өзенмұнайгаз» АҚ-на қарайтын «УРНОиТК» мекемесінің құбыр жөндеу цехында компрессор машинисі болып жүргенімде цех бөлініп, жекеге сатылып кетті. Екі жылға жетпей жұмыс көлемі болмағаны себепті цех жабылып, төрт ауысыммен істейтін 120 адам түгелдей қысқартылды. Мен сәті түскенде техникумдық білімімнің арқасында 2008 жылы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына жұмысқа орналасып кеттім. Одан бері айлық жалақымыз да біршама өсті. Әлеуметтік жағдайымыз да жақсарды, - дейді аға маман. Бектұржан аға бүгінгі өндіріс үдерісіне тоқталып өтті:

 – Газокомпрессор станциялары «Жетібаймұнайгаз» ӨБ бойынша газды сепарациялау торабы жанында, мұнай айдау және өткізу цехы жанында, солтүстік Қарақия бағытында орналасқан екен. Газ сепарациялау торабы жанындағы компрессор станциясы жақында тағы бір қондырғымен толыққан. Енді баяғыдай газ далаға кетпей, халық қажеттілігіне орай, Қазақ газ өңдеу зауытына жөнелтіліп жатыр. Әр модульдық компрессор станциясында төрт ауысыммен 8 маман жұмыс істейді. Бұл мамандық білімді, ыждағаттылық пен еңбек сүйгіштікті талап етеді. Қазір қай салаға бет бұрам десең де мүмкіндік көп. Тек ерінбей еңбектенсең ғана, мұратқа жетесің. Ізденімпаз жастардың қатары көбейгені– елдің болашағы үшін жақсы ғой,–дейді аға маман.

 Бектұржан аға қолы қалт еткенде домбыра тартқанды ұнатады екен. Қарапайым еңбек адамының 20-дан аса күй білетіні бізді таңғалдырмай қоймады. «Маңғыстауға мұнайшы болам деп келдім» деген кәсіби маман бүгінде адал жарымен ұл-қыз тәрбиелеп отырған бақытты шаңырақ иесі. Бүгінде қыздарын қазақы дәстүрмен құтты орнына қондырған. Үлкен ұлы Райым Сенбек Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебінде эстрада-вокалдан сабақ беріп жүр. Кіші ұлы Жансерік Сенбек Отан алдындағы борышын өтеп, "Есік-2" мекемесіне 2-дәрежелі электромонтажшы шәкірті болып жұмысқа тұрыпты.

 Киелі түбектен табанды еңбекпен бақытын тауып, «қара қазан, сары баланың» несібесін түгендеген жарасты ғұмырына дән риза Бектұржанның беделі қашанда биік.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту