Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
02.03.2021 БЕЙБІТ КҮНДЕ ДЕ ЕРЛІККЕ ОРЫН БАР
 

1 наурыз – Алғыс айту күнінде қауіпті жағдайларда өз өмірлерін қатерге тігіп, аса қажет сәтте қол ұшын созған бейбіт күннің батырларына ADAM BOL AWARDS Бірінші ауқымды отандық сыйлығы табысталды. Сарапшылар кеңесінің іріктеуінен өтіп, халық арасында көп дауыс жинаған он екі кандидаттың бірі біздің әріптесіміз - адам ресурстарын басқару департаментінің еңбекті ұйымдастыру жөніндегі жетекші инженері Ардақ Байманасов.

 Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың әлемге танылған қара сөздерінде «Адам бол»  сөзі жүз жыл өтсе де өзекті болып қала береді. Ал, бүгінгі қоғамда қысылтаяң сәтте біреуге көмекке келуге дайын тұратын мұндай сергек азаматтар көп кездесе бермейді. Олардың ерлікке пара-пар әрекеті мен жедел қимылының арқасында қаншама адам ажалдан аман қалды. Біздің мақтанышымыз Ардақ Байманасовтың жасаған ерлігі екінің бірінің қолынан келмейді.

Бұл тосын оқиға 2019 жылдың желтоқсанында түнгі сағат үш шамасында, 11 шағын аудандағы үйлердің бірінде болған еді. Шырт ұйқыда жатқан Ардақты қолқа атар түтіннің ащы иісі оятты. Үйдің ішін тексеріп, алаңдайтын еш себеп жоғына көзі жеткен ол біраздан соң түтін иісінің күшейе түскенін аңғарады. Терезеден көрші пәтердің өртке оранып жатқанын көріп шұғыл өрт сөндірушілер мен жедел жәрдемге хабар береді. Мүдірместен далаға шыққан Ардақ алғаш болып келген үш полиция қызметкерлерімен бірге өрт шыққан пәтерден шырт ұйқыда жатқан үш адамды оятып, далаға алып шығады. Сол арада өрт сөндіру қызметі де жетіп, тілсіз жауды ауыздықтайды. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіледі. Аман қалуларына себепкер болған Ардаққа көршілері дән риза.

Осындай шешуші сәтте абдырап қалмай, лезде дұрыс шешім қабылдаған жүрекжұтқан әріптесіміздің бүгінде ерлігі еленді. Алматы төріне арнайы шақыртылып Бірінші ауқымды отандық сыйлық алды. Ардаққа ADAM BOL AWARDS премиясын боранды күні Қостанай трассасында кептеліп қалған автокөлік колоннасына жаяу жүгіріп жол көрсеткен полиция лейтенанты Амантай Байжанов табыстады. Амантай Байжановтың бұл кезекті ерлігі болса керек, бұған дейін ол 15 адамды өрттен аман алып қалған. Осындай ерлік істерімен айналасына үлгі болар отандастарымыздың қатары көбейе бергей!

Әріптесіміз Ардақ Байманасовты марапатымен құттықтап, еңбегіне табыс тілейміз!


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту