Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
05.10.2021 ӨНЕРЛІГЕ ӨРІС КЕҢ
 

Мәдениет пен өнерді қолдау – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады», — деген еді.

Сонау ғасырлар қойнауындағы тарихымызды тірілтіп, ұлттық аспаптарымыздың тынысын тарылтпай, дәстүрлі өнерді насихаттап, түрлі бағыттағы әндерімен тыңдарманның құлақ құрышын қандыратын әншілер мен саф алтындай өнер туындыларын өмірге әкелетін күйшілер, сазгерлер, суретшілер мен мүсіншілерді дайындайтын өнер мектебі осыдан он жыл бұрын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының қолдауымен Жетібай кентінен ашылған еді. Әр істеріне асқан сүйіспеншілікпен қарап, еліміздің мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Өскенбай Қалманбетұлы атындағы өнер мектебінің бүгінгі тыны-сымен танысқан біз, ауыл таланттарының өнеріне тәнті болдық.

Осыдан 35 жыл бұрын  ҚР мәдениет қайраткері Орын Құлсариев негізін қалаған Жетібай балалар саз мектебінде еңбек жолы мектеппен қатар өрілген ұстаздар бар. Арнайы шақыртумен келген Нұрбике Қаратаева  домбырадан және көп ешкім меңгере бермейтін бас қобыздан сабақ береді:

-   Жетібай балалар саз мектебін ашқан жылы маман жоқтың қасы болатын. Орын Құлсариев ағамыз мені Атыраудан арнайы шақыртып, үй беріп, жағдайымды жасады. Ол кісі құрған «Жетібай сазы» деген ансамбльде бас кобызда отырам, ауыл балаларына сол аспапта ойнаудың әдіс-тәсілдерін, әуендік құрылыс өзгешеліктерін үйретіп келемін. Мақтан тұтар шәкірттерім де жоқ емес.

Қазіргі таңда Мұнайшылар ауылынан бұл өнер мектебінде 300-ге жуық бала қабілетіне қарай тәлім алып жүр. Оларды өнер жолында шыңдау мақсатында «домбыра», «жыр-терме», «баян», «дәстүрлі ән», «вокал», «қобыз», «би», «бейнелеу», «жетіген» сыныптары жұмыс жасап тұр. Мектеп жанынан құрылған аула клубындағы «шахмат-дойбы», «вокал»,  «колөнер», «жас тігіншілер», «мәнерлеп оқу» үйірмелерінде де 150-ден астам өнерпаз оқиды. Күні кеше «ән айтам, аспаптарды меңгерем» - деп келген сарыауыз балапандар бүгінде байқаулардан жүлдемен оралса, енді бірі ұстаздық етіп, шығармашылық көкжиектерін күн санап кеңейтіп келеді.

Серікбол Қарабатыр осыдан 10 жыл бұрынғы мұнайшылар табыстаған жаңа ғимараттың алғашқы түлегі. Қасиетті қара домбыраның қос ішегінен әуелеген күйге тәнті болып өскен ауыл баласы өнер мектебінен түлеп, мамандығын одан әрі өнер колледжінде шыңдайды. «Біз бейбіт күннің ұландарымыз, қызыққан мамандықты игеруге барлық жағдай жасалған. Алақандай ауылда осындай өнер мектебі ашылғанда төбесі көкке жеткендердің бірі мен едім. Домбырада ойнап қоймай, оған жерлестерімді баулу - армандарымның бірі еді. Шүкір, орындалды, ендігі жерде өнердің өрендерін дайындау мақсатым», - дейді жас ұстаз.

Жетібай кентіндегі өнер мектебінің оқу-тәрбие жұмысы жыл сайын ілгерілеп, жергілікті тұрғындардың қызығушылығы артып келеді. «Ұстаздарымыз балалардың таңдаған саласы бойынша олардың қабілетін ашып, дамытуға машықтанған.  Бір жылда республикалық байқаудан 48 шәкірттің жүлдемен оралғаны, әріптестерімнің кәсіби шеберлігінде», - дейді мектеп директоры Марат Шаханов:

-   Бастапқы кезде өнер мектебі ауылдағы шағындау ескі ғимаратта болған. Оның құрылысына өнер жанашыры болған Орын ағамыздың өзі атсалысқанын, саз балшықты аяқпен илеп, ауыл жұртшылығымен бірге көтергенін естіп жүрміз. Тіпті, тапшы мамандарды басқа облыс-тардан шақыртып, аядай үйінде тұрғызған деседі. Кейінгі ұрпаққа мұра болар, зәулім өнер мектебін салдыруды аңсаған Орын Құлсариев ағамыз, сөзін екі еттірмеген «Маңғыстаумұнайгаз» ұжымына алғысын жаудырған күн де туды. Көзі тірісінде аманаттап кеткен бұл шаңырақ, талай таланттың қанатын қатайтуға мұрындық болары сөзсіз», - деп сөзін түйіндеді мектеп директоры.

Жетібай кентіндегі өнер мектебінен өлке мақтаныштары  Айгүл Қосанова, Жоламан Көшкінов сынды елімізге белгілі өнер қайраткерлері шыққанын ескерсек, олардың ізін жалғайтын өнерпаздар осы өрендердің ортасында отырған болар, бәлкім!


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту