Құрметті «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының ұжымы!
Сіздерді «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы - заманауи ғылыми-техно-логиялық жетістіктерді тиімді пайдалана отырып, тұрақты өркендеу үрдісімен алға қарай сенімді қадам басқан кен орындардың бірі. Бүгінде Маңғыстау мұнайының «алтын сандығы» алғаш ашылған Жетібай жерінің, соның ішінде, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының алатын орны ерекше. Өйткені, жарты ғасырлық тарихы бар өндіріс орнының қара жердің қойнауынан қазыналы дария ағызып, халық игілігі үшін жаратып, еліміздің экономикасының қарыштап дамуына және қасиетті аймақтың гүлденуіне, өркендеуіне қосып отырған үлесі өте сүбелі.
Кен орында компанияның өндірістік және қаржылық көрсеткіштерінің тұрақты түрде артуына, ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына, сол арқылы облысымыздың мұнай-газ секторының жетілуіне үлкен үлес қосып келе жатқан, өз ісін жетік білетін майталман мамандар жұмыс істейді. Мамандығына адал, еңбекқор, нағыз кәсіби шебер мамандардың арқасында Жетібай кен орны ешқашанда еңбек қарқынын төмендеткен емес. Бұл аптапты дала төсінде, аязды дауыл өтінде жүрген әрбір мұнайшының жасампаз еңбегі мен ортақ игілікке жету жолында еңбекке жұмылған ерен күші мен қиын қызметте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алған барша ұжымның ынтымағының жемісі деп білемін. Өз басым еңбек жолымды осы ұжымнан бастағанымды мақтан тұтамын.
Алдағы уақытта да осы бағыттан таймай, ел игілігі үшін еңбек етіп, егеменді еліміздің өркендеуіне, экономикамыздың қарыштап дамуына лайықты үлес қосып, мұнай-газ секторын дамыта түсу міндетін ойдағыдай іске асырады деп сенемін.
Мерейлі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, осынау жауапты да абыройлы міндетті жүзеге асыру жолында баршаңызға қажымас қайрат, жалынды жігер, ұжымда ұйымшылдық пен береке-бірлік тілеймін!
Әрдайым дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болып, еліміздің баянды болашағы, игілігі жолындағы еңбектеріңізде үлкен жетістіктер мен мол табыстарға кенеліңіздер!
Мерейтой құтты болсын!
Құрметпен,
Маңғыстау облысының әкімі А. Айдарбаев |