Новости компании |
05.09.2013 5 сентября 2013 года прославленный ветеран-нефтяник, ветеран ВОВ, Камка Умбеталина празднует свой 90-летний юбилей |
Өмірі – өнеге
Өлкемізге белгілі мұнай барлау саласының маманы, бұрғылау ерітінділерінің қас шебері Қамқа Үмбеталықызы 5 қыркүйекте торқалы тоқсан жасына шықпақ.
Маңғыстауда «Қамқа Үмбеталина» деген есімге елең етпейтін адам кем де кем болар, өйткені бұл есім өңір тарихына жазылған басқа да көптеген ардақты есімдермен қатар алтын әріптермен қашалып, әлдеқашан-ақ жазылып қойылған. Ол заңды да. Өйткені, Қамқа апаның бүкіл саналы өмірі, әсіресе оның ішінде қазақ мұнайына сіңірген 45 жылы баршаға өнеге болуға лайық ғұмыр!
Алла қаласа қыркүйектің бесінде Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, СССР жер қойнауының үздік барлаушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, бұрғылау ерітінділерінің қас шебері, Атырау және Маңғыстау мұнайын игеруге тікелей атсалысқан ардагер-мұнайшы Қамқа Үмбеталықызы сексен тоғыз жыл өмірін артқа тастап, тоқсанның төріне шыққалы отыр. Бұл тоқсан – жай тоқсан емес. Тағдырдың небір тауқыметін басынан өткерген Қамқа апа – қазақтың өжет те батыл, өр мінезді, нар тұлғалы, білімді де іскер, ер-азаматқа бергісіз қыздарының бірі. Қамқа апаға небір асыл сөздер мен теңеулерді айтса да жарасары сөзсіз, өйткені бұл адамдардың жаратылысы бөлек: Қамқа апа – адал сүт емген, жүрегі елім деп соққан ұрпақтың бірегейі, асыл сүйекті, таза рухты бабам қазақтың сынығы... Өткен ғасырдың 30-жылдар зобалаңын – елдің күйзеліске түсіп, арыған-ашығанын ол кезде жас болса да көзімен көрді, жүрегінен өткізді. Одан кейін сәл-пәл ес жиып, етек жинаған халықтың басына түскен тағы да бір үлкен ауыртпалық – соғысты, оны да көрді. Ұлы Отан соғысының ресми деректері бойынша әскер қатарына Кеңес Одағында 495 мың әйел адам шақырылған екен. Сол лектің ішінде 19 жасар Қамқа да бар еді... Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданында дүниеге келген Қамқа 1942 жылы Гурьев қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген шағы. Мектепті бітірер-бітірмес өрімдей жас қыз ұрыс даласына аттанып кетті... «Майданға кәмелет жасына жеткен жеткіншектен 45 жасқа дейінгі еркек кіндіктер ғана шақырылған деп жүрсек, сіздің мынауыңыз біз үшін тосын жаңалық болды...», – дегенімізде, Қамқа апай:
– Мен білсем, Орта Азия, Кавказ республикаларының басқасының бәрінен, – Ресей Федерациясы, Украина, Белоруссия, сондай-ақ Қазақстаннан, майданға қыздар да алынды. Әйтеуір, біздің батыстан Гурьев пен Оралдан талай қазақ қыздары кетті ғой қырғынға. Маңғыстауда ол кезде ел шамалы, жоқтың қасы деуге болады, содан ба, бұ жерден қыздар майданға шақырылды дегенді естіген жоқпын. Біздер қалай мектеп бітірдік, солай үйімізге повестка келді. Майданға кете бардық..., – деп бір сәт күрсінді... Алғашында бұлар Воронеж қаласындағы әуежай қоймасын күзетеді. Біршама уақыт өте оларды Орынборда, Чкаловта, Челябинскіде, Омскіде ұшұыштар курстарында оқытады. Оны тәмамдаған соң ұшқыш қыздарды Қиыр Шығысқа алып кетеді, ол жерде Қамқа Үмбеталықызы 1-ші Шығыс майданындағы 9-шы әуе армиясына түседі. Батыстың өжет қызы Қамқа бомбалаушы ұшақта (бомбардировщик) «бомба дайындаушы» болып, жапондарға әуеден қирғидай тиеді. Қиыр Шығыстағы соғыстың мәнісі келесідей еді. Одақтастық міндеттерін атқару мақсатында, сондай-ақ өзінің қиыршығыстық шекараларының қауіпсіздігін нығайту мақсатында Кеңес Армиясы 1945 жылдың 9 тамызына қараған түні Германияның одақтасы Жапонияға қарсы соғысты бастап кетті. (Мұның алдында, 1935 жылы Жапония бейбіт отырған Қытай еліне қырғидай тиіп, оның солтүстік-шығысын жаулап алған болатын. Араға 2 жыл салып жапондар Қытай еліне жасаған басқыншылығын одан ары қарай жалғастырып, елге дендеп кірді).
Сөйтіп үш жарым жылдай толарсақтан қан кешкен Қамқа-қыз сержант шенінде елге аман-есен 1945 жылы оралады. Сол қиямет-қайымның бәрінен Алла Тағала Қамқа апамызды тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай келгенінде, тоқсанның тағына отырғызайын дегені екен ғой!
– Қырық жыл аштықта ажалды өледі» деген рас екен, ажалың келмесе Жаратушы иеміз адамды нешебір зобалаңнан өткізіп, аман алып шығады екен ғой... , – деп Қамқа апамыз құдай алдында өзінің қарапайым пенде екендігін мойындап жатыр. Елге келген Қамқаға тумаластары оның бір інісінің қайтыс болғанын естіртеді. Әке-шешеден ертеректе айрылған қалған бауырлары апаларының соғыстан аман-есен келгендігін көріп, өлгені тіріліп, өшкені жанғандай болады, ендігі бар үміті мен сенері осы Қамқа апалары болды. Содан Қамқаны «жетім бауырларымды қайткенде аяқтарына тұрғызып, адам қылам?», – деген ой мазалап, тыныштық бермеді. Жұмыстың ауыры да, соған орай ақшасы да көбірегі – мұнай саласы. Осыны білетін Қамқа 1945 жылдың 17 желтоқсанында жанашыр ағаларының қолдауымен Гурьевтегі «Қазақстанмұнай» мекемесінің орталық ғылыми-зерттеу лабораториясына зертханашы болып жұмысқа орналасады. Жұмысқа тұруының өзі бір қызық, оны Қамқа апа күліп еске алады.
– Келіскен күні зертхананың бастығына, Сапар Қарымсақов деген кісі екен, кірдім. Менің жасым 22-де. Амандасып болғаннан кейін: «Надежда Андреевна Моргацкаяны шақыр» деп көмекшісіне бұйрық берді. Бір кезде әлгі шақыртқан адамы келді. Қарымсақов оған қарап: «Вот девушка приехала с фронта, возьмете ее в лабораторию глинистых растворов» деуі мұң екен, Моргацкая «Алмаймын, осыған дейін қазақтың 3 қызын алдым, «жұмыс лас екен» деген желеумен қашып кетті» деп дүңк еткізді де, шығып кетті. «Естідің ғой? – деді Қарымсақов. – Мен үйренсін деп алсам, олардың істеп жүргендері анау. Ластық ауруханада болады. Сіз де солар құсап қашып кетесіз бе?» – деді. Мен намыстанып, «кетпеймін, мойнымда інім мен сіңлім бар» дедім. Осыдан кейін кадр инспекторын шақыртып, мені сазды цемент ерітінділерін дайындайтын орталыққа жұмысқа алғызды, – деп еске алады Қамқа апа. Қамқа-қыз осы жерде бір жағынан намысқа салса, екінші жағынан өзіне қарап қалған бауырларын ойлады. Намысқой, өр мінезді, қан соғыстың тезінен өтіп келген Қамқа әлгі Ленинградтан келген ғалым әйелге қазақ қыздарының ешкімнен кем еместігін, олардың алғыр, талапты, талантты екендіктерін дәлелдегісі келді. Ертеңіне жұмысқа шыққан 4-ші қазақ қызына Моргацкая оншама жақсы сыңай танытпады, алдына бір кітапты лақтыра салды да, «мә, мынаны оқы» деп аузын жыбыр еткізді. Сөйтсе бұл «Руководство для начинающего лаборанта» деген кітапша екен. Қамқа сабыр сақтап, жұмысқа кірісіп кетті. Көп ұзамай табиғатынан зерек, алғыр қыз жұмыстың қыр-сырына түсініп, қаныға бастады. Бір күндері оның осал емес екендігін дәлелдейтін бір оқиға болды.
– Біздің зертхананың мақсаты – үңғыға құятын ерітінді дайындау. 1 килограмм цементке жарты литр су құямыз. Цементті әр жерден аламыз. Бір күндері қасымдағы орыс қыздар Стерлитамактан келетін цементке «не соответствует установленным стандартам» деп шешім шығарып қойыпты. Оның өкілі «мүмкін емес» деп бізбен келіспей, өзінікін дәлелдейді. Жағдай түсініксіз болып қалды. Бір күні менің кезекшілігім келді. Анықтап қарасам, пайдаланып жүрген 2 приборда екі түрлі коэффициент қолданылады екен: біреуінде 1,2, екіншісінде 1,7. Мәссаған! Мен әлгі жарамсыз деген цементті екеуіне де салып, екі түрлі коэффициентпен өлшесем, стандартқа сай, келіп тұр. Бірден Моргацкаяға хабарладым. Ол қате өздерінен кеткенін біліп, бірлестіктің басшыларына хабарлады, – деп Қамқа апа өзінің алғаш еңбек жолын еске түсірді. Сөйтіп Қамқа Үмбеталина бір жағынан қазақ қыздарының намысын қорғап, оларды бір биікке көтеріп тастаса, екінші жағынан өзінің жақсы маман екенін дәлелдеді. Осы оқиғадан кейін Қамқаның таланты мен талабын мойындаған бірлестік басшылары оны қатардағы зертханашыдан (лаборант) бірден инженер қылып жоғарылатады. Көп ұзамай Қамқа Гурьев мұнай техникумына түсіп, оны бітіріп шығады. 1950-жылдардың орта шенінде Қамқаның ерітінді шеберінің қас маманы екендігін естіп жүрген Халел Өзбекқалиев (ол кезде Даңғар кенорнында жұмыс істеп жүрген кезі), одан кеңес сұрайды. Өзбекқалиев бұрғылау алаңында қолданылып жүрген ерітіндінің сапасы төмен, қатаю нашар екендігін айтты. Мәскеу зертханасынымен жақсы қарым-қатынаста болған Қамқа олардың тұзға шыдамды химиялық ерітіндіні қолдану арқасында игерген жаңа тәсілін ұсынады. Өзбекқалиев осы тәсілді пайдаланып, ол тәсіл жақсы нәтиже бергенннен соң бұрғылау схемасы күрт өзгеріп, бұрын айына 50 метр жүріп отырған бұрғышылар енді осы тәсілдің арқасында 35 метр жүретін болды. Бұрғылау ісінде сапалы ерітіндінің басты роль атқаратынын осыдан-ақ біле беріңіз. Моргацкаяның қарамағында істеп жүріп, Қамқаның мықтап ұққаны – бірде-бір ұңғы бұрғылау ерітіндісін химиялық өңдеуден өткізбей, қазылуға тиісті емес екендігі. Бұл басты ереже оның өмірлік принципіне айналды. Жалпы, өз ісінің қас шеберлерінің шеберлік дәрежесін алатын болсақ, олардың ілімі көбіне-көп туа біткен зеректік пен аңғарғыштыққа, ниет пен пейілге, сондай-ақ көп ізденіп, көп оқығанға да байланысты болатын нәрсе екендігіне көз жеткізуге болады. Табиғатынан ізденімпаз, зерек, ойшыл Қамқа әсіресе америкалық ғалымдардың аударма еңбектерін көп оқитын еді.
– Жоғары оқу орындарында ерітінді мамандарын дайындайтын арнайы факультет жоқ. «Бұрғылау ерітіндісін дайындау ісі 3 фундаменталды ғылымға – геология, химия мен физикаға негізделген» деп айтып отыратын білгір ерітінді мамандары, – дейді Қамқа апа. 1965 жылы өз жұмысында біраз шыңдалып қалған Қамқаны Халел Өзбекқалиев «Мангышлакнефтегазразведка» кешенді экспедициясына (КЭМНГР) шақырады. Қамқа Үмбеталықызы туралы әңгіме шерткенде оның есімін көбіне-көп осы Маңғыстау мұнайына ширек ғасыр бойына сіңірген еңбегіне байланыстырып айтады. Қамқа апа өзі туралы сыр шерткенде де маңғыстаулық ғұмырын айтыңқырайды.
– Маңғыстау аумағындағы ашылып, қорлары есептеліп, игерілгені бар, игеруін күтіп жатқандары бар – барлық кенорындар біздің трестің ерен еңбегінің жемісі! – Қамқа апа өзінің туғанындай болып кеткен ұжымын осылай деп дәріптеп, ардақтайды. Осы трестегі химия зертханасының аға инженері болып жүріп ол Солтүстік Бозашы (Қаламқас, Қаражанбас, Арман), Өлі қолтықтағы Комсомольский, Қарақұдық, Шығыс Жетібай, Қарамандыбас, Тасболат, Доңға, Теңге кен орындарының ашылуына атсалысты. Маңғыстауда басталған 1965 жылдан зейнекерлікке шығар 1990 жыл аралығындағы Қамқа апаның еңбегін, трестің сол кезеңде атқарған жұмыстарын айтып, әрқайсысына бөлек-бөлек тоқталатын болсақ, ол, әлбетте, өз алдына үлкен кітапқа арқау болатын тақырып.
Қамқа Үмбеталықызының бейбіт замандағы ерен еңбегі еленіп, ол бірнеше орден, медаль, атақтарға ие болды. Оның жауынгерлік нагрдалары – 2-дәрежедегі Ұлы Отан соғысының ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», сондай-ақ мерейтойлық медальдарына қоса, «Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген геолог-барлаушысы», «КСРО жер қойнауын барлау үздігі» атақтарының, «Құрмет» орденінің, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» төс белгілерінің иегері екендігін айтқан жөн. Қамқа Үмбеталықызы – республикалық дәрежедегі зейнеткер. 2005 жылдан бері «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының зейнеткерлерінің есебінде тұр.
– Жеке адамның ғұмыры қамшының сабындай-ақ қып-қысқа болады екен, оған менің көзім жетіп отыр. Құдай өмір бергесін өмірді сүресің ғой, әйтпесе менің замандас, құрбы-құрдастарымның қазір 99 пайызы жоқ, қазір жастардың тілегін тілеп отырған жағдайымыз бар. Алла разы болсын, бұрынғы ұжымдастарым ұмытпайды, жағдайымды сұрап, қолдарынан келер көмектерін беріп жатады. Сағымбай Қызылов, Сағын Қырымқұлов, Киікбай Рзаханов, Алик Айдарбаевтарға алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді Қамқа апа. Маңғыстау мұнайының қыры мен сырын бес саусақтай білетін Қамқа апаның ендігі ниеті де, тілегі де – жер асты байлығы өзінің халқына бұйырса екен, соның қызығын келер ұрпақтар да көрсе екен дейді.
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының басшылығы қазақ мұнайына өзіндік үлесін қосқан, Атырау мен Маңғыстау мұнайын халық игілігіне жаратуға зор еңбек сіңірген Қамқа Үмбеталықызын торқалы тойымен құттықтап, оған зор денсаулық тілейді!
|
Последние новости
|
|
|