«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұжымына ҮНДЕУ
Жұмыр жердің бетінде адамзат кешкен тіршілікті еңбек, мәдениет, өркениетпен ғана сипаттағанға не жетсін... Өкініштісі тарихтың тас парағын әсіресе қанқұйлы соғыстар жиі таңбалайды. Біздің дәуіріміздегі адам өмірін ең көп қиған алапат майдандардың бірі –Ұлы Отан соғысы! Адамзат өміріне қауіп төндірген фашизмге тосқауыл қойған, ең қанқұйлы соғыстағы Ұлы Жеңіске жететін халық ерлігі жоқ деп есептейміз. Қазақ даласынан майданға 1941-1945 жылдары аттанған 1,3 миллион, соның ішінде маңғыстаулық 6 мыңнан астам адамның, ұрыс даласында қалған 394 мың боздақтың құрбандығы бұл соғыс! 1418 күн мен түн толарсақтан қан кешіп, бүгінгі ұрпаққа бейқұт тірлік, бейбіт өмір сыйлаған аталарымыздың қанымен келген бұл Жеңістен қасиетті һәм қымбат ештеңе жоқ екенін төрткүл дүниенің төрт бұрышынан тұтанып тұрған соғыс ошақтарының қасіреті күн сайын дәлелдеуде.
Жеңістен кейінгі 40-50 жылдағы аға ұрпақтың бейбіт күндегі жетістігі – құм суырған қу даладан Ақтау секілді сұлу қаланың бой көтеруі, Маңғыстау өлкесінің еліміздегі қуатты индустриялық аймаққа айналуы. «Маңғыстау деген бұл аймақ, Даласы жел мен құм ойнақ» деп Қашаған жырына қосқан қасаң өлкені гүлдендірген де сол майданнан қан кешіп оралған соғыс ардагерлері, тылда жүріп Жеңісті жақындатқан аталарымыз бен аналарымыз, ошағына оралмаған боздақтардың ұлдары мен қыздары. Бүгінгі таңда облыстағы көзі тірі 2 мыңдай тыл ардагерінің 76-сы, 66 соғыс ардагерінің алтауы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамын қолдан құрып, мұнай кәсіпшіліктерінің өркендеуі жолында еңбек еткен ардақты мұнайшылар. Біз Қамқа Үмбеталина, Өтеген Өзденбаев, Қайыр Қыдырбаев, Виктор Васильевич Ничаев, Николай Григорьевич Скороход, Мырзабек Оңғалбаев сияқты жауынгер-ардагерлерді ардақ тұтамыз! Олар біз үшін қашанда Ерлікке бастаған Күрескерліктің, Елдікке бастаған Еңбеккерліктің символы!
...Уақыт өтті, заман өзгерді, ақыл мен ой қарыштап дамуда. Кешегі ғылым мен техниканың жетістігі бүгін адам қиялынан алға озған кезге келдік. Бейбіт өмірдің жетістігін малдана білу де бүгін адамзатқа сын болғалы тұр. Тоқшылықты көтеру – жоқшылыққа көнуден де ауыр екендігі байқалады. Тарихты бұрмалауға әуестенушілер Ұлы Отан соғысының сабақтарына ауыз салды. Сондықтан ата-бабамыздың қанкешті ерлігі мен жанкешті еңбегінің арқасында қол жеткізген бейбітшілік, бірлік секілді адами құндылықтардың қадірін қашырмауға шақырамыз! Сол үшін де Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі, Табандылық пен Ерліктің, Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі екенін алға тартамыз!
Біз, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Жас мамандар кеңесі мүшелері Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлерін ардақтауға, бақилық болған майдангерлер есімін ұлықтауға арналған «Өзім және сол Боздақ үшін» деген бастама көтеріп, облыс аумағында барлық мұнай компаниялары жастарын, жалпы Маңғыстаулықтарды осы игі бастамаға үн қосуға шақырамыз. Бастама мақсаты –мұнайшылар бір жұмыс күнімізді Ұлы Отан соғысы ардагері үшін атқарып, еңбек ақымызды аудару арқылы майдангерлерге көмек қолын созу! Ел басына күн туғанда бүгінгі ұрпақ, біздер үшін от кешкен аталар рухы, сондай-ақ бүгінгі көзі тірі жауынгерлер алдындағы перзенттік парызды өтеуге Сен де үлес қос, Замандас!
Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Жас Мамандар Кеңесі мүшелері мамыр айының мерекелік күндеріне орайластыратын «Сөнбейді Сенің шырағың», «Рухың сенің ақ тырнаға айналған» флешмобтарын өткізіп, оған бүкіл облыс жастарын қатысуға, 8-9 мамыр күндері Ақтау қаласындағы «Мәңгілік алау» жанында бір сапта тұрып, жауынгерлер рухына тағзым етуге үндейміз. Маңғыстаудың Ұлы Отан соғысынан сенген ұлдары мен сүйген жарлары оралмаған барша Аналардың рухына арналған Маңғыстау облысы Оңды ауылы жанындағы Ай-Ана ескерткіші жанында аудан жастарымен бірлесе отырып, жауынгерлік рухтағы жыр сағаттарын өткізуді ұсынамыз.
Қадірлі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұжымы! «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жанынан құрылған жас мамандар кеңесі барша сіздерді Отан үшін от кешкен ардақтыларымыздың алдындағы перзенттік борышымызды өтеуге бағытталған, осынау игі шараларға бір кісідей, жұмылып ат салысуға шақырады. Аталардың қанымен, әжелеріміз бен жетім ұрпақтың тылдағы жанқияр еңбегімен келген Жеңісті қастерлеу, бабалар аманат еткен жерге ие болу, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау бүгінгі ұрпақ - бізге серт! Өйткені, Ұлы Жеңіс бірнеше ұрпақты, ата-бабадан жеткен ерліктің шежіресін бізбен, бізді ертеңмен байланыстыратын рухани тін. «Әр қазақтың бойында бар қазақтың ары бар, бар қазақтың бойында әр қазақтың қаны бар» демекші, бойында сол асылдардың қаны бар, елжанды, отансүйгіш әрбір азамат аталған шаралардың өз деңгейінде өтуіне үн қосады деген үміттеміз. Өткенге – Құрмет, Бүгінге – Ұлағат, Ертеңге – Үміт үшін, ҮНДЕЙМІЗ! |