Маңғыстаудың ойынан жыр мен күйдің жасынын ойнатып, салдық пен серілікті әнмен әдептеген Бес Жүйрік, Жеті қайқы, бұлбұл мен дүлділдің сарқыты, өнер-дәстүрдің алтын арқауының бүгінге дейін тартылғанын көргенде ел іші – өнер кеніші деп жататын қағиданың дұрыстығын еріксіз мойындайсың. Қасиет-топырақтан.
Аға буын біледі, күні кешеге дейін руханият, идеологияны дәрігер мен мұғалім жасайтын. Білім мен білік, қазақы мәдениет пен өнерді серік еткен ауыл интеллегенттерінің алдынан басқаны айтпағанда осы Маңғыстауда тәрбие алып шыққан Ләззат Қиынов, Қайролла Ережепов бастаған ондаған ағаларымыз ел басқарды, арғыда Сержан, Розалар, бергіде Тамаралар өнерімен елдің атын шығарды.
Уақыттың бұйрығы шығар, бүгінде көзінде жылты, көкірегінде білімі бар өрен мұнайды таңдайтыны жасырын емес. Демек, ұлттың қаймағы өндірістің төңірегіне топтасуда. Қазір жоғары технологияны меңгерген жаңа буынның бойында өнер де, білім де бар. Сөзімнің дәлеліне ұйыту үшін Қаламқас кенорнындағы өнерпаз жастардың жақсы ісін жария етуді жөн көрдім.
Бірер жылдан бері Қаламқас кенорнындағы жұмысшылардың жұмыстан кейінгі кешкі бос уақытын пайдалы ұйымдастыруға бағытталған шаралардың нәтижесі айтарлықтай. Спортты ермек еткен мұнайшылар облыста бәйгенің алдын бермеуге айналды. Бір кемшін тұс – көркемөнерпаздармен жұмыс еді. Бүгінде спортшылармен бірге мұнайшылар қалашығындағы спорт кешеніне өнерлі жастардың да асыға басып бара жатқанын көресің. Оған да себеп бар - 2013 жылдың қараша айынан бастап «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы және серіктес сервистік қызмет көрсету мекемелері көркем өнерпаздарынан жасақталған «Қаламқас» вокалды-аспапты ансаблі құрылған болатын. Өндірістің қым-қуыт шаруасы, вахталық әдіспен қатынау бар, үздіксіз технологиялық процесстен мойын бұрып, бас түгелдеудің алғашқыда біршама қиындықтар туғызғаны рас. Дегенмен ансамбльдің негізгі құрамындағы әуесқой музыканттар мен өнерлі жастар жігерін жани отырып, ол сындардан да өтті. Бұл орайда компания басшылығы мен өндірістік басқарма жетекшілерінің қолдауын айта кеткен жөн. Шығармашылық топтың ізденісін шыңдау, демеу мақсатында заманауи музыкалық құрылғылар мен аспаптар алынды. Күні кеше ғана, маусымның соңғы күні «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Басқарма мүшесі, компания бас директорының бірінші орынбасары Бақыт Алтайұлы Иманбаев келіп, музыкалық аспаптардың рыноктағы соңғы жаңалықтарына жауап беретін соқпалы аспаптар топтамасын, күйсандық, гитара, музыкалық өзге де аса қажетті асай-мүсейлерді сыйға тартып кетті.
Атақты Қаламқас апаның атын иеленген вокалды-аспапты ансамбльдің репертуарында бүгінде 30-ға жуық әндер бар, ұжымға кәсіби білімі бар маман Алтынбек Сарғожаев жетекшілік етеді.
Алғаш рет мұнайшылар күніне арналған мерекеде сахнаға көтерілген ансамбльдің өнеріне тәнті болған көрермен-әріптес бүгін топтың құрамындағы өнерпаз-әріптеске айналды. Қатар көбейді. Топ құрамы жыршы-термешілермен, Маңғыстаудың Жеті қайқысының әндерін эстрадалық вокал жанрларында орындаушылармен толығуда. Бүгінде әншілер №1, №3 өндіру цехтарының жұмысшылары Қайрат Қарабалаев, Нығмет Қалдыбаев, ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехынан - Еркін Еңсегенов, тұрғын үй цехынан - Гүлжан Өтемұратова, қауіпсіздік қызметінен - Маңғыстаудың жеті қайқы әндерін орындаушы Қадірбек Құдияров, ансамбль әншісі Сахи Нұртілеуов, техникалық жабдықтау саласынан - әнші-термеші Елдос Рамазан, өрт-сөндіру қызметінің қызметкерлері - күйсандықта Ермұхан Жамансарин, көлік департаментінен – әнші, бас гитарада орындаушы Мархабат Бегилдинов, электро-аккустикалық гитарада - мұнайшы Жұмабай Ақмұрзаев, әншілер Сағидолла Қойлыбаев, әншілер «ОТК» серіктестігінен Жаңалық Бейсенқұл, «ОSК» серіктестігінен Нұрлыбай Нұрғожаев, Асылбек Аққулов, «Маңғыстауэнергомұнай» мекемесінен - дауылпаз аспабында Марат Көпеков, қосымша күйсандықта Асланбек Сатқанов, соло-гитарада әлеуметтік бөлім қызметкері Алтынбек Сарғожаевтар ансамбльде өнер көрсетеді.
«Қаламқас» вокалды-аспапты ансамблі концерттік бағдарламаларымен мұнайшылар арасындағы өткізілетін Жаңа жыл, Наурыз, Мұнайшылар күні мерекелік іс-шараларының бел ортасында. Өнерпаз ұжым өткен жылы көршілес орналасқан Қаражанбас мұнай кенорнындағы мұнайшылар кентінде әріптес мұнайшыларға арнайы концерттік бағдарламамен барып, концерт қойды. Биыл үстіміздегі жылдың мамыр айында Шайыр ауылында осы ауылдың түлектері - белгілі талантты ақын, сазгерлер, марқұм Талғат Атшыбаев пен Қыдырбай Тұрмағанбетовтың мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттау бағытында өткізілген концертке ұжым толық құрамда қатысып, ауыл тұрғындарының ыстық ықыласы мен ізгі-ілтипатына бөленді.
"Жаңа ұжым алдағы уақытта өз репертуарын тың туындылармен толықтырып, шығармашылық ізденісін шыңдай түспек. Қалың елге жеткізер іздеушісі, мол мұрасына ие болып, қамқор болар жанашыр жерлестері тұрғанда, Маңғыстау сазгерлерінің құлақ құрышын қандырар әуезді әндері туған елімен бірге жасап, өз өміршеңдігін жоғалтпайды деп сенем. Бұрынғы мен бүгінгіні бүтіндеу – елдік болады. Халықтың жанына жақын ән-әуендерін жоғалтпай аман алып қалу тек қана кәсіби маманның мұраты болмаққа керек. Халқының мұрасын сүю ол мұнайшы ма, құрылысшы ма, жанына көркем әуен тыныштық бермейтін әр қазақтың бойында бар. Осы ретте біздің шығармашылық ұжымның мұнайшылық кәсіп пен өнерді қатар алып жүруі заңдылық деп ойлаймын",– дейді «Қаламқас» вокалды-аспапты ансамблінің жетекшісі А.Сарғожаев.
Біздің білгеніміз, өнерпаздардың биылғы жоспарында Жетібай кенорнында, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бас ғимаратында, сондай-ақ мұнайшылар күніне орай Ақтау қаласы тұрғындарына өнерлерін ұсыну бар. Еліміздің игілігін еселеп, ел экономикасының тірегі болып жүрген мұнайшы жастардың өнеріне де ризашылықпен қол соғатынымызға сенемін.
|