Қыркүйек айының 2-3 жұлдызында мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының мерекелік шаралары Қаламқас кенорнынан бастау алып, келесі күні Жетібай кенорнында жалғасын тапты.
Қаламқас кенорыны мұнайшыларын құттықтауға арнайы келген облыс әкімі Алик Серікұлы Айдарбаев алдымен өндірісті аралады. Басқарманың №1580 ұңғыдағы полимер қоспаларын айдау қондырғысында болып, тәжірибелік-өндірістік сынақ өткізу жұмысымен танысты.
Мұнан соң жұмысшылар қалашығының орталық алаңындағы салтанатты мерекеге қатысып, мұнайшыларды құттықтады:
- Cоңғы 5 жылдың ішінде ғана акционерлік қоғам облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін 8 млрд. 245 млн. теңге, әртүрлі қайырымдылық мақсаттағы жұмыстар мен демеушілік шараларына 2 млрд. 262 млн. теңге қаражат бөлді. Ал мемлекет қазынасына 1 трлн. 200 млрд. теңгеден астам салықтар мен бюджеттік төлемдер құйды.
Ел экономикасын дамытуға ерекше үлес қосып келе жатқан осынау компанияның өсіп-өркендеуі жолында Қаламқас мұнайшыларының да алар орны бөлек. 30 жылдан астам уақыттан бері облысымыздың дамуына орасан зор септігін тигізіп келе жатқан кен орны үнемі өркендеп, өсу үстінде. Осының барлығы тату ұжымның табысты еңбегі арқасында қол жеткізілген жетістіктер, - дей келіп, өндіріс озаттарын Ата заңымыздың 20 жылдығына арналған медальмен марапаттап, құрмет грамоталар мен алғыс хаттарды табыс етті.
Жиналыста «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы адам ресурстарын басқару және еңбекақы бойынша басқарушы директоры Серік Абденов ерен еңбектерімен еленіп жүрген еңбек майталмандарын Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады.
Мерекеде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Иманбаев Бақыт Алтайұлы мұнайшылар қауымын мұнай-газ саласы қызметкерлерінің күнімен құттықтап, сөз сөйледі:
- Компаниямыз мұнай өндіру көлемінің артуына, сол арқылы салықтық түсімдердің молаюына, адами капиталдың дамуына, сөйтіп, елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге себепші болатын, өндірістің тиімділігін арттыратын ғылым мен техниканың үздік жетістіктерін пайдалану, жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарын да одан әрі жалғастырып келеді.
Біз табысқа «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бен мердігерлік ұйымдардағы ұйымшыл ұжым еңбегінің арқасында қол жеткіздік.
Мерекелік құттықтау компанияның өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүрген мұнайшыларды марапаттау рәсіміне жалғасты.
Мұнайшы кентінде өткен мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиналыста «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Бақыт Иманбаев құттықтау сөз сөйлеп, ерен еңбегімен ерекшеленген мұнайшыларға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар тапсырды.
Қаламқас және келесі күні Жетібай кенорнындағы мерекелік жиында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Айдынов, кенорын және сервистік мекеме басшылары да үздік шыққан мамандарға жылы лебізін білдіріп, марапаттады. Жетібай кенорнындағы мерекелік жиында Қарақия ауданы әкімі Ә.Дауылбаев құттықтап, облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарын тапсырды.
Мұнайшылар мерекесіне орай Қаламқаста футбол алаңы ашылды.
Бұл күндері түрлі спорттық жарыстар мен мұнай саласында еңбек етіп жүрген көркемөнерпаздардың күшімен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, мұнайшылар қауымы бір серпіліп калды. «Қаламқас» вокальды-аспап ансамблі, ағайынды Саламат, Талғат Жақыповтар, Әсет Нұрсебепов, Азамат Айтбаев, Әлімжан Бөлекбаев, Қайрат Қарабалаев, Қобыланды Әбдіғалиев, Айбек Жұрымбаев, Райымбек Түзелов, Еділ Бекмұратов мерекенің шырайын келтірді.