Қыркүйектің 11-жұлдызында мұнайгаз кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орайластырылып жарияланған «Мен мұнайшы баласы...» атты балалар суреті көрмесі өз мәресіне жетті. Шараның нүктесі сурет аукционымен қойылды. Шараға әріптестеріміздің бүлдіршіндерінің қиялынан туындаған қырыққа жуық суреттері тапсырылып, сауданың жалпы құны 100 мың теңгеден асып жығылды. Саудадан түскен қаражат сол суреттердің авторлары – кішкентай шеберлердің жеке өздеріне табысталды. Ең арзан деген сурет 2500 теңге болса, ең қымбаты 10000 теңгеге бағаланды.
- Керемет көңіл күй сыйлаған шара болды. – дейді көрмеге қатысқан балалардың бірінің апасы Ж.Исмұханбетова қуанышын жасыра алмай – ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамын, өте жоғары деңгейде өтті. Іңімнің мерейі өсіп қалды, «бірінші табысым» деп кішкентай қаражатын қоярға орын таппай, «келесіде тағы да міндетті түрде қатысамын, бұдан да асырып саламын» - деп отыр.
Расында да, балалардың қуанышында, ата-аналарының ризашылығында шек жоқ, төбелері көкке жеткендей болды. Әке мен ана үшін бала бақытынан, оның жеткен жетістігін көруден асқан қандай ләззат болсын?! Кім білсін, бәлкім осы шимайшылардың арасынан Әбілхандардың ізін басқан, қазақ қылқалам өнерін жаңа деңгейге көтеретін дарындар шығып қалар. Біздің көздеген мақсатымыз да осы - бүлдіршіндердің бойында өнерге деген құштарлықтарын қыздыру.
Сөз соңында шарамыздың жүзеге асуына зор үлес қосқан, суреттерді сатып алып, балалардың көңілін жықпаған Жетібай Қуанайұлы, Нұрсерік Қадірсізұлы, Асқар Беркінғалиұлы, Рүстем Жауымбайұлы, Нұрлан Лазарұлы, Талғат Хамидоллаұлы, Жанар Ізбергенқызы бастаған өнер жанашырларына ұйымдастыру алқасы атынан, жас мамандар Кеңесі атынан зор алғыс айтамыз.
Ғ.Әбдісадық
|