Қыркүйектің 8-12 күндері Астана қаласында «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясының жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған жастар слетіне «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы жас мамандар Кеңесінің белсенділері Ерболат Ещанов пен Асқар Сабыров қатысты.
Аталмыш шара осымен 2-мәрте өткізіліп отыр. Слетке “Қазмұнайгаз” Ұлттық компаниясына қарасты 30 кәсіпорыннан 84-тен астам мұнайшы жастар жиналды. Зерендідегі «Сұңқар» демалыс кешенінде 3-күнге созылған жастар слеті түрлі тренингтер мен логикалық ойындармен жалғасып, кейіннен барлық компаниядағы жас мамандар Кеңесінің бір жылда жасалған жұмыстарының есебі тыңдалды. Жастардың рухани, мәдени, кәсiби жағынан қалыптасуы мен бүкiл қоғам мүддесiне олардың шығармашылық әлеуетiн ашу, жастар саясатын одан әрі жетілдіру үшін атқарылған жұмыстар ауқымды. Еткен еңбек пен төккен тердің нәтижесі айқын.
Ұйымдастырушылар тарапынан аталған шараларға шетелдік мамандардың тартылуы жастардың слетке деген қызығушылығын ұлғайтты. Жиын соңында “Қазмұнайгаз” Ұлттық Компаниясының Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев жастармен кездесіп, өндіріске енгізілген инновация, еңбек өнімділігін ұлғайту жөнінде бірқатар сұрақтарға жауап берді.
- «Қоғам өзгеруімен бірге адам көзқарасы өзгереді, талап-тілегі күшейеді, белсенділік, білім мен біліктілік, саяси сана жаңа арнаға көтеріледі. Сондықтан да қоғам дамуы процесіне мемлекетімізді қалыптастыратын жас буынның білімділігі мен белсенділігі аса қажет. Жастарға мейлінше қолдау көрсетіп жағдай жасасақ, тәуелсіздігіміздің тұғыры нықталып, егемендігіміздің еңсесі биіктей беретіні сөзсіз» - деп, атап өтті С.Мыңбаев. Сауат Мұхаметбайұлы жас мамандарға сәттілік тілеп, “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамының жас мамандар Кеңесіне іргелі істерге ұйытқы бола білгендері үшін арнайы Алғыс хатты табыс етті.
Жаннат Кемал
|