Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
01.06.2016 ҚЫЗЫҚҚА ТОЛЫ БІР КҮН
 

 

 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні

Жазтоқсанның алғашқы күнін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жас мамандары қайырымдылық-қамқорлық шараларымен қарсы алып, 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қарақия ауданы Жетібай кентіндегі бірнеше балалар нысанын аралады. Шара «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының құрылғанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған «50 игі шара» акциясының шеңберінде орын алып отыр.

Қамқорлықты жалау еткен жас мұнайшылардың ат басын тіреген алғашқы орны Жетібай стансасындағы №5 орта мектебі болды. Мерекеге орай мектеп ұжымының ұйымдастырған концерттік бағдарламасына дөп түскен жас мамандар осы мектепте тәлім алып, аудан, облыс көлемінде елеулі жетістікке жетіп жүрген қыз балалар волейбол командасына демеушілік жасап, командалық киімді сыйға тартты. Көптен көңілдерінде жүрген мұқтаждықтарының қанағаттандырылғанына дән риза болған балдырған спортшылар қуаныштарын жасыра алмай, алғыстарын жаудырып, мұнайшылардың сыйлығы жігерлеріне жігер қосып, жеңіске деген құлшыныстарын арттыра түскенін айтып жатты.

Жас мамандардың тоқтаған кезекті нысаны - Өскенбай Қалманбетұлы атындағы Жетібай балалар өнер мектебі болды. Бұл жерде жас мұнайшылар жас музыканттар, суретшілер және «Аула клубы» мүшелерімен кездесті. Айта кету керек, бұл мектеп «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының әлеуметтік әріптестік жобасына сәйкес компания қаражатына салынған әлеуметтік нысан. Өнер мектебі 2011 жылы компанияның Маңғыстау мұнайының 50 жылдығына орай Жетібай кенті тұрғындарына жасаған тартуы. Бұл ауылдағы тұңғыш өнер мектебі. Бүгінде жүйелі жұмыс жасап, 250-ден астам баланы сан түрлі өнерге баулуда. Мұнайшы отбасынан шыққан бүлдіршін өнерпаздар аз ғана уақыт ішінде республикалық, халықаралық сахнаны бағындырып үлгергенін естіп марқайып қалдық.

 Бұл жерге де мұнайшы жастар құр қол келмеді. Мектеп шәкірттерінің дайындаған шағын концерттік бағдарламасын тамашалап болған соң компания басшылығы атынан сөз алған жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры, жас мамандар Кеңесінің  кураторы М.Ғұмарова жиналған қауымды мерекемен құттықтап, балғын дарындарға сыйлықтар табыстады. Мектептің аудандық, облыстық, республикалық додаларда топ жарып жүрген қырықтан астам шәкірті қызығушылықтарына қарай әртүрлі сыйлықтарға ие болды. Солардың бірі, сапалы қарындаштар жиынтығы мен арнайы сурет қағаздары топтамасына және суретші керек-жарағын тасымалдайтын футлярға ие болған бейнелеу өнеріне машықтанып жүрген 13 жасар Алдияр Аида: «Мен өзім мұнайшылар жанұясынанмын. Әкем «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында қызмет етеді. Әкемнің мекемесі бізге осылай көңіл бөліп жатырғанына өте қуаныштымын. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш!», - деп қуанышымен бөлісіп жатты.

Сондай-ақ мектеп шәкірттеріне мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында дарынды мұнайшы өнерпаздар балаларды өздерінің шығармашылығымен таныстырып, өлеңдерін оқып, күй тартып, ән шырқады. Нағыз бала думан мектептің фоэсінде қайнап жатты. Ақтау қаласынан аға-апалары алып келген қант жасаушы машинаның жанында үлестірілген қант-мақтасы да, аквагрим-суретшілерге қолдарына қынамен салдырған сан қиялдағы суреттер де сәбиге ғана емес, оларды жетелеп жүрген әжелері мен ата-аналарына да  ерекше қуаныш сыйлағанына куә болдық. Концерт залынан шығып жатқан сабын көпіршіктерінің шоуына қатысқан балалардың күміс күлкілері де сондай!   Қуантсаң баланы қуант деген сол.

Балғындарды өнерге баулып жүрген мектеп ұжымы да бұл күні назардан тыс қалмады. Өнеріміз өшпесін деген тілекпен ұстаздардың игілігіне «Баба-сарын бабауы» атты Маңғыстау өнер шеберлерінің антологиясы сыйға тартылды. Жинаққа Маңғыстаулық авторлардың 150-ден астам жыр-термесі мен ән-күйлері, Мұрат Өскенбаев сынды күй өнері дүлділінің өзі орындаған архивтік үнжазбалар енген екен. Бұл ұлттық өнерге баулып жатқан мектеп үшін шексіз жәдігер.

Бұл күні мектептегі мерекеге Жетібай кентінде тұратын денсаулығы дімкәс балалар арнайы шақырылып, ойын-қызықтың ортасында болды. Жас мамандар ерекше көңілді қажет ететін осы  балдырғандардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын сатып алып, балғындарды бір серпілтіп тастады.

Жас мамандар кеңесі мүшелерінің келесі аялдаған нысаны - Жетібай кентінің балалар және жасөспірімдер спорт мектебі болды. Бұл нысан да «Маңғыстаумұнайгаз» акцинерлік қоғамының оңтайлы әлеуметтік саясатының жемісі, 2012 жылы наурыз айында қолдануға берілген.  Бүгінде  спорт ошағында шағын футбол, үстел теннисі, каратэ және тағы басқа спорт түрлерінен      200-ден астам бала шынығуда. Дене тәрбиесі-сауықтыру кешені заманауи спорттық құралдармен толыққанды жабдықталған. Кешенге барудағы мақсатымыз - осы спорт ошағында шынығып жүрген «Қыран» балалар футбол командасымен жақынырақ танысып, мерекеге орай сый-сияпаттар табыс ету болатын.

Облыс деңгейінде балалар футболынан чемпиондық дәрежеге қол жеткізіп жүрген «қырандықтармен» таныстығымыз «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының футбол құрама командасымен өткен жолдастық кездесуден басталды. «Күш атасын танымас» демекші, кішкентай футболшылар намысты қолдан бермеуге тырысып, барын салып жатты. Бірде жылдамдыққа сүйеніп, бірде айлаға салып қарсыластың қақпасына екі доп жүгірте білді. Нәтижесінде шеберліктері санасуға тұрарлық екен деп аға буыннан мақтау естіп, талай азулы қарсыластың қақпасын допқа қарық қылған тәжірибелі команданың батасын алды. Кездесу соңында, жеңіске деген жігерімен көпшілікті риза еткен «Қыран» балдырған футболшылар командасының 12 мүшесі «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы жас мамандар Кеңесі атынан команда аты жазылған футбол формасына, рюкзак сөмкеге және кәсіби былғары доптарға ие болды.

Шәкірттеріне табысталған сыйға ризашылығын білдірген спорт ошағының меңгерушісі Қайрат Бекболаев: «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы жас мамандар Кеңесіне бүгін балаларға жасап жатырған құрметі үшін ерекше алғысымды білдіремін. Балалар біздің болашағымыз, бақытымыз. Сол себепті бүгінгідей шаралар жиірек болып тұрса екен деген тілегім бар. Салауатты, саламатты қоғам қалыптастыру ісіне салғырттықпен қарауға болмайды. Бүгін балаға жасаған жақсылығымыздың шапағаты ертеңгі күні бүкіл елге тиеді. Осы орайда, Компания басшылығына, өтінішімізді жерге тастамай, көктем мезгілінде толассыз жауған жаңбырдан зардап шеккен спорт мектебіміздегі балалардың киіну бөлмелерін жөндеуден өткізіп берген «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына ерекше алғысымды білдіріп кеткім келеді.», - деп ағынан жарылды.

Қайырымдылық шараларына «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқарма  бастығының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Б. Дусупов қатысып, балаларды мерекемен құттықтады.

Қашанда игі істердің басында жүретін жас мамандардың бір күні осылай өтті. Алда әлі талай қызықты жоспарлар, шаралар күтіп тұр. Мұнайшылар балаларына арналған шаралар да аз емес. Біз жетпеген биіктерге жетіп, жоғалғанымызды тауып, үзілгенімізді жалғайтын, ертеңгі күннің иесі, бүгінгі күннің базары мен бақыты – балаларымызға қандай сыйлық жасасақ та жарасып ақ тұр! Балаларымыз аман болсын!


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту