Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
06.06.2016 «АЛАУ» ҚЫЗЫҒЫ БАСТАЛДЫ
 

 Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз, - деп оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы лагерьлерге баруға асығады. Жайраңдаған жаздың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері балалардың осындай жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз.

...Айдыны керілген теңіз жағалауы таңертеңнен алакүбің. Күн шапағы біресе алабұлтты аспанға жасырынса, біресе молынан шапағын шашып көңілді ерекше сезімге бөлейді. Теңізден соққан қоңырсалқын самалға тербелген раушан гүлдерінің хош иісіне еріксіз елтисің. Маңайдың бәрі қызылды-жасыл бояуға толы. «Алау» бүгін ажарлы, келбеті келісті. Қыздай құлпырған. Жаз жайлауға жаңа келіп тігіліп жатқан ауылдай сәні-салтанатымен қонған лагерь ғимараттары да, олардың әрқайсысының жанындағы топтасқан балалар да, балдырғандардың хормен тақпақтатып жатқан дауыстары да «Алау» қызығының басталғанынан хабар беріп жатты.

Міне, әп-сәтте сапқа тізілген алаулықтар алаңды толтырып, сайқымазақтардың  көңілді дауысымен мереке де басталып кетті. Күншуақ түстес сап-сары жейде киген бір тектес бүлдіршіндер команда-команда болып, топтарының аттарын, өздерінің ұрандарын  саңқылдатуда. Бір бірінен іліп алып, ынта-шынталарымен бірлік, достықты ту өткен жігерлі дауыстарды теңіз самалы шалқар айдынға қарай қалықтатып барады...

Маусым айының 3-жұлдызында «Алау» балаларды сауықтыру лагері алғашқы бүлдіршіндерін қабылдап, бірінші ауысымның ашылу салтанаты осылай басталды. Мемлекеттік ән ұранды көк аспанға шалқытқан бүлдіршіндер лагерь туын биікке желбіретті.

Салтанатты жиынды ашу үшін «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директоры Б.Иманбаев, бас директордың бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Айдынов   мінбеге көтерілді.

-   Құрметті бүлдіршіндер, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі - мұнайшы балаларының жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыру. Биыл «Алау» демалыс лагерінде екі мыңға тарта бала демалмақ. Сіздерге көңілді демалыс, жаңа достар, көтеріңкі көңіл-күй тілеймін, - деді Бақыт Алтайұлы құттықтау сөзінде.

-   Қоғамның, ата-анасының, олар еңбек ететін ұжымның ықыласына бөленіп өскен бала өз Отанын жанындай сүйетін, оған адал қызмет ететін азамат болып өседі. Сондықтан да біздің компания балалар үшін барлық жағдайды жасай бермек. Мейрам құтты болсын, - деп қазақ тілінде тілеген жеткізген Пэй Цзяньшэн, сондай-ақ, Т.Айдынов мырзалардың құттықтауларын  балалар  ду қошаметпен қарсы алды.

Биылғы маусымға дайындық жылдағыдан өзгеше. Лагерьде екінші жыл жұмыс жасап жатқан «Алау-Ақтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі істің көзін білетін қожайындай көптеген шаруаны тындырған. Жаңа төсек орындары, асхана жабдықтары, медпункт жарағы, көгалдандыру үшін тартылған су құбыры, балалар шығармашылығы орталығы үшін тігіліп тасталған қос киіз үй осы жұмыстардың бір парасы. Арнасына толып тұрған тоғанды, жаңа үлгідегі  футбол алаңын көріп көз қуанды. Таңның атысы кештің батысы ала доп қуалап өскен ауыл баласына бұл бір баға жетпес сый құдды.

-   «Алау» балаларды сауықтыру лагерінде бір кезекте 260 бала демалады. 18-тамызға дейін барлығы бес кезек өткізілмек. Жаз бойы лагерьде танымдық, ойын-сауық, спорттық шаралармен қатар Ақтау қаласына саяхат, қаладағы кинотеатрлар, «Мадагаскар» ойын алаңындағы аттракциондарға, Қаракөлге, түйеқұс шаруашылығына, теңіз портына  апару көзделген. Биылғы жылдың жаңалығы – Маңғыстаудың тарихи орындарына 12 сағаттық экскурсия ұйымдастырылады. Жалпы, мұнда демалысты қызықты өткізуге барлық жағдай жасалған. Барлығы кесте бойынша жүзеге асады. Тіпті, балалар үйлеріне қайтар сәтте лагерь мен жаңа достарын қимай, көздеріне жас алып қоштасатынына куәміз, - дейді орталық директоры Татьяна Александровна Рожкова.

Айтса айтқандай, балалардың алғашқы үш күннің ішінде лагерьге бауыр басып қалғандығы көрініп тұр:

Рысжан Раева -  мен Жетібай кентінен келдім.  «Алау» лагеріне алғашқы келуім. Лагерь  тамаша. Мұнда әр түрлі іс-шаралар, жарыстар басталды. Бәріне де қатысқым келеді. Жан-жақтан келген  құрбыларыммен танысып, лагерьдегі күндерімізді қызықты бастап жатырмын.

Мейрамбек Қоджаберген – бүгінгі күн өте ерекше. Мен де Жетібайданмын. Теңіз де, лагерь де, тәрбиешілер де өте ұнады. Мұнда өте көңілді, әлі де қызықты болады деп ойлаймын. Ұйымдасты-рушыларға көп рахмет.

Осы маусымдағы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының қолға алған игі ісі - қайырымдылық мақсатында Жетібай, Мұнайшы елді мекендерінің әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан 40 балаға тегін жолдама берілді.

... Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Өнерлілері мың бұрала би билеп,  әуелете ән салған демалушылардың куаныштарында шек жоқ. Топ-топ болып сайысқа түскен достарына жанкүйер балалардың делебесі қозып, қолдаған дауыстардан құлақ тұнғандай. Төңірекке көз тастаған сайын алқызыл раушан гүлдері, айдарыңнан ескен самал жел көңілдің жайлауын кеңіте түскендей ерекше бір сезім. Көк майсаға әндетіп отыра кеткің келеді, не болмаса анадайдан толқыны толассыз соққан теңіздің жағасына жеткің келеді.  Балдырғандардың бал-бұл жанған жүздеріне қарап, бақытты болашақ баспалдағында тұрғаныңа шүкір дегендейсің.

 


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту