Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы еңбек және әлеуметтік кепілдіктерді сақтауды қамтамасыз ету және ұйым қызметінің жұмысына қолайлы жағдайлар туғызу мақсатында жасақталған Ұжымдық шартқа қол қою рәсімі өткізілді.
Ұжымдық шартты жасақтау жөніндегі комиссия мүшелері арасында жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде бұл құжатта 2013 жылы қабылданған ұжымдық шарттың негізгі жағдайларын сақтау жөнінде шешім қабылданды. Бұған қоса 2015 жылғы 19 қаңтардағы комиссия мүшелері отырысының №2 хаттамасына сәйкес жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы ұжымдық шарттан алынып тасталған кейбір тармақтар 2016 жылғы ұжымдық шартқа қайтадан енгізілді.
Жаңа ұжымдық шартқа сәйкес қоғам қызметкерлеріне, 2013 жылғы Ұжымдық шартта қарастырылғанымен 2015-2016 жылдары әлемдік мұнай нарығында қалыптасқан күрделі жағдайларға орай төлеу мүмкіндігі болмаған, заңды некеге отырғаны үшін 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленетін материалдық жәрдем, белгілі бір жасқа жеткен және компаниядағы еңбек өтілі 5 жылдан асқан қызметкерлерге, оның ішінде әйел адамдарға 50, 55 жасқа толғанда, ал ер адамдарға 50, 60 жасқа толғанда 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленетін материалдық жәрдем, зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты еңбек қатынастары шарты бұзылған мұнай-газ саласындағы еңбек өтілі 5 жылдан асқан еңбек өтілі бар қызметкерлерге 1 лауазымдық айлық жалақысы (тарифтік мөлшерлеме) көлеміндегі бір жолғы төлем, Ауған соғысына қатысушыларға, Семей полигонынан зардап шеккен қызметкерлерге 7 мамыр - Отан қорғаушылары күніне орай 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленетін материалдық жәрдем, Қоғам қызметкерлерінің балаларын мектепке дейінгі балалар мемлекеттік мекемелерінде тәрбиелеуге өтемақы төлеу көзделген.
Компания қызметкерлерін оқу орындарында оқытуға төленетін төлемдер 2013 жылғы ұжымдық шартта 53,5 млн. теңге көлемінде қарастырылған болса, жаңа ұжымдық шартта көлемі екі есеге ұлғайтылып жалпы сомасы 107 млн. теңгені құрады. Отбасыларында 4 және одан да көп балалары бар компания қызметкерлеріне берілетін бір жолғы төлем 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Бұл төлем 2015-2016 жылдары 50 айлық есептік көрсеткіші көлемінде төленіп келген болатын. Компания қызметкерлеріне балалы болғанда төленетін бір жолғы төлем көлемі 50 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Ол 2013 жылғы Ұжымдық шартта 35 айлық есептік көрсеткіші көлемінде қарастырылған болатын.
Сонымен қатар, компания қызметкерлерінің отбасыларына жаңа оқу жылына қажетті керек-жарақтарын сатып алуға төленетін әлеуметтік көмектің көлемі 15 000 теңгеден 25 000 теңгеге дейін ұлғайтылды.
Шарттағы тағы бір жаңалық - компания қызметкерлеріне сыйақыны ай сайынғы негізде төлеу туралы шешім қабылданды.
Жаңа ұжымдық шарт мұнайшылардың әр түрлі әлуметтік мәселелерін шешуге бағытталған шығындарды жылдан жылға өсіп келе жатқандығының көрсеткіші. Осы бағытта үстіміздегі жылы компания 600 млн. 264 мың теңге қаржы құйған болса, енді жаңа ұжымдық шартқа сәйкес жыл сайын 383 млн. 800 мың теңге көлемінде қосымша қаржы жұмсалып отыратын болды.
2016-2019 жылдарға арналған «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы Ұжымдық шарт - компаниядағы әлеуметтік саясаттың нәтижесі.
С.Ғалидуллин
|