Мағлумат
Табысын «қара алтыннан» еселеп отырған мұнай өндіруші мемлекеттермен қатар біздің еліміздің де экономикасы әлемдегі мұнай бағасының бәсіне байланысты. Отандық мұнай компаниялары өз қызметінде әлемдік нарықта мұнай бағасын жариялайтын ақпарат агенттіктерінің мәліметтеріне сүйеніп, соған сай әрекет етеді. Халықаралық нарыққа шығатын мұнай, мұнай өнімдері, табиғи газ, мұнай-химия өнімдері және өндірістік металдардың құнын мол тәжірибесі бар «S&P Global Platts» компаниясы жариялап отырады. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы осы компанияны өңірімізге шақырып, облыстағы мұнай өндіретін кәсіпорындардың қатысуымен конференция өткізді.
Жиында алғысөз сөйлеген «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн Маңғыстау облысында алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға қатысушылар мұнай-газ секторындағы өзгерістерден, соңғы жаңалықтардан хабардар болатынын жеткізіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
–Дәйекті, нақты ақпарат таратуда бір ғасырдан астам тарихы бар компания Еуропа мен Азия нарығында жетекші рөл атқарып келеді. Осыған дейін Астана, Атырау қалаларында мұнай-газ саласындағы көшбасшы компаниялармен кездесіп, мәліметтер ұсынып, пікір алмастық, сұрақтарына жауап бердік. Қазақстанның бас қаласында ең ірі тапсырыс берушіміз болып табылатын «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының ұжымымен кездесу өткіздік. Бағдарлама бойынша мұнай бағасының қалай бағаланатынын, нарыққа шығу жолдарындағы жүйелерді түсіндіріп айтамыз. Сондай-ақ тың идеяларымыз мен жаңа бастамаларымызды да таныстарамыз. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне әлемдік деңгейде ақпараттық қолдау көрсетеміз. Маңғыстау облысындағы тапсырыс беруші, бізбен берік байланыс орнатқан кәсіпорындардың барлық сұрақтарына жауап беріп, тәжірибе алмасамыз. Бізге қолдау көрсеткен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылығына алғысымызды білдіреміз, – деді «S&P Global Platts» компаниясының Мәскеу кеңсесіндегі өкілі Георгий Гулевский.
Шара барысында шетелден келген мамандар қатысушылар назарына слайд түрінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қазіргі нарықтағы жағдайды баяндап, көкейдегі сауалдарына жауап берді. Жиында айтылған орамды ойлар мен жүйелі пікірлер мұнайшы-лардың қызығушылығын туғызды.
– Бүгінгі жиында Лондоннан, Мәскеуден келген қонақтарымыз мұнайшыларға мұнай саласының бүгіні мен болашағы туралы тың мәліметтер берді. Brent маркалы мұнай бағасын шығаруда алдыңғы қатардағы компаниямен көп жылдардан бері тығыз жұмыс жасап келеміз. Сенімді серіктестік орнатқан агенттік күнде кешкісін соңғы, нақты деректерді ұсынып, себептерін де көрсетеді. Жұмы-сымызға сан мен статистиканы арқау етіп, соған сай еңбек етеміз, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ маркетинг және мұнай өткізу департаментіның директоры Бекболат Атшыбаев.
«Маңғыстау» газеті |