Ішкі коммуникациялар
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының ішкі коммуникациялар туралы Ережесіне сәйкес үстіміздегі жылдың 21-ші ақпанында «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында және 24-ші ақпанында «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында қоғам басқармасының әкімшілік мәселелері департаменті тұрғын-үй пайдалану цехы қызметкерлерімен кезектен тыс кездесулері болып өтті.
Екі кездесудің де күн тәртіптерінде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында жүргізіліп жатқан трансформациялау шаралары және «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы құрамынан қызметтің бейінді емес түрлерін шығару жөніндегі жол картасы мәселелері бойынша әкімшілік мәселелер департаменті тұрғын-үй пайдалану цехы қызметкерлерінің ұжымдық хатына жауап беріп түсіндіру мәселесі қойылды.
Қаламқас кен орнында өткен жиында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директоры Бақыт Иманбаев өз сөзінде компаниямызда «Самрұқ-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат Қоры» акционерлік қоғамы тапсырмасына сәйкес «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы бейінді емес активтерінің құрылымын өзгерту бойынша бағдарламасын іске асыру мақсатында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында құрылымды қайта ұйымдастыру бағытында алынып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. «Осындай шаралар Үкіметтің талабына сәйкес, Ұлттық компанияларда жүргізілуде. «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы мен «Самрұқ-Энерго» ҰК» акционерлік қоғамдары бейінді емес активтерді нарыққа шығару жұмыстарын бүгінде аяқтап отыр. Әрбір компанияның әрі қарай дамуына қажет стратегиясы мен қызмет түрі анықталып отыр, ал осы стратегиялық бағыттар мен қызмет түрлеріне сәйкес келмейтін активтер бейінді емес болып есептеледі. Демек бейінді емес активтер дегеніміз - кәсіпорынның негізгі қызметіне байланысы жоқ активтер. Өздеріңізге белгілі болғандай «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында өртке қарсы қызмет, медициналық-санитарлық қызмет сияқты бірнеше бейінді емес құрылымдарды шығару жұмыстары атқарылды. Ең маңыздысы - шығару нәтижесінде барлық қызметкерлер Қоғамның кепілдіктерімен жұмыссыз қалған жоқ» - деді Бақыт Алтайұлы.
Сөзін жалғастыра отырып, ол жиналғандарға медициналық-санитарлық қызметті құрылымнан шығару жұмыстары туралы толығырақ айтып берді. Компания құрылымынан шығару нәтижесінде медициналық-санитарлық қызметтегі барлық жұмыс орындарының сақталғаны, бұған қоса медициналық қызметкерлер, ашық конкурста жеңіп шыққан компания - «Хирургия институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есебінен, өздерінің кәсіби шеберліктерін жетілдіруге мүмкіндіктер алғандығы, ендігі кезекте «Хирургия институты» ЖШС медициналық қызмет көрсетудің сапасын көтеру, замануи медициналық жабдықтармен жарақтандыру мақсатында инвестиция салып жатырғандығы туралы баса айтты.
Жиында кәсіподақ комитетінің төрағасы Талғат Айдынов медициналық-санитарлық қызметін нарыққа шығару тақырыбын жалғастырды.
«Мен арнайы комисия мүшесі ретінде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы медициналық-санитарлық қызметін бәсекелестік ортаға шығару жөніндегі ұйымдастыру-техникалық кешенді шараларын іске асыру бойынша конкурсты өткізуге жұмыс комиссиясы мүшесі ретінде қатыстым. Конкурс ашық түрде, әділ өтті. Конкурсқа мықты медициналық компаниялар қатысты, «Хирургия институты» ЖШС-нің конкурстық құжаттары қойылған талаптарға толықтай сәйкес болып шықты. Оған қоса компания 3 жыл ішінде медициналық қызметтің инфраструктурасын жаңғыртуға 1 млрд. теңгеден астам инвестиция салу жөнінде міндеттеме алды. Ендігі жерде үш жақты келісімге сәйкес кәсіподақ комитеті мердігерлердің алған міндеттемелерінің орындалуын бақылап отырады. Әкімшілік мәселелер департаменті Тұрғын-үй пайдалану цехін қайта құрылымдау процедуралары дәл осындай принциптермен атқарылатын болады. Ол үшін «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының, кәсіподақ комитетінің және Қаламқас кен орнындағы және Жетібай кен орнындағы Әкімшілік мәселелер департаменті тұрғын-үй пайдалану цехтарының жауапты өкілдерінен тұратын бейінді емес қызметті шығару жөніндегі жұмыс комиссиясы құрылады.» - деді өз сөзінде кәсіподақ комитетінің төрағасы.
Бас директордың бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн жиынға қатысушыларды болып жатқан өзгерістерге қобалжымауға шақырды. «Барлық процедуралар жоспарлы түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізіледі. Еңбек ұжымы мен кәсіподақ комитетінің өкілдері қатыстырылады. Ал болашақ конкурс жеңімпазымен қабылданатын контракт ұзақ мерзімді болады» - деп атап өтті өз сөзінде Пэй Цзяньшэн.
Жиынға қатысушылар тарапынан тұрғын-үй пайдалану цехтарын қайта құрылым-дағаннан кейін жұмыс орындарының сақталуы, басқа мамандыққа ауысу мүмкіндіктері, басқа компанияға ауысқанда разрядтарының сақталуы т.с.с. сұрақтар қойылды.
Компания басшылығы жиындарда қойылған барлық сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді. Разрядтардың сақталуы туралы сұраққа Бақыт Иманбаев ашық конкурс өткізуге дайындық жұмыстары кезінде конкурстық құжаттаманың техникалық тапсырмасы жасақталатыны, сол кезде мердігерге қойылатын барлық талаптар құжатқа енгізілетіні және осы құжаттаманы жасақтауға әкімшілік мәселелер департаменті тұрғын-үй пайдалану цехтарының өкілдері жұмыс тобының құрамында қатыса алатыны туралы жиналғандарға ақпарат бері.
24 ақпан күні Жетібай кенорнында өткен Қоғам басқармасының тұрғын-үй пайдалану цехтарының қызметкерлерімен кезектен тыс кездесуінде күн тәртібіндегі мәселеге сәйкес «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директоры Бақыт Иманбаев, Бас директордың әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Жетібай Төлеғожаев, Бас директордың адам ресурстарын басқару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Нұрсерік Кудереев, кәсіподақ комитетінің төрағасы Талғат Айдыновтар жиналғандар алдында егжей-тегжейлі түсініктер беріп, қызметкерлердің қойған сұрақтарына жауап берді.
Кездесулердің соңында Басқарма мүшелері еңбек ұжымдарына түсіністік танытқандары үшін алғыстарын айтты. Тұрғын-үй пайдалыну цехтерінде қызмет етіп жүрген әйел адамдарды таяп қалған көктем мерекесімен құттықтап, 8-наурыз Халықаралық Әйелдер Күніне арналған 6 наурыз күні Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде өтетін салтанатты жиын мен «Анаға сәлем!» атты концертті тамашалауға шақырды.
С. Ғалидуллин
|