Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
30.12.2016 "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ басшылығы ұжымды жаңа жылмен құттықтады

    

Құрметті мұнайшылар!

Санаулы күндерден кейін жаңа 2017 жылға - Тауық жылына аяқ басқалы тұрмыз. Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқағай!

"Бүгінгі күн-ертеңгі тарих" демекші, 2016 жыл да қас-қағым сәттей боп, зырғып өте шықты. Адамзат тарихына саналуан қарама-қайшылықты оқиғаларымен жылнама жазғаны мәлім. Әлемді билеген дағдарыс, шикізат нарығының құлдырауы ел экономикасына салқынын тигізбей қоймады. Әйтсе де, Елбасының салиқалы саясатының, халқымызға тән сабырлық пен еңбекқорлықтың арқасында айдан аман, жылдан есен келеміз. Аспанымыз ашық, іргеміз тыныш, ынтымаққа ұйып отырған жайымыз бар. Басты жетістік осы емес пе?

2016-жыл - «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы үшін тарихи жыл болып уақыт қойнауына енді. Қазақ елі Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мұнай өндірісіндегі биік табыстарымызбен айшықтадық.  Маңғыстаудағы алғашқы мұнай бұрқағының 55 жылдығы мен «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығына орай мұнайдың тарихын жаңғырттық, атақты мұнайшылардың ерлікке толы еңбек жолын насихаттадық, аға ұрпақтың аманатына лайық жаңа буынның өсіп келе жатқанына ризашылықпен жаңа жылдың табылдырығынан аттағалы отырмыз. Мұнай өндірудің жылдық жоспары орындалып, 6 млн. 285 мың тонна мұнай ел байлығын еселеді. Өтіп бара жатқан жылы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының «Сала үздігі» атануы бірлігі жарасқан ұжымның, қадірлі мұнайшылар, Өздеріңіздің қажырлы еңбегінізбен келген жеңіс. Сондай-ақ компанияның әлеуметтік саясатының игі нәтижесі - ұжымдық шартқа қол қойылды. Демек, "бұл жыл, біз үшін табысты жыл болды!", - деп нық сеніммен айтуға болады, ал келер жыл бұдан да жарқын болады деп сенеміз.

Жаңа 2017-жылдың өз межесі бар. Өндіріске жаңа технологияларды енгізу жұмыстары онан әрі жалғасады, уақыт талабына сай жаңа жобалар жүзеге асады. Келесі жылы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының тарихында алғаш рет «қара алтын» өндіру қарқынын   6 млн. 350 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Құрметті мұнайшылар, баршаңызды келе жатқан 2017 - Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймыз. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болып, әрдайым да жасампаз еңбектің жарқын үлгісін көрсетіп, Тәуелсіз Қазақ елінің қарыштап дамуы үшін қажырлы үлестеріңізді қоса беріңіздер! Әрбір мұнайшының шаңырағында ырыс-несібе мол болсын!

 

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның Басқармасы

 Бас директор                               Бақыт Иманбаев

 Бас директордың бірінші орынбасары                     Пэй Цзяньшэн


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту