Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
16.01.2017 ЕҢБЕК ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУ: МЕЖЕ МЕН МІНДЕТ

    

 Ішкі коммуникация

 

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының ішкі коммуникациялары Ережесіне сәйкес компанияда жылына екі рет қоғам басқармасының еңбек ұжымымен есептік кездесулерін өткізіп тұру көзделген. Осыған орай үстіміздегі жылдың 5-ші қаңтарында «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында және 6-шы қаңтарында «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында қоғам басқармасының мұнайшылармен кезекті кездесулер болып өтті.

Кездесудің күн тәртібінде 2016 жылдың қорытындысы, 2017 жылға компания алдында қойылған міндеттер, сондай-ақ осыған дейін өткен кездесулерде мұнайшылар тарапынан қойылған сұрақтардың шешілу барысы туралы мәселелер қаралды.

«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында өткен жиында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директоры Б.Иманбаев жаңа жылмен құттықтап, жылдық мұнай өндіру жоспары үдесінен шыққан  мұнайшыларға  зор алғысын білдірді. Компанияда 2016 жылы атқарылған жұмыстар және 2017 жылға алға қойылған міндеттер туралы баяндап берді.

Бақыт Алтайұлы компаниямызда болып жатқан өзгерістер мен жаңа бағыттарға тоқталды:

- Биыл жаңа Ұжымдық шарт жасақталды. Бұл шартта 2015 жылғы ұжымдық шарттан алынып тасталған кейбір тармақтар 2016 жылғы ұжымдық шартқа қайтадан енгізілді. Өткен жылдары әлемдік мұнай нарығында қалыптасқан күрделі жағдайларға орай төлеу мүмкіндігі болмаған төлемдер қайтадан күшіне енді. Әсіресе, Қоғам қызметкерлерінің балаларын мектепке дейінгі балалар мемлекеттік мекемелерінде тәрбиелеуге, оқу орындарында оқыту, отбасыларында 4 және одан да көп балалары бар компания қызметкерлеріне берілетін бір жолғы төлем, балалы болғанда төленетін бір жолғы төлем көлемі ұлғайтылды. Сонымен қатар, компания қызметкерлерінің отбасыларына жаңа оқу жылына қажетті керек-жарақтарын сатып алуға төленетін әлеуметтік көмектің көлемі 15 000 теңгеден 25 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Шарттағы тағы бір жаңалық - компания қызметкерлеріне сыйақыны ай сайынғы негізде төлеу туралы шешім қабылданды.

Жаңа ұжымдық шарт мұнайшылардың әр түрлі әлуметтік мәселелерін шешуге бағытталған шығындарды жылдан жылға өсіп келе жатқандығының көрсеткіші. Осы бағытта үстіміздегі жылы компания 600 млн. 264 мың теңге қаржы құйған болса, енді жаңа ұжымдық шартқа сәйкес жыл сайын 383 млн. 800 мың теңге көлемінде қосымша қаржы жұмсалып отыратын болды.

 

Сондай-ақ, «ҚазМұнаГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының бұйрығына сәйкес жүргізіліп жатқан транформациялау процесіне байланысты медициналық-санитарлық бөлімшесін компания активтерінен шығару бағытында шаралар алынды. Жаңа жылдан бастап жұмысшыларды медициналық қамтуды «Хирургия ғылыми зерттеу институты» орталығы атқаратын болады. Аталмыш медициналық компания мен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ арасында компания қызметкерлеріне толық медициналық қызмет көрсету туралы келісім жасақталды. Денсаулық сақтау саласында зор тәжірибесі бар республикалық орталықтың білікті мамандары мұнайшыларға жоғары кәсіби деңгейде қызмет көрсетеді деген сенім бар. Сондай-ақ бұрын емхана есебінде тек компания қызметкерінің өзі тұратын болса, енді медициналық қызмет түрлерімен мұнайшылардың 14 жастан асқан үш отбасы мүшесін қамту мәселесі қарастырылуда.

Жиында мұнан бұрынғы еңбек ұжымымен кездесулердегі көтерілген мәселелердің шешілгені туралы ақпарат берілді. Бақыт Алтайұлы өндірістегі мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында Асар кенорнында жаңа асхана құрылыс басталатындығын жеткізді.

Жетібай кенорнында өткен жиналыста мұнайшылардың балаларын компанияға жұмысқа алу, стажерларды тұрақты жұмыс орнымен қамту, жыл қорытындысы бойынша бонус төлемі туралы сұрақтар берілді. Б.Иманбаев жұмысқа адам алу жөніндегі мораторийға байланысты компанияға жұмысқа орналастыру мүмкін еместігін айтты. Аса тұрмысы ауыр жұмысшылардың мәселесін мердігерлік компаниялар арқылы шешуге тиісті орынбасарларына тапсырма берді. Стажерлар жайы трансформациялауға байланысты қысқарған компания қауіпсіздік қызметі қызметкерлерін біліктіліктері мен мамандықтарына сәйкес вакансиялық жұмыс орындарына орналастырылғаннан кейін күн тәртібіне қойылатын болады.  Ал бонус төлемі жөнінде компания басшылығы мен кәсіподақ ұйымы бірлесе жұмыс жүргізуде. Мәселе акционерлердің алдына қойылған. Бүгінгі таңда бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр.

«Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы еңбек ұжымымен кездесуде  кәсіподақ комитетінің төрағасы Бердібек Қуатбаев  кенорны мұнайшылары атынан тұрмыстық қамту бағытындағы төсек орын, арнаулы киім, сондай-ақ мұнайшылардың разрядын көтеру, бонустық төлем мәселелерін алға тартты. Б.Иманбаев жұмысшылардың сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап беріп, мұнайшылар сауалдарын шұғыл шешу жөнінде тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Жиындарға қатысқан мұнайшылар қарапайым еңбеккерлердің өтініштеріне үлкен көңіл бөлінетін осындай дәстүрлі кездесулердің ұйымдастырылып тұрғанына өз ризашылықтарын білдіріп жатты.

С.Ғалидуллин


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту