Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
09.03.2017 «АНАҒА СӘЛЕМ»

    

Өнерлі өрге жүзер

 

Биылғы Наурыз әдемі әсер сыйлаған ай болды.

Компания жұртшылықпен байланыс департаменті мен компания Жас мамандар Кеңесі компанияда 8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күнін жаңа мазмұнда ұйымдастыруға ерте қамданды. Жаңа жыл мерекелері өте сала «Ордадағы» Жас мамандар Кеңесінің бөлмесінде небір идеялар ортаға салынып, небір қиял көкке самғады. Ақтаудағы «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» акционерлік қоғамына қарасты компаниялар тобының Жас мамандар Кеңесінің мүшелерінің, әуесқой мұнайшы жастарының басы әдеттегіден жиі қосылды десе болады. Жұмыс аяғында коридорда ән әуелеп, жастардың жарқын дауысы ойлаған істің нәтижесіз болмайтындығын сол күндерде аңғартып, 8 наурызды қызығушылықпен асыға күткеніміз рас.

Наурыздың 6-сы күні Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің үлкен концерт залын түс ауа қыз-келіншектер мен құшақ-құшақ гүл ұстаған ардагер мұнайшы апалар көңілді қуанышқа толтырды. Қым-қуыт өндірістің тірлігімен жүретін нәзік жанды мүнайшылар құрбыларымен кездесудің сәті түскеніне мәз-мейрам, құрметті еңбек демалысына шығып, өндірістен қол үзіп қалған ардагер мұнайшы аналарға әріптестері қуана құшақ жайып, бәрі ыстық қауышып жатты.

Жалпы концертті тамашалауға мұнайшы-ардагер аналар, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының және компанияға қызмет көрсететін сервистік компаниялардың әйел қызметкерлері шақырылған еді. Мәдениет сарайы фойесінде ардагер аналар мен мұнайшы қыз-келіншектерді дәлізде қарсы алып, раушан гүлі мен тәтті сыйлықтарын табыстаған өндірдей жас жігіттер – компания мамандары ризашылыққа қарқ болды десе де болады. Қолдарындағы гүлмен залға енген әйелдер Абай атындағы мәдениет сарайын гүл бағына айналдырып, нағыз мереке, нағыз салтанат осы дегізгендей еді. Жүректері мейірім мен махаббаттан жаралған нәзік жанды әріптестеріміздің шын қуанған сәтіне куә болып, жастар да шат...

Мерекелік кешті ашқан Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Бекмұрат Жүсіпов жиналғандарды мерекесімен құттықтап, ұлт пен ұрпақтың бесігін тербетіп, тәрбиесін түзейтін тіліміз бен дінімізді санамызға сіңіретін асыл жандарға денсаулық, бақыт, игілік және көктемгі көтеріңкі көңіл күй тіледі. «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы адам ресурстарын басқару жөніндегі вице-президенті Серік Әбденов ізгілік пен сұлулықтың, нәзіктік пен дарқан көңілдің көрінісі болып табылатын, «бір қолымен әлемді, бір қолымен бесік тербететін» әйелдердің отбасыларына амандық, шаңырақтарына шаттық тілейтінін жеткізді. Компания бас директоры Бақыт Иманбаев өмірімізге сән беріп, шуақ шашып жүзінен мейірім лебі есіп тұратын әйел әріптестерімізге құрметін білдіріп, оларға деген ерекше ықыласын жеткізді. Дендеріне саулық, отбасыларына шаттық пен баянды бақыт тілеп, көктемнің күн шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтады. Компания бас директорының бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн компанияның жетістікке жетуіне, мұнай-газ саласының өркендеуіне әйелдер қауымының зор еңбек сіңіргенін айтып, «әлемді тек сұлулық құтқарады» демекші нәзік жанды аруларға, аналарға жылы лебізін білдірді.

... Көне патефонның құлағынан әуен төгілді... Робертино Лоретти «Ямааайкааа» деп созады... Енді атақты Роза Бағланова шырқады «Бұлбұл құс туған жерден гүл іздейді, Күдерін құштарынан бір үзбейді»... жастықтың жайлауында қалған сағыныштың әні ... Ескі патефонның инесінің сырылының арасынан тағы бір таныс әуен жетті бағзы жылдардан... апырау, мынау «Дос-Мұқасан» ғой... Гитараның алғашқы аккордынан-ақ «Жыр жазамын жүрегімді» жүрек тани қойып, жүйке тамырыңа дейін қозғайтын сазбен тербеле бастадық...

Әуеннің ырғағында әуелеп шымылдық көтеріліп барады. Экрандағы көне байырғы ақ пен қарасы басым көмескі кадрдағы өндірдей жас Мұрат Құсайынов, Досым Сүлеевтерге қарап елти бастағанда сағыныштың өзіндей күңгірт тартып тұрған сахнаның бар жарығы жарқ етті де, «Қаламқас» вокалды аспапты ансамблі әуенді іліп ала жөнелді...

Сахнаның түбіндегі сонау алпыс-жетпісінші жылдары қат болған ескі телевизор, бергі беттегі демалыс аллеясы, «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер», «Менің атым Қожа» фильмдері, «Дос-Мұқасан» ансамблінің концертіне шақырған афиша, парктегі ғашықтардың сыры қалған ескі орындық пен талай жүректің құпиясын ұрлаған көне жарық шам, эстрада ... бүгінгі кештің ретро-концерт болатынын аңғартты. Концерт жүргізушілері - жұртшылықпен байланыс департаментінің мамандары Ғани Әбдісадық, Анар Нұғманова және «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының қызметкері Жомарт Әскербайдың жарасымды сөз қағысы мен орынды әзілдері әп дегеннен залды өздеріне баурап алды...

...Алқалы топқа енсеңіз,

Ақын жырына сенсеңіз:

Әйелдің жасын сұрама,

Әйелдің жасы – он сегіз.

 

Мейлі ғой сенбесеңіз, сенсеңіз де,

Еркіңіз көнбесеңіз, көнсеңіз де,

Арулар қартаймайды ешқашанда,

Бәрібір қыздың жасы – он сегізде, - деп Ғани бастаған сөзді Жомарт «Төлеген ақынша айтқанда, бүгінгі залда отырған жүректері он сегіздегі мұнайшы ана-апаларымыздың қыз күнін сағындыртайықшы бір!» іліп алып кетсе, Анар уақыт машинасын қайтеміз, онан да сегізінші наурыз - ретро стилінде өткізейікші деп назданады...

... «Қаламқас» вокалды аспапты ансамблі орындаған әйгілі «Досмұқасан» ансамблінің «Жыр жазамын жүрегімнен» әуеніне жалғасқан Стас Наминнің «Мы желаем счастья, Вам» әні сахна шымылдығын ашып, концерттің үн-ырғасын айқындап тастады.

Поззия құдіретін қойсаңшы... қазақ поэзиясына жасындай жарқылдап екпінмен келіп, өткен ғасырдың 60-70 жылдарын қазақ сөз өнерінің алтын дәуіріне айналдырған Жұмекен, Төлеген, Мұқағали, Тұманбай, Қадырдан артық Анаға, Жарға, Қарындасқа кім сөз арнады?! Жомарт, Райымбек, Еділ, Ғани, Бауыржан, Нұржан жеткізген Ұлылардың өлеңі жүректен шығып, жүрекке жетті... ұшқан шыбынның қанатының дыбысы сезілмейтіндей ұйыған тыныштықта көз жасаурап, тамаққа өксік тығылып, жан шымырлады...

... Бесікте – Ана,

бесікте – бөбек:

Бірі тербеледі, бірі тербетеді.

Бал-бөбек былдыр, өсіп те келеді,

Анаға жалғыз, сол жетеді, деп Жомарт Жұмекен Нәжімеденов болып бастап,

 

Райымбек – Қадыр Мырзалиев болып,

 

Алғашқыдәм, ол да сендік сүт еді,

Ақ сүт берген қашан да үміт күтеді.

Отанымның өзі сенен басталып.

Жауларыма жеткен жерден бітеді...

Ғани-Төлеген Айбергенов болып,

 

Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем?

Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен.

Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,

Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.

 

Нұржан мен Бауыржан - Мұқағали Мақатаев болып жалғастырып,

 

Арулар - аяулылар, ардақтылар,

Өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар.

Арулар - тіршілікке күре тамыр,

Өмірді бір-біріне жалғап тұрар.

 

...Әйелдерді еркектерден көп дейді.

Ойбай,

Ойбай!..

Бола берсінкөп, мейлі!

Әйел деген әдемі ғой, әдемі,

Әдемілік бізге көптік етпейді...деп келіп,

 

...Әйелдердің күні дейді бұл күнді,

Бақтар жайнап, сайратады бұлбұлды.

Еркек түгел еркелерге берем деп,

Қолдарына ұстап апты бір гүлді... деп Еділ – Тұманбай Молдағалиев болып түйіндегенде залдың шапалақтан түндігі серпілді...

Поэзияны қанатына ілестірген «Ойл Транспорт Корперейшн» компаниясының жүргізушісі Жаңалық Бисенқұл мен «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкері Сағи Нұртілеу орындаған «Анаға сәлем» әніне көпшілік қосыла шырқап, өміршең әндердің мәңгілік ғұмыры деген осы-ау дескеніміз рас...

«Тұлпармұнайсервис» серіктестігінің операторы Аманғали Қанатов орындаған Рүстем Қоразбаев пен Тұманбай Молдағалиевтың «Анашым», Қаден Құдияров орындауындағы халық әні «Әдемі қыз», «Маңғыстаумұнайгаз» қызметкері Ерғали Махинур орындаған «Тақиялы періште» фильмінен «Кетем-кетем», «Қаражанбасмұнай» қызметкері Марат Оразбаевтың орындауындағы «Миллион алых роз», «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының қызметкерлері Ерлан Базарбаевтың «Өзің, сәулем, іздегенім», Марат Сәулебайдың «Маржан қыз», «Ойл Корперейшн Компани» ЖШС қызметкері Әсет Нұрсебеповтың «Жас қалам», «Казмортранфлот» компаниясы қызметкері Айсұлу Есниязованың «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінен «Көктем вальсі». «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері Гүлнар Көшербаеваның «Бақыт құшағында» сияқтыөзіндік тарихтары бар әндерайтылғанда залдағы көрермен сол заманның қайталанбас атмосферасына енгендей болды. 60-70-ші жылдарда түсірілген кинофильмдердегі әндер мен жанымызға жақын әртістеріміз түскен бейне көріністер сахнада орнатылған ескі телевизордан ақ-қара ленталарда көрсетіліп жатты...

«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының операторы Әлімжан Бөлекбаев «Арман жырым-аруларым» әніне ілесе "Тәрбие" сән үйі қорындағы белгілі модельер Тәрбие Айдынбаеваның қолынан шыққан ғажап әдемі ұлттық киімдермен аққудай керілген «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының сұлу қыз-келіншектері көздің жауын алып, көрермендердің дән ризашылығына бөленді.

Кештің көрігін қыздырған «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының операторы Қайрат Қарабалаев 80-жылдар әндерінен попурриді, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкері Азамат Айтпаев Франк Санатраның «Sway» әнін орындағанда концерт тамашалаушылар өздерін бейне бір әйгілі шоу-бизнес жұлдыздарының концертінде отырғандай сезініп бір серпіліп қалды. Мерекелік концерт «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» акционерлік қоғамына қарасты компаниялар тобының Жас мамандар Кеңесінің мүшелерінің, әуесқой мұнайшы жастарының қатысумен ұйымдастырылды десе біреу сеніп, біреу сенбегендей күй кештік.

Әр әнніңсахналануы концертті «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегізді десе болады. Сонау 60-70 жылдар қырының қырқа белінің астында қалған «Шопырдың әнін» орындаған «Өзенмұнайсервис» компаниясының қызметкері Ауғанбай Тайманов кейіпкерінінң сауыншы қызға деген сезімін жеткізуге Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының әртістері көмекке келсе, «Өзенмұнайгаз» қызметкері Әнес Қарабасов «Мұнайшы қыз» әнін орындағанда аруға деген жауапсыз сезімді «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы жастары Райымбек Түзелов, Нұржан Дүйсенбаев, Еділ Бекмұрат өздерінің актерлік қабілеттерімен айшықтап, көрермендердің қошеметіне ие болды.

... «Менің атым Қожа» фильміндегі «Туған ел» әнімен Ольга Хникина жетекшілік ететін «Радуга» балалар студиясы балдырған әншілерімен қосылып «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің ұл-қыздары кешті өз мәресіне жақындатса, мерекелік кештің жоғары деңгейде өтуіне бір кісідей атсалыс­қан «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-ға қарасты өңіріміздегі мұнай-газ компаниялары Жас мамандар Кеңесі мүшелері – өнерпаздар «Тақиялы періште» фильміндегі «Ана» әнімен,

Еселі еңбек, өнер болған сыңары,

Жас мұнайшы – әркез биік тұрады.

«ҚазМұнайГаз» тек мұнайдың көзі емес –

Ол - өнердің, ол - жігердің бұлағы!

 

Жеткізеді шыңдарға «ҚазМұнайГаз» жастары,

Жазылады тарихқа мұнайшылар дастаны.

Аға буын – апалар, кіші буын – қарындас,

Ашық болсын әрдайым еліміздің аспаны!

-деген жыр жолдарымен көпшілікке тағзым етті.

... Шымылдық түсірілді. Концерт аяқталды. Жан жадырататын шуағы мен нұр-шапағатын ала келген көктемнің алғашқы мерекесіне ерекше дайындалған мұнайшылар тарапынан әйелдер қауымына осылайша әсерлі де әдемі кеш сый­ланды...

Ерекше айтып өтетін жайт, кештің әсерлі өткізілуіне бірден бір мұрындық болған Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының бас режиссеры Гүлсина Мерғалиева мен театр актерларына, сондай-ақ «Тұлпарсервис» серіктестігінің қызметкері Нұрлан Битанмен қосылып ән салып, кештің сәнін келтірген Мұрат Өскінбайұлы атындағы облыстық филормониясының әншісі Кәмшат Ізтілеуова, «Бэга Дэнс» би тобына, «Радуга» балалар студиясы, «Ритм Гёльз» тобы жетекшілеріне өнерпаздардың алғысы шексіз.

Мерекелік кеш аяқталғасын концертті тамашалаған мұнайшы-ардагер аналар мен компаниялар әйел қызметкерлері 8 наурыз қарсаңында көңілдерін көтеріп, шаттық сезімге бөлегендері үшін ұйымдастырушыларға алған әсерлерімен бөлісіп, алғыстарын жаудырып жатты.

– «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы ұйымдастырған ме­рекелік концерт өте жоғары деңгейде өтті. Сахнада ән-күй орындап, өлең оқыған мұнайшылардың өнеріне тәнті болдық. Екі сағат өткен кеште уақыттың қалай өткенін білмей қалдық. «Маңғыстаумұнайгазға» сервистік қызмет көрсететін «Ойл транспорт корпорэйшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2007 жылдан бері жұмыс жасаймын. Біздің серіктестікте менімен бірге ауысымда 10-ға жуық әйел адам жұмыс жасайды. Ұйымдастырушыларға бүгінгі сый-құрметке алғыс айтамын. Мереке құтты болсын! – деді «Ойл транспорт корпорэйшн» ЖШС-ның аға диспетчері Ботакөз Ажханова.

... Мерейлі мерекеде сүйіспеншілік пен іңкәрлік, сұлулық пен махаббат, қайырымдылық пен ақылдың бар болмысын бойына сіңірген әйелдер қауымы ыстық ықыласқа, шат-шадыман көңілге тоқ сезімде тарап жатты...


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту