"Көзің барда Маңғыстауды көріп қал".
Әбіш Кекілбаев.
Адамның адам көңілін аулап, қас-қабағына қарауды бесігінен берік ұстанып, ашылған құшақ, төгілген тілекпен өмір сүруді – тіршіліктің салтына айналдырған. Жылы сөз, ақ бата, арлы әрекет, имандылық пен әділ шешім, шыншыл уәде, селкеусіз сертті – әрбір қазақ табиғатынан Кісіліктің туы етіп ұстаған. «Бір күн дәмдеске қырық күн сәлем», «Бір қазаннан дәм татқан – бір туғаннан несі кем?», «Қазаны біргенің амалы бірге», т.с.с. татулық пен бірлікке, құт-береке, тоқшылыққа, жасампаздық пен жан тазалығына үндейтін ұлттың ұлы мейрамы әне-міне дегенше келіп жетті.
Қыстан қалжырап шыққан қазақ жаздан жақсылық пен молшылық тілеп, таң рауандап атысымен ағайын-туыс, жекжат-жұрағатпен көрісіп, бір-біріне аман-есендік тілеп, мәре-сәре болады. Қазақтың үйге келген қонаққа: «Наннан ауыз ти, ағарғаннан ауыз ти» деп қиыла қарағаны – «Барымды бөлісіп, бауыр болғым келеді» дегені ғой. Осы ақ-адал дәстүрді жөргекте жатып-ақ жадымызға тоқып, есейе келе ол Маңғыстауға деген махаббатымызды арттырды. Амал келді, жыл келді!
Амал мерекесін "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамының ұжымы бүткіл сән-салтанатымен қарсы алды. Таңның атысы кең ғимараттың фойесі ақжарма тілек, ыстық-ықыласқа толды. Көл көсір дәмді ырыс үзілмегей деген ырыммен жайып тастаған дастарханды әсем қыз-келіншектердің қабағына қарап тойғандайсың. Бүрмелі көйлек, оюлы қамзолын киіп, шашақты орамалын әдемілеп салған арулардан көз сүрінеді. Жүрек жылиды. Өткен жылдағы өкпе-реніштерін ұмытып, мәре-сәре. "Жаңа жылыңмен" деген жадыраңқы жүз. Ағыл-тегіл, көл-көсір қуаныш. Бір бірімен қол қауыштырып, құшақ жайысқан әріптестер сағат 9.00-дан аса ұйымдасқан түрде ғимараттың мәжіліс залын толтырды.
Басқарма басшысы Бақыт Иманбаев, Пэй Цзяньшэн және "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Айдынов жиналған жұртшылықпен көрісіп, ұжымды амал мерекесімен құттықтады:
– Құрметті әріптестер! Барлықтарыңызды келіп жеткен Амал мерекесімен құттықтаймын. Халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған. Олай болса, Амал мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін,амалдан амалға аман жетейік,- деген ізгі тілек арнады.
Биылғы Амалдың өзге жылдан ерекшеленгені - Маңғыстауда өнер сапарымен жүрген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, сазгер Елена Әбдіқалықованың сүйікті көрермендерімен жүздесуі болды. Алыстан Ақтау шахарына арнайы келген талантты композитор, танымал орындаушы Светқали Нұржанның сөзіне жазылған "Маңғыстау", М.Мақатаевтың сөзіне жазылған "Есіңе мені алғайсың", өзінің "Көздеріңе ғашықпын", "Мені біреу сүйсе деймін жәй ғана" атты әсем әндерін шырқап, бүгінгі Амалдың абыройын асырды.
***
Мұнайшылар жыл басымен қауышты
Жер-дүние жаңарып, күн мен түн теңеліп, шадыман шаттығын ала келетін көктем мерекесі – Ұлыстың ұлы күнін тойлауды дәстүрге айналдырған «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы биыл да Әз-Наурызды кең көлемде тойлап, ізгілік мен татулық, ынтымақ пен ырыс бастау алатын жыл басымен қауышты.Бейбітшілік пен құт-берекенің арқауы болған Ұлыстың ұлы күнінде «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасындамерекеге лайықталған сахна құрылып, киіз үйлер тігіліп, қазан-ошақ асылып, кең дастархан жайылды.
Думанды тойда арнайы жұмыс киімін ұлттық киімдерге алмастырған мұнайшылар иық түйістіріп, қол алысып көрісіп, «Амал оң болсын!», «Жыл құтты болсын!», «Ұлыстың ұлы күнімен!» деп бір-бірін құттықтап жатты. Мерекелік көңіл- күймен думандатқан ауыл тұрғындарын, мұнайшыларды, сала ардагерлерін құттықтау лебіздері айтылды. Жетібай ауылының әкімі Қуаныш Асанов, Мұнайшы ауылының әкімі Руслан Джулбаев Қарақия ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып отырған «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының ұжымына зор алғысын білдірді. Еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесімен құттықтап, жер байлығын ел игілігіне айналдырған мұнайшылардың еңбегіне табыс, отбасыларына бақ-береке тіледі.
– Құрметті, ағайын, мұнайшылар! Сіздерді тарихи тамыры тереңге бойлаған Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! Ақ пейіл жұртымыз бұл күні ақ дастархан жайып, ақ тілекпен қарсы алып, елдің тыныштығын, халықтың ынтымағын тілейді. Күн мен түн теңеліп, қыстың көбесі сөгіліп, жер - дүние жаңаратын жаңа жыл басы елімізге молшылық пен құт-береке, ырзық-несібесін ала келеді. Ұлан- байтақ Қазақ елінің халқы жеті түрлі дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, Ұлыстың ұлы күнін тойлайды. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезіп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Ұлттық құндылықтарымызды бағалау, егемендігімізді қадірлеу және халықтың тұтастығы мен бейбітшілігіне ұйытқы болатын бірден- бір мереке – Наурыз мейрамы құтты болсын, халайық! Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа жыл басымен қауышайық! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін!, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев.
Жиылған қауымды «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Айдынов құттықтап, ақжарма лебіздерін жеткізді. Салтанатты сәтте қара алтынды халық игілігіне жаратуда жарқын еңбектің үлгісін көрсеткен мұнайшылар «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапатталды. Ел ырыздығын еселеуде жемісті қызмет еткен бірқатар еңбек адамдарына құрмет көрсетілді.№1 мұнай және газ өндіру цехының операторы А.Жұмсақов, №2 мұнай және газ өндіру цехының 2 санатты геологі Ж.Бекбосинова, №3 мұнай және газ өндіру цехының операторы Ұ.Жукубалиева, ғылыми-зерттеу және өндіріс жұмыстары цехының үшінші дәрежелі ұңғымалар өнімділігін өлшеушісі Е.Қуатқанов, қабат қысымын ұстау цехының 2 санатты геологі А.Даугескенов, №1 мұнай және газ өндіру цехының жөндеуші-слесарі Н.Абдуллаев, газ дайындау, тасымалдау және газ шаруашылығын пайдалану цехының төртінші дәрежелі газбен кесушісі Қ.Құлмағамбетов, әкімшілік-шаруашылық бөлімінің машинка басушысы Г.Әмреева, мұнаймен ластанған топырақты жинау және тазалау учаскесінің мұнай тазалаушысы Ш.Мухамедамин «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
– Менің «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында еңбек еткеніме 40 жылға жуық уақыт болды. Мұнайшы мамандығын бітіргелі бері осы кен орнында оператор болып жұмыс жасаймын. Ұлыстың ұлы күнінде ұзақ жылғы еңбегім еленіп, басшылық тарапынан алғысқа ие болғаныма қуаныштымын. Өндірісте қол жұмысын қажет ететін кезеңнен өттік. Қазір жұмысымыздың басым көпшілігі автоматтандырылған жүйеге көшті. Кейінгі буын жастарға біздің абыройлы жолымызды берсін. Барша әріптестерімді Наурыз мерекесімен құттықтап, еңбектеріне жеміс, отбасыларына бақ-береке тілеймін, – деді «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты №2 цех мұнай-газ өндіру цехының операторы Гүлсім Тоқтасынова.
Елімізге белгілі «Тамаша тарту» театры әртістерінің жарасқан әзіл-қалжыңы мен әншілердің әуелеген әні көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекенің сән-салтанатын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы өнерпаз жастарының концерттік бағдарламасы аша түсті. Қайрат Қарабалаев, Сәндібек Сариев, Махинур Ерғали, Қайрат Аманқосов, Еділ Бекмұрат, Талғат Жакыпов, Айбек Жұрымбаев, Азамат Айтпаев секілді мұнайшы-жастардың өнерін айтпай кетуге болмас.
Жергілікті өнерпаздар мен мұнайшылар әсем әннен шашу шашып, күмбірлетіп күй тартып, мұнайшылардың көңілін бір серпілтіп тастады. Ұлыстың ұлы күнін мерекелеген жұртшылық қаз-қатар тігіліген киіз үйлерге түсіп, ұлттық тағамдардан дәм татты. Алаңда арқан тарту, тоғызқұмалақ, қол күресі және тағы да басқа ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтіп, мерекенің шырайын келтірді.
«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Бақтыгерей Алтыбайұлының айтуынша, Жетібай кен орнында өткен жылы 2 млн.185 мың тонна мұнай өндірілсе, биыл 2 млн. 285 тонна қара алтын шығару жоспарланған. Осындай еңбек тартуын межелеген өндірістік басқармада күніне 6 мың 200 тонна мұнай өндіріледі.
«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы №3 мұнай-газ өндіру кәсіпшілігіне қарасты Асар кен орнының мұнайшылары да Наурызды мерекеледі.Ақшам уақытынан аса, Асар кенорнына бет түзеген өнерпаздар кешкілік жұмыстан қайтқан мұнайшыларды құшақ жая қарсы алды. Әсем ән тыңдап, сатираның саңлақтарын көрген асарлық мұнайшылардың қуанышында шек болған жоқ.
Салтанатпен сән құрған сахнада «Тамаша тарту» театрының әртістері мен мұнайшы өнерпаздар әсем ән шырқап, өлең оқып, мұнайшылардың көңілін сергітті.
– Бүгінде Асар кен орнында вахталық әдіспен 86 мұнайшы жұмыс істейді. №3 мұнай-газ өндіру кәсіпшілігіне қарасты 170 ұңғы болса, оның 120-ы жұмыс жасап тұр. Өткен жылы №3 мұнай-газ өндіру кәсіпшілігі жоспарды 80 мың тоннаға артығымен орындады. Биылғы жоспар бойынша мұнайды 60 тонна артығымен орындап келеміз. 2016 жылы 15 ұңғы, жыл басынан бері 3 ұңғы бұрғылаудан шықты. Асар кен орнында тәулігіне 1300 тонна мұнай өндіріледі. Осында 3 корпустық жатақхана мен асхананың құрылысы басталды. Барша мұнайшыларды ырыс-құт, молшылығын ала келетін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Алдағы уақытта да осындай қызу еңбек қарқынын жалғастырып, артылған сенімнің үдесінен шығуға тырысамыз, – деді «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы, №3 мұнай-газ өндіру кәсіпшілігінің басшысы Сағыныш Тастығараев.
Дәл осындай думанды той Бозашы түбегіндегі «Қаламқас» кен орнында атап өтілді. Наурыз мерекесіне лайықталған сахна құрылып, тігілген киіз үйлерде мол дастархан жайылды. Өңірде мұнай-газ саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар мұнайшылар Аудан әкімінің, Басқарма басшыларының Алғыс хатына ие болса, спортқа ебі бар жастар қазақша күрестен, арқан тартыстан, қол күресі мен гір тасын көтеруден сайысқа түсті. Әсіресе, аймақтық қазақ күресіне қызығушылық танытқандардың қатары қалың болды. Өз мекемесінің намысын қорғауға келген палуандардың бозкілемде белдесуі делебені қоздырды 75 келі салмақ дәрежесінде Шебір ауылының тұрғыны Мырзағалиев Елдос ІІІ орынға ие болса, «Semser Security» ЖШС қызметкері Саятов Бауыржан ІІ орынды еншіледі. Ал, түйе палуан атағын «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ жұмысшысы Сейтов Айболат жеңіп алды. Гір тасын көтеруден «ОСК» ЖШС мекемесінің қызметкері Қанатбаев Еркебұлан үздік деп танылса, жүлделі II-орын Қауіпсіздік қызметінің жұмысшысы Нағыбаев Бақтыбайдың еншісіне тиді. III-орынды Бекбосинов Бауыржан иеленді. Сондай-ақ, арқан тарту, қой көтеру сайыстарынан Айжарықов Серік, Саятов Бауыржан, Теменов Нұрбол жеңіс тұғырынан табылды.
Түс ауа жұртшылық ақшаңқан киіз үйлерден дәм татып, әні мен сәні, ажары мен базары тарқамаған мерекеден бір-бірін қимай қоштасты.
Бұл күні мұнайшылар әсем әннің толқуында би билеп, мерекелік дастарханның сыйлы қонағы болды.
***
Ыстық ықыласқа бөленген күн
Қазыналы Маңғыстау жұрты үшін қасиетті топырағына сонау ғасырлармен сіңісіп, бұқараның басын қосып, жұртшылықты жарастырған Ұлыстың Ұлы күнінің басы – Амал мейрамы. Көрісу салты - аймағымызда қаймағы бұзылмай келе жатқан дәстүр. Ата-бабадан келе жатқан бұл игі дәстүрдің «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының қызметкерлері үшін де орны ерекше, 14 наурыз күні компания қызметкерлері бір - бірімен арқа - жарқа көрісіп, мәре - сәре болды.
Cол күні компания Көлік департаментінің Ақтау автопаркі қызметкерлері жұмысқа таң сәріден шықты, мақсаттары жұмыс алдында ұжымдастармен көрісіп қалу еді. Ақтау автопаркінде аға буын кішілерге ақ батасын берсе, кішілер ілтипатпен құрметін көрсетіп жатты. Қалай үлгерген десейші, ұлттық киімін киіп сәнденген автопарк қыз-келіншектері қонақжай қазақтың кең пейіліндей дастархандарын жайып, тағамдардың түр түрін дайындап қойған екен.
Дастарханға жиналған жүргізушілерді көлік департаменті мен автопарк басшылығы бүкіл исі қазақ асыға күткен жаңарудың ұлы мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін айтты. Наурыздың күн шуағымен келген осы мереке жүргізушілер ұжымының ынтымақ-бірлігінің, сыйластығының көрінісі болды.
18 наурызда Өндірістік департаменті бас механигі бөлімі орталық өндірістік қызмет көрсету базасының ұжымы да Ұлтымыздың Ұлы күні болған, көңілге шат-шадыман күй сыйлайтын, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында елдің аузын аққа тигізіп, мәз-мейрам ететін Наурыз мерекесін атап өтті.
База алаңында үлкен ақ киіз үй тігіліп, мол дастархан кеңінен жайылды. Қызыл қуырдақ қуырылып, ет асылды. Мереке бағдарламасы көлемді ұйымдастырылған екен. Орталық база цехтары арасында футболдан жарыс өтті. Ұлттық спорт түрлері де болды. Әсіресе, әйелдер арасында және ерлер арасында арқан тартысу ойыны қызықты өтіп, мерекеге жиналған адамдардың көңілін көтеріп бір серпілтіп тастады.
Мереке аясында өткізілген әйелдер арасындағы ұлттық киімдер байқауы да әсерлі болды. Байқаудың көрермендері - база қызметкерлері қатысушыларды қызу қолдап, ақ тілек, ақ алғыстарын жаудырып отырды. Қазылар алқасы барлық қатысушы қыз келіншектерге алғыс айтып, рахметтерін арнады.
Өткізілген ойындар жеңімпаздарына база басшылығы атынан арнайы сыйлықтар табысталды.
Өндірістік департаменті бас механигі Ғарифолла Ищанов ұжымды құттықтап «Ұлыстың ұлы күні баршамыз үшiн жақсы бастамалардың, жарқын ойлардың, игi iстердiң күнi болсын» - деп тілегін айтты. Сонан соң, кезек табысты еңбектерімен еленген ұжым мүшелерін марапаттау рәсіміне ұласты. Ғарифолла Нығаметұлы темір жонушы Өмірбек Боранбаевқа «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасын, ал электр-газбен дәнекерлеуші Нәби Әділов пен темір жонушы Марат Ерғалиевке Компания басқармасының Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыстады.
Мерекеде домбырамен ән-жырлар айтылып, эстрадалық әндер ырғағына би биленді. Осылайша мереке күні орталық өндірістік қызмет көрсету базасы ынтымақ пен бірлік, ыстық ықылас пен ізгілік жарасқан әдемі мерекенің ордасына айналды десек артық айтпаған боламыз.
|