Компания тынысы
Маусым айының 1 жұлдызы – Халықаралық балаларды қорғау күні «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жас мамандар кеңесі үшін әдеттегідей қызу қарқынмен өтті. Бұл жолы жас мамандар «Айналаға мейірім шаш» деген атаумен өңірдегі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мекемелер тәрбиеленушілері арасында өткен дәстүрлі облыстық шығармашылық фестиваліне ат салысып, қатысушы балдырғандарға компания атынан сыйлықтар тапсырды.
Сәуір айында бастау алған бұл шара екі кезеңнен құралып, алғашқысында балалар қолөнер бойынша сайысса, екінші кезеңде театрландырылған көріністерімен актерлік шеберліктерін ортаға салған. Бұл жолғы фестивальдің бір ерекшелігі - бүлдіршіндер сахнаға ата-аналарымен бірге шығып өнер көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, мұндай қадам ерекше күтімді қажет ететін балалар мен олардың ата-аналары үшін өте маңызды. Ол жанұяның ауызбіршілігінің нығаюына және балалардың қоғамдағы белсенділігіне жол ашады.
Фестивальға 200-ге жуық бала қатысқан. Бірінші орынды облыстық балалар психоневрологиялық интернат-үйінің тәрбиеленушілері жеңіп алды. Десек те, өзге қатысушыларды да жеңілді деуге болмайды, өйткені балалардың намысқа тырысып, жігерін қайрап, жүзден жүйрік шығамын деп өмірге құштар болуының өзі бір жеңіс!
Шараның жоғары деңгейіне куә болған компания жастары оны ұйымдастырған «Луара» қайырымдылық қоры жетекшілеріне, сондай-ақ балалардың дайындығын шыңдаған ұстаздар қауымының кәсіби шеберлігіне тәнті болып қайттық. Көңілдің гүлі, көздің ңұры болған балапандарымыз аман болғай!
Ғ.Әбдісадық |